Дәстүрді жалғастырған педагогтер әулеті
«Ұстаз – ұлағатты есім», «Ұстаздық – ұлы жол» дейді халық даналығы. Адам баласын алға жетелейтін екі күш бар: бірі – ата-ананың тәрбиесі, екіншісі – ұстаздың тағылымы. Шәкіртінің жүрегіне ізгілік дәнін егіп, білімнің сәулесін түсірген жанның орны әрқашан биік. Ал бұл қасиетті жолды бір ғана адам емес, тұтас әулет жалғастырса – ол ел тарихындағы мәңгілік өнеге. Алға ауданында да осындай парасатты әулет бар. Ол – Кангужин Таңжарбай ағайдың педагогтар әулеті. Олар «Білімдіге дүние жарық» деген ұғымды айғақтап, ұстаздықты өмірінің шамшырағына айналдырған әулет.
Кангужин Таңжарбай Зұлқарнайұлы 1938 жылдың 6 қазанында Ақтөбе облысы, Алға ауданы, Ерназар ауылында дүниеге келген. Жастайынан зерек, білімге құштар болып өскен ол 1953 жылы ауыл мектебінің 7-сыныбын аяқтап, Ақтөбе педагогикалық училищесіне оқуға түседі. Бұл білім ордасын үздік тәмамдағаннан кейін, өзінің туған жерінде алғашқы ұстаздық қадамын бастайды.
«Ұстаз – шамшырақ, шәкірт – шырақ» десек, Таңжарбай ағай өмірін түгелдей осы шамшырақтың жарығын жағып өтуге арнаған. 38 жыл бойы ауданымыздың бірқатар ауылында ұстаздық етіп, мектеп директоры мен орынбасары қызметтерін атқарып, сан мыңдаған шәкіртке білім мен тәрбие берді.
1957-1960 жылдары әскер қатарына шақырылып, Владивосток қаласында Отан алдындағы борышын өтеді. Әскерден кейінгі жылдары еңбекке бұрынғыдан да құлшына кірісіп, мұғалім ғана емес, ұйымдастырушы, бағыт-бағдар беретін көшбасшыға айналды.
Еңбек пен ерлікке толы ұстаздық жылдар
1960-1966 жылдары Ерназар мектебінде мұғалім болып жұмыс істеп, жас ұрпаққа қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ береді. Мектепте жұмыс жасап жүріп сырттай Орал педагогикалық институтын тәмамдап, кәсіби білімін жетілдіреді.
Білімді болу – бәрінен бұрын адам болуға жетелейтін қасиет. Өзі таңдаған мамандықты жан-тәнімен беріліп жұмыс жасауының арқасында 1969 жылдан бастап бірқатар мектептерде басшылық қызмет атқарды. Атап айтсақ, Токмансай орта мектебінде директордың орынбасары, Бессарабка, Новосергеевка, Ключевой мен Петровка мектептерінде директор қызметін атқарады.
Таңжарбай Зұлқарнайұлы ұжымға жаңа серпін беріп, оқу-тәрбие ісін жандандырып, тәртіп пен ынтымақ орнатуға тырысқан. «Жақсы басшы – ұжымның айнасы» демекші, Таңжарбай ағайдың іскерлігі мен адамгершілігі оның ұстаздар арасында беделін арттырғаны сөзсіз.
Ұстаз еңбегінің ең үлкен бағасы – шәкіртінің жетістігі. Шәкірт жүрегіне біліммен қоса ізгілік нұрын себу кез келген педагогтің қолынан келе бермейтін ұлы өнер. Таңжарбай ағайдың шәкірттері тек білім алып қана қоймай, адалдықты, еңбекқорлықты, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетуді үйренді. «Ұстаздан шәкірт озар» демекші, оның тәлімін көріп, тәрбиесін алған шәкірттері бүгінде түрлі салада абыройлы қызмет етіп жүр.
Кәсіби қызметінен бөлек, тек шәкірттеріне білім беріп қана қоймай, сол ауылдың ақсақалдар кеңесінің «зиялы қауым институтының» да рөлін абыроймен атқарған Танжарбай Зұлқарнайұлы «Қазақ тілі» қоғамының жетекшісі міндетін атқарды. Көшбасшылық қабілетімен көзге түсіп, жан-жақты басшы бола білгені үшін ағай сан мәрте Мақтау қағаздары мен Алғыс хаттарға ие болған. Сонымен қатар, білім саласына қосқан үлесі үшін ол – КСРО-ның «Халық ағарту ісінің үздігі», Қазақстан Республикасының білім беру саласының үздігі атағына ие болған.
Өнегелі отбасында өрелі ұрпақ өседі
Сәні мен салтанаты жарасқан, берекелі шаңырақ кім-кімге болсын үлгі. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» дегендей, бала әкеден – ақыл, анадан – мейірім алады. Әке – отбасының асыраушысы, қамқоршысы, тірегі болса, ана – отбасының ұйтқысы, жылуы, алтын қазығы. Таңжарбай ағай жары Ақжарқын апаймен бірге тоғыз баланы тәрбиелеп өсіріп, оларға өнегелі өмір сыйлады.
Әке жолын ұстанған үш баласы ұстаздықты таңдады. Қызы Бибігүл Таңжарбайқызы Қаратаева – 37 жылдық еңбек өтілі бар тәжірибелі ұстаз. Бастауыш сынып мұғалімі ретінде еңбек жолын бастаған ол бүгінде Үшқұдық орта мектебі директорының орынбасары болып жұмыс жасайды. Енді бір қызы Нұрсұлу – 33 жылдық тәжірибесі бар тәрбиеші. Бүгінде «Балапан» Маржанбұлақ балабақшасының тәрбиешісі, әрі әдіскері. Ұлы Болатбек Таңжарбайұлы – тарих пәнінің мұғалімі ретінде жұмысын бастап, кейін ауданымыздың бірқатар мектептерінде директор қызметіне дейін жетеді. 2009 жылы жаңа белес таңдап — мемлекеттік қызметке бет бұрды. Жинаған тәжірибесі мен өмірлік ұстанымын ел игілігіне жұмсауды мақсат тұтқан ол мемлекеттік қызметте де өзін көрсете білді. Қай салада жүрсе де табандылығымен, әділдігімен ерекшеленген азамат бірқатар басшылық қызмет атқарып, халық сенімін ақтады. Бүгінде Алға ауданы әкімінің орынбасары қызметін атқарып келеді.
Ұстаздық жолын таңдау бұл әулетте дәстүрге айналып, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатыр. Бүгінде балаларынан тараған немерелердің ішінде үшеуі ауданымыздың мектептерінде оқушыларды білім нәрімен сусындатып келеді. Айгерім Болатбекқызы Маржанбұлақ орта мектебінде ағылшын тілінің мұғалімі болса, Әлібек Азаматұлы да дәл осы мектепте математика пәнінің мұғалімі. Әсем Азаматқызы да ағасы мен апасының ізінен ұстаздық жолын таңдап, бүгінде Маржанбұлақ орта мектебінде бастауыш сынып мұғалімі болып жұмыс жасайды.
Келіндері мен жиендері де ұстаздық жолын таңдаған. Ақсүйрек пен Асылзат есімді келіндері Маржанбұлақ орта мектебінде, ал келіні Мөлдір Ақтөбеде «Атамекен» мектебінің бастауыш сынып мұғалімі. Сондай-ақ келіндері Лаула, Гүлсая, Гүлжанат және жиен немересі Гүлмира мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында жұмыс істейді. Осылайша, Таңжарбай Зұлқарнайұлының әулеті нағыз педагогтар династиясына айналды.
«Жақсының аты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді» дейді халық даналығы. Таңжарбай ағайдың артына қалдырған асыл мұрасы – саналы ұрпақ пен ізін жалғаған әулет. Бұл әулет ұстаздықты тек мамандық деп емес, тағдырдың үлкен сыйы, өмірлік миссия деп қабылдады.
Бүгінде Кангужиндер әулеті – Алға ауданы үшін мақтаныш, ел үшін өнеге. Олардың өмір жолы жас ұрпаққа «Еңбектің түбі – береке, білімнің түбі – мереке» екенін дәлелдейді. Ұстаздық дәстүрдің шырағын жағып, оны ұрпақтан-ұрпаққа аманат етіп келе жатқан бұл әулет – дәстүрді жалғастырған нағыз «педагогтер әулетіне» айналып отыр.
Мадина ТАЖИБЕКОВА