БІРЛІК ПЕН ТҰРАҚТЫЛЫҚТЫҢ ТҰҒЫРЫ — КОНСТИТУЦИЯ

Облыстық ардагерлер кеңесінде Конституцияның жаңа жобасының маңызы мен мазмұнын кеңінен насихаттауға арналған тағылымды жиын өтті. Келелі басқосуда ел дамуының берік негізіне айналған Ата Заңның қоғам өміріндегі айрықша рөлі жан-жақты сөз болды.

Жиынды ашқан облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Шаңғұтов өз баяндамасында Конституция мемлекетіміздің құқықтық іргетасы екенін атап өтті. Ол Ата Заңның әрбір азаматтың құқығы мен бостандығын қорғап, елдегі тұрақтылық пен келісімді сақтаудағы орнына ерекше тоқталды.
— Конституция — Тәуелсіздігіміздің тұғыры, мемлекетіміздің бағыт-бағдарын айқындайтын басты құжат. Онда қоғам мен мемлекеттің өзара жауапкершілігі, заң үстемдігі, адам құқығының қорғалуы нақты көрініс тапқан. Ата Заң талаптарын құрметтеу — әр азаматтың парызы, — деді Серік Шаңғұтов.
Басқосуда облыстық мәслихат депутаты, Қазақстан халқы Ассамблеясы облыстық филалы төрағасының қоғамдық орынбасары Сергей Вишняк та сөз алып, Конституцияның ел бірлігін бекемдеудегі мәніне тоқталды. Ол өз сөзінде Ата Заңның «Біз біртұтас Қазақстан халқы» деп басталуының өзі терең мағынаға ие екенін айтты.
— Конституцияның алғашқы жолы — біздің басты құндылығымызды айқындайтын ұлағатты ұстаным. Бұл — ұлтқа, тілге, дінге бөлінбейтін, тағдыры бір, болашағы ортақ халық екеніміздің айғағы. «Біз біртұтас Қазақстан халқы» деген сөздер ел ішіндегі татулық пен келісімнің, өзара құрмет пен жауапкершіліктің берік негізін қалайды. Бірлігіміз бекем болса ғана мемлекетіміздің дамуы да қарқынды болмақ, — деді Сергей Вишняк.
Кездесуде прокуратура саласы облыстық ардагерлер ұйымының төрағасы Рақымжан Жұмағұлов та сөз сөйлеп, Конституцияның заң үстемдігін қамтамасыз етудегі рөліне тоқталды.
— Ата Заң — барлық заңның бастауы. Құқықтық мемлекет құру жолында әрбір норма мен әрбір шешім Конституция талаптарына сай болуға тиіс. Заңға құрмет — қоғамға құрмет. Сондықтан Конституция қағидаларын сақтау — ортақ жауапкершілік, — деді ол.
Басқосу барысында ардагерлер ел дамуының жаңа кезеңінде Конституция қағидаттарын кеңінен түсіндірудің маңызын атап өтті. Олар жас ұрпаққа заңға құрмет, Отанға адалдық, азаматтық жауапкершілік құндылықтарын сіңіру бүгінгі буынның міндеті екенін жеткізді.

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.