Білімді шыңдау кәсібиліктің белгісі
22 сәуір — 3 мамыр аралығында Алға ауданы бойынша көркем еңбек және бейнелеу өнері пәнінің мұғалімдеріне арналған «Дизайн және көркемдік модельдеу саласында мұғалімдердің кәсіби құзыреттілігін арттыру» тақырыбында курс өтуде. Курста 24 мұғалім қамтылған.
Екі аптаға созылған курс барысында ұстаздар өздерінің бірнеше жыл бойы жинақтаған тәжірибелерімен бөлісіп, пікір алмасып, біліктіліктерін арттыруда. Аудан ұстаздарына Ақтөбе қаласындағы «Өрлеу» кәсіби даму институтынан Бұхарбаев Болат Қайроллаұлы дәріс оқыды.
Курстың мақсаты — дизайн және көркемдік модельдеу саласында бейнелеу өнері мен көркем еңбек пәні мұғалімдерінің кәсіби құзыреттілігін, сондай-ақ шығармашылық қабілеттерін дамыту.
Сонымен қатар курс барысында 24 сәуір күні №4 Алға қазақ орта мектебінде көркем еңбек пәнінің мұғалімдері Т.Голубничая, В.Маркова, Б.Абдуллина, К.Тырнакова, А.Сейдалиевтің, ал 30 сәуір күні Алға мектеп гимназиясында Г.Еркусимова, Г.Бекет, З.Кашкинбаева, М.Тәжіғали, С.Аязбаев, М.Жолдыбаев, Г.Жусупова, Л.Бондаренконың қатысуымен семинар өтіп, мұғалімдер өзара сабақ берудегі әдіс-тәсілдерімен бөлісті.
Курстың өту барысында ұстаздар ашық сабақтар өткізіп, көрмелер ұйымдастырған болатын. Педагогтарға бұндай жаңашылдыққа толы курстың берері өте зор. Алған тәжірибелерін алдағы уақытта сабақтарында пайдалана отырып, жаңа қырынан танылатыны сөзсіз. Қолөнерге, сурет салу өнеріне бейім шәкірттеріне үйретері көп болады. Курс соңында қатысқан барлық ұстаздар ұйымдастырушалыға ризашылығын білдірді.
«Өнер тамған он саусақ – таусылмайтын ырысың» деп дана халқымыз айтқандай, шәкірттерін қолөнерге және сурет салу өнеріне баулып, үйретуден жалықпай жүрген ұстаздарымыздың еңбегі табысты болсын демекпіз.
Марал Жалғасқызы