Ауыл медицинасының жаңа бетбұрысы
Ауыл тұрғындарына медициналық көмек көрсету үшін жайлы жағдай жасалуы керек. Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау вице-министрі Тимур Мұратов өңірге жұмыс сапары барысында жауаптыларға осындай тапсырма берді.
Жексенбі күні Тимур Мұратов Президенттің тапсырмасымен жүзеге асып жатқан «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында салынып жатқан медициналық нысандардың құрылыс барысымен танысты. Алға ауданының Тоқмансай ауылында күн сайын 25 адамды қабылдауға қауқарлы жаңа медициналық пункттің ашылуы – осы бағдарламаның нақты нәтижелерінің бірі.
Бұған дейін жергілікті дәрігер 300-ге жуық ауыл тұрғынына ескі ғимаратта қызмет көрсетіп келген. Ауыл тұрғындары үшін жаңа пункттің ашылуы үлкен көмек болмақ. Заманауи стандарттарға сай салынып жатқан нысанда жалпы практика дәрігерінің кабинетімен қатар, процедуралық бөлме, күндізгі стационар, дәріхана пункті және медициналық құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етілген бөлімдер қарастырылған.
Медициналық пункттің құрылыс жұмыстары аяқталуға жақын, және нысан желтоқсан айының басында халық игілігіне берілмек. Ауыл тұрғындары бұл жобаның маңыздылығын жоғары бағалап, жаңа медициналық пункттің ашылуын асыға күтуде.
Вице-министр құрылыс барысымен танысып, медициналық мекеменің болашақ қызмет сапасына байланысты барлық мәселені жеке бақылауына алатынын атап өтті. Оның пікірінше, әрбір медициналық мекеме өзінің миссиясын толыққанды орындауы үшін материалдық-техникалық базасы ғана емес, тұрғындарға қызмет көрсету деңгейі де жоғары болуы тиіс.
Мадина ТАЖИБЕКОВА