BusinessGO – бизнеске қолдау: Ақтөбеде Палата мен Halyk Bank ынтымақтастықтың жаңа бағыттарын айқындады

Ақтөбе облысының кәсіпкерлер палатасында Палата директоры Дидар Боранқұлов пен Halyk Bank облыстық филиалының директоры Жанна Майкопованың жұмыс кездесуі өтті.

Кездесу барысында тараптар кәсіпкерлер үшін тікелей маңызы бар ынтымақтастық бағыттарын талқылады. Атап айтқанда, бизнес-жобаларды іске асыруға жәрдемдесу, қаржылық құралдардың қолжетімділігі, қолдау шараларына, соның ішінде «Іскер аймақ» бағдарламасына қатысу, сондай-ақ бизнес өкілдеріне кеңес беру және олардың қаржылық сауаттылығын арттыру мәселелері қаралды.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар бірқатар өзара уағдаластықтарға қол жеткізді. Halyk Bank тарапынан Палатамен одан әрі өзара іс-қимылды жалғастыруға және өңір кәсіпкерлерін қолдау бағытындағы бірлескен жұмысты күшейтуге дайын екені айтылды.

«Біздің Палатамен ынтымақтастығымыз барынша практикалық сипатта болып, кәсіпкерлерге бизнесті дамыту үшін қосымша мүмкіндіктер бергеніне мүдделіміз. Бұл ретте құзыреттер мен ресурстарды біріктіру маңызды. Палата бизнестің сұранысын жақсы түсінеді, ал банк қаржылық құралдар мен банктік шешімдерді ұсына алады. Мұндай синергия кәсіпкерлерге тиімдірек қолдау көрсетуге және олардың жобаларын іске асыруға көмектесетініне сенімдімін», – деді Halyk Bank облыстық филиалының директоры Жанна Майкопова.

Кездесудің маңызды бөлігі – банк командасына ҚР ҰКП «Атамекен» әзірлеген жаңа цифрлық экожүйе – BusinessGO платформасының таныстырылымы болды. Платформа өңірлерде кезең-кезеңімен енгізіліп, кәсіпкерлерге бизнесті жүргізу және дамыту үшін қажетті сервистер мен мүмкіндіктерге бірыңғай цифрлық кеңістікте қол жеткізуге мүмкіндік береді.

Тараптар BusinessGO платформасын Ақтөбе облысының кәсіпкерлері арасында ілгерілету бойынша да өзара ынтымақтастық орнатуға келісті.

«Бүгінде кәсіпкерге тек қаржылық ресурс қана емес, сонымен қатар қолдау мүмкіндіктері бойынша түсінікті навигация қажет. Сондықтан біздің міндетіміз – қаржы институттарымен кәсіпкерге кешенді қолдау көрсетілетіндей серіктестік орнату. Яғни кеңес беру мен оқытудан бастап, қолайлы қаржыландыру құралын таңдауға және жобаны іске асыруға дейін сүйемелдеу маңызды», – деп атап өтті Ақтөбе облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Дидар Боранқұлов.

Осылайша, Палата мен Halyk Bank арасындағы өзара іс-қимыл бірнеше бағыт бойынша жалғасады. Оның ішінде қаржылық және консультациялық қолдау, кәсіпкерлердің қаржылық сауаттылығын арттыру, сондай-ақ заманауи цифрлық шешімдерді, соның ішінде BusinessGO платформасын кеңінен таныту жұмыстары бар.