Экономикалық теңсіздікті еңсеру міндеті
Реформа – дамудың алғышарты. Тарихтан белгілі, түбінде тиімді болатынына қарамастан, кез келген өзгеріс бастапқыда оңай қабылданбайды. Дегенмен ел мүддесі үшін маңызды шешімдер қажет. Мемлекет басшысы «Turkistan» газетіне берген сұхбатында экономиканы ілгерілетуде нақты қадамдар жасалатынын әрі бұл жолда жауапкершілікті өз мойнына алатынын атап өтті.

Сурет «Егемен Қазақстанның» архивінен алынды
«Экономиканың құрылымы өзгеріп жатыр. Дегенмен, меніңше, өзгеріс қарқыны баяу. Халықаралық қаржы институттары мен рейтинг агенттіктерінің бағалауынша, елімізді бақуатты, тіпті бай мемлекет деп атауға болады. Бұл сөздің жаны бар. Соған қарамастан, экономикамызда теңсіздіктер әлі де сақталып отыр. Оның бәрін шұғыл реттеп, түзу жолға салуымыз керек. Біз бұл жағдайды білеміз, оны жұрттан жасыратын ойымыз жоқ. Мұндай қиындықты көптеген мемлекет басынан өткеріп жатыр. Біз «өсім ауруы» мәселесін міндетті түрде шешеміз. Нақты жоспарымыз бар», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы сұхбатта тоқталған жайттарға үңілейік. Әуелі, инфляция деңгейі өзекті мәселе болып отыр. Президенттің айтуынша, инфляцияны өршітетін негізгі себептердің бірі – бюджет қаржысын орынсыз жұмсау. Сондықтан мемлекет енді ақшаны кез келген жобаға бөле бермейді. Қаражат тек шын мәнінде қажет салаларға бағытталуы керек. Осы үшін қатаң бюджеттік тәртіп енгізіліп отыр. Халыққа салмақ түспеуі үшін қыс мезгілінде тарифтерді өсіру уақытша тоқтатылды. Сонымен қатар Үкімет, Ұлттық банк және Қаржы нарығын реттеу агенттігі бірігіп, 3 жылға арналған инфляцияны төмендету бағдарламасын қабылдады. Мақсат – бағаны ұстап тұру әрі азаматтардың тұрмысын қорғау.
Президент елдегі экономикалық теңсіздік туралы да ашық айтты. Көп адам табыс тауып жүр. Бірақ ол ақша инфляцияға, ипотекаға, балалардың оқуына, күнделікті шығындарға кетіп қалады. Адам ауырып қалса немесе жұмысынан айырылса, отбасының жағдайы бірден қиындайды. Осыны ескеріп, мемлекет бұрын зейнетақы жинағын баспана, оқу, емделуге пайдалануға рұқсат берді. Алайда бұл мүмкіндікті алаяқтар пайдаланып кеткен. «Медициналық қызмет» деген желеумен 200 млрд теңгеден астам қаржы заңсыз шешілген. Сондықтан кейбір бағыттарға тыйым салуға тура келді.
Бизнес те қиын жағдайда. Кәсіпкерлер жұмыс орындарын ашып отыр, салық төлейді. Бірақ несие пайызының жоғары болуы мен айналым қаражатының жетіспеуі олардың дамуын тежеп тұр. Бұл мәселе де мемлекет назарында.

Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
EconomyKZ-тің тәуелсіз сарапшысы Ерлан Каримовтің айтуынша, еліміз бірнеше стратегиялық сын-қатермен бетпе-бет келіп отыр. Экономиканы әртараптандыру баяулады. Көрші елдер тарапынан бәсекелестік күшейді. Инфрақұрылым тозып жатыр. Энергия тапшылығы сезіле бастады. Ал су мәселесі болашақта бұдан да күрделі болмақ.
«Елдің агроөнеркәсіптік кешені үшін басты қауіп – импорттың өсуі. Ресеймен саудадағы теріс сальдо 8,5 млрд доллардан асты. Азық түлік импорты 3,2 млрд доллардан жоғары. Бұл отандық өнімді нарықтан ығыстырып жатыр. Өңдеу саласына 10 жылға дейін 2,5 пайызбен жеңілдетілген несие беру керек. Ет сүт, май, тоң май бағыттарына ерекше көңіл бөлінуге тиіс. Шикізатты өңдеуге тапсырғаны үшін субсидия көлемін арттыру қажет. Сонда ғана зауыттар толық жүктемемен жұмыс істейді, ал бұл азық түлік қауіпсіздігін күшейтеді. Солтүстік және шекаралас аймақтардағы үйлердің 60 пайыздан астамы 1991 жылға дейін салынған. Банктер 50 жылдан асқан үйлерді кепілге алмайды. Соның салдарынан ипотека қолжетімсіз болып отыр, ал бұл еңбек ресурстарының қозғалысын тежейді. Отбасы банк пен Қазақстан халқына қоры қатысатын арнайы бағдарлама қажет. Солтүстік өңірлерге жеке лимит белгілеу керек. Жылдық мөлшерлеме 4 пен 5 пайыз аралығында болуға тиіс. Жастар мен бюджеттік сала қызметкерлеріне бастапқы жарнаны субсидиялау маңызды. Сонымен қатар құрылыс компанияларын энергия үнемдейтін үйлер салуға ынталандыру қажет», деп түсіндірді сарапшы.
Тағы бір маңызды мәселе энергияға қатысты. Сарапшының айтуынша, 2030 жылға қарай елдегі электр энергиясына сұраныс 141 млрд кВт сағатқа жетеді. Қазіргі өндірістің 80 пайызы көмір мен газға тәуелді. Ал электр желілерінің тозу деңгейі 60 пайыздан жоғары. Батыс өңірлерде апат жиі болып жатыр. Резервтік қуат жеткіліксіз. Осы жағдайда шағын модульдік атом электр стансаларын дамыту қажет.
«Еліміз уран өндіру бойынша әлемде көшбасшылар қатарында. Үлесіміз шамамен 40 пайыз. Бірақ өз атом генерациямыз жоқ. Қуаты 300 МВт-қа дейінгі шағын модульдік реакторлар қауіпсіз әрі тиімді. Канада, АҚШ және Ұлыбритания тәжірибесі мұндай стансаларды 4 немесе 5 жылда салуға болатынын көрсетті. Бұл бағытта 2 немесе 3 пилоттық өңірді анықтап, мемлекеттік жеке серіктестік арқылы арнайы қаржы қоры құрылуға тиіс. Сонымен қатар жергілікті уранды ел ішінде пайдалану қажет», дейді Е.Каримов.
Қолданбалы этносаяси зерттеулер институты орталығының директоры Ғали Дінмұхаммедтің айтуынша, 2025 жыл ел экономикасы үшін сапалық бетбұрыс кезеңі болды. Номиналды ішкі жалпы өнім шамамен 300 млрд долларға жетті. Ал нақты экономикалық өсім 6,5% деңгейінде қалыптасты. Өсімнің басты ерекшелігі – мұнайға емес, мұнайдан тыс секторларға сүйенуі. Экономиканың ішкі құрылымы қозғала бастады. Құрылыс саласы айқын алға шықты. Сауда саласы да жоғары қарқын көрсетті. Өнеркәсіп өндірісі де өсім көрсетті. Машина жасау, металл өңдеу, құрылыс материалдары мен азық түлік өндірісі негізгі қозғаушы күшке айналды.
«Алайда 2018–2019 жылдары ел экономикасының номиналды көлемі 180-185 млрд доллар аралығында болды. 2018 жылы ІЖӨ шамамен 179 млрд долларды, 2019 жылы 181 млрд долларды құрады. Нақты өсім жылына орта есеппен 4-4,5 пайыз деңгейінде болды. Ол кезде өсім негізінен шикізат экспорты мен ішкі тұтынуға сүйенді. Сол себепті 2025 жылғы серпіліс бір жағынан бейімделу қабілетін көрсетсе, екінші жағынан қолданыстағы экономикалық модельдің шегіне жақындағанын аңғартады. Өсімнің негізгі көздері әлі де ішкі сұраныс, бюджеттік шығыстар және инфрақұрылымдық инвестициялар болып қалды. Бұл алдағы кезеңде жеке инвестицияларды, өнімділікті және экспорттық әлеуетті күшейтудің маңызын арттырады», деді профессор.
Расында экономика өскенімен, халықтың қалтасында бұл өсім неге сезілмейді деген сұрақ та бар. Ғ.Дінмұхаммед бұл мәселені жалақы динамикасымен түсіндіреді. 2018 жылы орташа номиналды жалақы 162 мен 165 мың теңге шамасында болды. Доллармен есептегенде 480 немесе 500 доллар деңгейінде еді. Нақты жалақы сол кезде іс жүзінде өспеді. 2025 жылға қарай орташа номиналды жалақы 340 мың теңгеден асты. Теңгемен есептегенде екі еседен артық өсті. Бірақ долларлық баламада 370 пен 380 доллар шамасында қалып қойды. Бұл айырмашылық валюта бағамының әлсіреуі мен жоғары инфляцияның жинақталған әсерін көрсетеді.