ДӘСТҮРЛЕР ДӘРІПТЕЛГЕН
«СЫБАҒА» ФЕСТИВАЛІ
Өңірімізде биыл алғаш рет 2-6 желтоқсан аралығында ұлттық құндылықтарды жаңғырту және ұрпаққа рухани тәрбие беру мақсатында «Сыбаға» фестивалі өтуде. Бес күнге созылған ауқымды шараның әрбір күні мазмұнды белгілі бір тақырыпқа арналды. Фестиваль біздің ауданымызда да өз жалғасын тапты.
Фестивальдің бағдарламасына сәйкес, «Тағылым» күніне орай Алға қаласындағы №2,3,4 мектептің оқушылары Аудандық мұражайға барып, танымдық экскурсия жасады. Оқушылар туған өлкелерінің тарихы, табиғаты және жалпы қазақ халқының тұрмыс-тіршілігіне, салт-дәстүріне қатысты көптеген құнды ақпараттар алды. Жас жеткіншектер мұражайды қойылған экспонаттарға мұқият назар аударып, қызығушылықпен қарады.
«Дәуір дефилесі күні» ауданымызда жас келіндерден және ару қыздарымыздан құралған топ қазақ келіні мен қыздарымыздың ақылы көркіне сай көрінісін көрсетсе, «Белсенді өмір орталығының» зейнеткерлері ұлттық киімдегі қазақ отбасының бейнесін ұсынды. Орталықта зейнеткерлердің алтын қолдарынан шыққан арнайы жасалған киіз үйдің жанында көздің жауын алатын ұлттық киімдерді киіп, сан ғасырлар бойы ата-бабамыз сақтап кеткен салтымызды насихаттап, көпке үлгі болар айрандай ұйыған отбасының көрінісін көпшілікке жеткізе білді. Сонымен қатар №4 Алға орта мектебінің ұстаздар қауымы ұлттық ерлер киімінің дефилесін көрсеткен болатын. № 3 Алға қазақ орта мектебінің ұжымы дәл осы күні «Біртұтас тәрбие» бағдарламасының аясында ұлттық құндылықтарды дәріптеуге арналған «Сыбаға» фестивалін қолдап, бір жұмыс күндерін шәкірттерімен бірге ұлттық киімде өткізіп, ерекше әсер қалдыра білді. Сонымен бірге аудан мектептерінде ұлттық спорт түрлері (арқан тартыс, асық ойыны, қол күресі т.б) дәріптелді. Ауданда «Береке» ұлттық тағамдар көрмесі мен «Сыбаға» қайырымдылық акциясы да жоғары деңгейде өткізілді.
Аталмыш фестивальдің «Сыбаға» аталуының өзінде де үлкен мән жатыр. Сыбаға – қазақ халқының ежелден бері келе жатқан дәстүрі. Ата-бабаларымыз, алыстағы ағайынына, сапарда, әскерде жүрген отағасы мен балаларына соғымнан сыбаға алып қоятын болған. Бұл дәстүр алыста жүрген жақыныңды ұмытпай, оның сыбағасын сақтап қою арқылы жақындық пен бірліктің айғағы болған. «Сыбаға» фестивалі арқылы біз осы байырғы дәстүрді жаңғыртып қана қоймай, оның рухани мәнін жастардың санасына сіңіруге мүмкіндік алдық.
Бүгінде бұл ұғымның ауқымы кеңейіп, ата-баба мұрасын дәріптеп, рухани құндылықтарды нығайтуға жол ашып отыр. «Сыбаға» фестивалі ұрпақтар сабақтастығын жалғастырып, әр шаңырақтың төрінен орын алуға лайық ұлттық дәстүрдің қайта жаңғырғанының жарқын дәлелі болмақ.
Марал ЖАЛҒАСҚЫЗЫ