Дәстүрін дәріптеген мекен

Аудан орталығында жаздың жайма шуақ күндерінде апта сайын береке мен бірліктің мекеніне айналған ауылдарымыздың мәдениет күндері өтуде. Ауылдық округтердің бағдарламалары қала тұрғындары мен қонақтарының көңілінен шығуда. Астана күні қарсаңында ауыл күндері Бестамақ ауылдық округінің мерекелік бағдарламасымен жалғасын тапты. Шара барысында спорттық жарыстар, «Ауыл аманаты», «Қайтарымсыз грант» бағдарламалары бойынша кәсібін жүргізіп отырған кәсіпкерлердің және Бестамақ орта мектебі дарынды оқушылардың көрмесі халық назарына ұсынылды. Сонымен қатар орталық саябаққа кішкентай бүлдіршіндердің көңілін көтеруге және емін-еркін ойнауына арналған үрмелі ойын алаңын да әкеліп, қондырған. Түрлі ертегі, мульфильм кейіпкерлерінің костюмдерін киген аниматорлар тек балалардың ғана емес, сонымен бірге үлкендердің де көңілдерін көтеріп бір серпілтіп тастады. 

Көрме – жетістіктер нышаны

Мерекелік шара басталмас бұрын Бестамақ ауылдық округі атынан дайындалған көрме жасақталды. Жоғарыда айтып өткеніміздей мемлекеттік бағдарламалар арқылы бүгінде кәсіптерін дөңгелетіп отырған шағын кәсіп иелерінің бұйымдары, дүниелері және өнерлі балалардың қолынан шыққан туындылар қойылған болатын. Халық көрмені бақылап көру арқылы сол ауылға тиісінше баға беріп, танысады. Көрмені тамашалау барысында  «Қайтарымсыз грант» бойынша қаражат алып, кәсіптерін жүргізіп отырған шағын кәсіп иелерімен  тілдескен едік.

Аида Кульжанова, Бестамақ ауылының тұрғыны:

  • 2022 жылы «Қайтарымсыз грант» бойынша 1 млн 250 мың теңге қаражат алып, тоқыма тоқу өнерімен айналысып келемін. Тоқыма өнерімен бала кезімнен бастап шұғылданамын. Бүгінде сүйікті хоббиімді шағын кәсіпке айналдырып, табыс көзіне тауып отырмын. Бестамақ ауылдық мәдениет үйінің ішінен бір бөлме ашып, сол жерде қызығушылық танытқан оқушыларға тоқыма тоқуды үйретіп жүрмін. Тоқылған бұйымдарды, киімдерді, ойыншықтарды сатып алушылар да жоқ емес. Тапсырыс берушілерім де бар.

 Айгерім Кенетаева, кәсіпкер:

    • Мен Бестамақ ауылының тұрғынымын. 2023 жылдың маусым айында «Қайтарымсыз грантты» ұтып алып, шағын кәсібімізді жүргізудеміз. Бестамақ ауылында өзіміз ағаштарды өңдеп, ұлттық нақыштағы бұйымдарды жасайтын цех аштық. Ағашты тапсырыспен Ресейден алдырамыз. Қазіргі кезде жолдасым және қасында бір жұмысшы бар.
    • Мерекелік концерттен бұрын Бестамақ ауылдық округінің «Бақытты аналар» кеңесінің мүшелері келген қонақтарымызды ақ ұсынып, шашу шашып қарсы алды. Кіреберісте найза, айбалта, қылыш, щоқпар, қалқан ұстап қазақ батырларының бейнесін сомдаған жігіттер көпшіліктің назарынан тыс қалмады. Жиналған жұрт еңселі батырларымызбен естелік суретке де түсіп жатты.

      Аналарымыз «Салт-дәстүр — ұлттық құндылық» тақырыбында халқымыздың керемет дәстүрлерінен көріністер көрсетіп, көрермендерге дәстүрімізді ұлықтау мақсатында ғибратқа толы ақпарат берді. «Қамшы ілу», «Қамшы тастау», «Қамшы қайтару», «Қазақ қыздарының бас киімдері», «Ақ кимешек», «Күндік байлау», «Қазақ әйелінің ер азаматқа құрметі» сынды салт-дәстүрден көріністер көрсетті. Күнделікті өмірде ұмыт боп бара жатқан дәстүрлерімізді түсіндіріп, көрсетіп те берді.

      Қамшы жалпы ата-бабамыз үшін әрдайым қасиетті саналған. Бұл бұйымның мән-мағынасының тереңде жатқандығы соншалық, әр шаңырақтың төрінде күні бүгінге дейін ілулі тұрады.  Бүгінде қамшыны үйлену, бесік, тұсаукесер, сүндет тойларында пайдаланып, тәрбиелік мәні зор екендігін айтып жатады. Енді осы қамшыға байланысты айтылған бірнеше салттарға кезек берейік:

      • Қамшы тастау – ертеде екі жақтың арасында талас туындап, дауласқан кезінде ортаға сөз таластырып, айтыспас алдымен ортаға қамшыларын тастайтын болған.
      • Қамшы ілу — құда түсуге байланысты жасалатын ескі жоралғылардың бірі. Бұрын ер жеткен ұлы үйленер шағы таяп қалған кезде әкесі ертерек қамданып, қай жерде бойжеткен қызына лайықты, текті әулеттен шыққан тәрбиелі жігіт бар екен деп жан-жағына, ағайын-туысына айтатын болған. Содан бұл айтылған тапсырманы орындау мақсатында олар сұрастырып, біліп беретін болған. Кейіннен әкесі сол әулетке барып, қонақ болып, мән-жай сұрасып кетер кезінде киіз үйдің кереге басына өзінің қамшысын іліп кететін. Мұнысы сол үйдің қызына құда түссек деген тілегін білдірген. Ілінген қамшыны көрген қыздың әкесі ол кісілердің ата-тегін білгеннен кейін тиісінше жауабын беру керек. Ол қамшы бір жыл уақытқа дейін ілініп тұра беретін, өйткені осы уақыт аралығында қыз бен жігіт кездесіп, сөз жарастыруы мүмкін. Егер ол қызды одан бұрын айттырып қойған болса, ілінген қамшы иесіне қайтарылған. Ал егер екі жас жарасып кеткен жағдайда, қамшы сол үйде қалған.

      Аналар кеңесінің мүшелері қазақ әйелі, келіні, қызы киген бас киімдерге тоқталып, «Күндік байлау» рәсімін көрсетіп берді. Оның мағынасын ашып түсіндірді. Ұлы даламызда ертеде асыл әжелеріміз, дана аналарымыз үнемі бастарынан кимешек тастамаған. Бастарына осы кимешектің бір түрі қырық құлаш күндік тартып алатын болған екен. Шаштарын жайып жүрмеген. Тек қаралы үйдің әйел заты ғана шашын жаятын. Кимешек киіп, таза, жинақы жүрген. Жаугершілік кезінде елге жау шапқанда жараланған ер азаматтарды осы бастарындағы күндіктен жыртып алып, жараға таңған. Көшіп-қонып жүрген уақыттарда жолда аяқ асты келіншек босанып қалған жағдайда, баланы құндақтауға пайдаланған. Сонымен қатар намаз уақыты таяп қалып, жайнамазы болмаған кезде осы күндіктен жыртып, жайған. Осыған қарап қазақ аналары не деген көреген, ақылды болғанын көре аламыз.

      Аналарымыз көрермендерге салт-дәстүрден сұрақтар қойып, дұрыс жауабын айтқандарға сыйлықтар таратты. Көрермендер белсенділік танытып, сыйлыққа ие болып жатты.

       

      Спорт – бұл өмір

 

Кең көлемде өткізілетін іс-шаралардың сәнін келтіре түсетін де осы спорттық ойындардан өтетін жарыстар. Әсіресе, халық ұлттық спорт түрлеріне ерекше қызығушылық танытады. Спортпен шұғылдану адамға күш-қуат беріп, мақсатының орындалуына бір қадам болса да жақындатуға септігін тигізеді. Аталмыш ауыл күндері аясында және Астана күні мерекесіне орай ұйымдастырылған «Bike fest» веломарофоны және асық ату, ләңгі тебу, гір көтеру, садақ ату ұлттық ойындарынан жарыс өтті. Жүлдегерлерді Бестамақ ауылдық округінің әкімі Дәулеталин  Қанат Сағынғалиұлы «Алғыс хаттармен» марапаттап, ақшалай сыйлықтар табыстады.

Тарқамасын мәңгі мерекең

Ауыл күндері арнайы дайындалған мерекелік концертпен жалғасын тапты. Сахна алаңында тарихи тұлғамыз Есет Батыр Көкіұлы, жерлес ақынымыз Ізтай Мәмбетов және осы шараға тұспа-тұс келген  Астана күні  мерекесіне орай фотоаймақ қойылды. Есет батыр мен Ізтай бейнесі сомдалып, ақынның өлеңдері оқылды.

Алғашқы сөз кезегі ауыл әкімі Қанат Сағынғалиұлына берілді.

 — Құрметті жерлестер! Баршаңызды мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын! Бүгін міне, құт дарыған, тарихи мекен Бестамақ ауылдық округінің ауыл күндері өтуде. Ауылымыздан талай ұлы тұлғалар шыққан  қасиетті мекен. Сіздердің назарларыңызға ұсынылған көрме, концерттік бағдарлама, спорттық жарыстар, дәстүрлеріміз дәріптелетін тағылымы мол көріністер көңілдеріңізден шығуда деген ойдамын. Бүгін мерекелік шараны тамашалуға келгендеріңіз үшін алғыс білдіремін. Еңселі Елордамыздың келешегі кемел болсын! Еліміз аман, бейбітшілік заман болсын, — дей келе жиналған жұртшылықты мерекемен құттықтады.

Концерттік бағдарлама барысында өнерпаздарымыз  әуелетіп ән шырқап, мың бұрала билеп көрерменге көтеріңкі  көңіл-күй сыйлады.

 

Марал САНДЫБАЙ