Ел игілігі жолындағы белсенді азаматтар марапатталды
Елімізде 2025 жыл «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялануы – қоғамдағы адал еңбектің, маңдай термен атқарылған кәсіптің беделін арттыруға бағытталған маңызды қадам. Бұл бастама еңбек адамына деген құрметті күшейтіп, жұмысшы мамандықтарының ел дамуындағы шешуші рөлін айқындай түседі. Өйткені елдің іргесін бекітіп, тұрмысын түзеуде нағыз кәсіби мамандардың үлесі өлшеусіз.
Жұмысшы мамандықтарын дәріптеу арқылы қоғамда еңбекқорлық, жауапкершілік пен кәсібилік сияқты асыл қасиеттерді насихаттау – «Адал азамат – Адал еңбек – Адал табыс» қағидатының нақты көрінісі. Өз ісін жетік меңгерген, адал еңбегімен абыройға жеткен азаматтар – ұлт сапасын арттыратын басты күш.
Осы игі мақсатта «AMANAT» партиясы Алға аудандық филиалының ұйымдастыруымен «Еңбек адамы – елдің құты» атты жұмысшы мамандық иелерін марапаттау рәсімі өтті. Салтанатты жиында күнделікті тынымсыз еңбегімен елге қызмет етіп жүрген бірқатар азаматтардың еңбегі лайықты бағаланды.
Атап айтқанда, КГП «Алға-Жылу» мекемесінің қызметкерлері Батраев В.Н. мен Байденов Н.Ж., Алға газ учаскесінің контролері Мамаева Н.В., сондай-ақ «Энергосистема» мекемесінің жұмысшысы Курамысов А.А. партия тарапынан марапатқа ие болды. Бұл азаматтар – өз саласының білікті мамандары ғана емес, еңбекке деген адалдығымен, жауапкершілігімен көпке үлгі болып жүрген жандар.
Марапаттау барысында «AMANAT» партиясы Алға аудандық филиалының атқарушы хатшысы Динара Кубесова еңбек адамдарының қоғамдағы орнына ерекше тоқталып, жылы лебізін білдірді:
«Сіздің Отанға деген адалдығыңыз, ортақ құндылықтарды қорғаудағы белсенділігіңіз – еліміздің жарқын болашағына қосылған үлкен үлес. Сізге зор денсаулық, отбасыңызға амандық, ел мүддесі жолындағы еңбегіңізге табыс пен толағай жетістіктер тілеймін», – деді ол.
Еңбек адамын ұлықтау – елді ұйыстыратын, қоғамды алға бастайтын маңызды құндылық. Осындай тағылымды шаралар арқылы жұмысшы мамандықтарының мәртебесі артып, жас ұрпаққа адал еңбек етудің үлгісі көрсетілетіні сөзсіз.
Мадина ТАЖИБЕКОВА