Бестамақтағы игі істер

Бестамақ ауылында ел игілігі үшін жасалып жатқан жұмыстардың тағы бір көрінісі «СинеМидасСтрой» ЖШС тарапынан жүзеге асырылған әлеуметтік нысандарға арналған жол жабындыларын төсеу бастамасы. Ауыл тұрғындарының өмір сүру жағдайын жақсартуға бағытталған осы шаралар ауылдағы қоғамдық және білім беру мекемелерінің аумағын жақсартуды көздейді.

Ең алдымен, Бөкенбай батыр көшесінің бойында орналасқан «Адося» жеке балабақшасының алдына автотұрақ (парковка) үшін асфальт төселді. Бұл ата-аналардың күнделікті тұрмыстық қиындықтарын жеңілдетуге ықпал етіп, балаларын балабақшаға тасымалдауда қолайлы жағдай туғызады.  Кейінгі кезекте «СинеМидасСтрой» ЖШС-нің көмегімен Бестамақ орта мектебінің ауласына асфальт жабындысы төселді. Мектеп ауласына төселген бұл асфальт жабындысы оқушылар мен мұғалімдерге жайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыруға мүмкіндік бермек. Оқушылардың мектеп ауласында еркін қозғалып, мектепке барар жолында балшық пен шаңсыз жүріп-тұруына жағдай жасалды.

Бұдан бөлек Бестамақ «Болашақ» балабақшасының кіреберісіне, 6 метрлік жерге қосымша асфальт жабындысы төселіп, кіріп-шығу жолдарын барынша ыңғайлы етіп жасау қолға алынды.

«СинеМидасСтрой» ЖШС жалпы көлемі 8 млн теңге көлемінде демеушілік көмек көрсетіп, Бестамақ ауылдық округінің сұранысына дер кезінде жауап берді. Компанияның басшылығы ауылдағы әлеуметтік нысандардың жағдайын жақсартуға бағытталған осы бастамаларды өз мойнына алып, ел игілігіне маңызды үлес қосты.

P.S: Бөкенбай батыр көшесінің ұзындығы 1 шақырым 300 метрді құрайтын негізгі жолына асфальт төсеу жұмыстары да басталып кетті. Қазіргі таңда жол төсеу жұмыстары қарқынды жүріп жатыр, бірақ толық аяқталмаған. Бұл жұмыс Бестамақ ауылындағы басты көшелердің бірін жақсартып, ауыл тұрғындарының қозғалысын барынша ыңғайлы етуге бағытталған. Жобаның жоспарлау жұмысын да осы «СинеМидасСтрой» компаниясы атқарды.

 

Мадина ТАЖИБЕКОВА