Ер мінезді азамат

Мемлекет пен қоғам арасында алтын көпірге айналып, халық сеніміне негізделген қызметтің түрі – мемлекеттік қызмет. Басқа сөзбен айтқанда «Халыққа бағдарланған» қызмет түрі. Қоғам талап-тілектеріне сәйкес қызмет атқарып жүрген олардың жұмысын жоққа шығаруға келмес. Елінің, жерінің болашағы мен бейбіт өмірі жолында еңбек еткен шенеуніктер бүгінде ел алғысын арқалап жүр. Солардың бірі – «Алға аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдар бөлімі» ММ бөлім басшысы Үсенғалиев Қуандық Қалабайұлы.

 

Мемлекеттік қызметшілер білімімен ғана пайда келтіріп қоймай, адамшылық тұрғыдан өзгелерге үлгі болып, ел мен қоғам игілігі үшін адал қызмет етуі керек. Еңбек жолында Қуандық Үсенғалиев осы ұстанымға берік болып келеді. Ол Алға ауданына қарасты Қызылту елді мекенінде дүниеге келген. №4 Алға орта мектебінде алғаш ашылған қазақ класында білім алып, 2009 жылы орта білім туралы аттестатты қолына алады. Сол жылы Ақтөбе қаласындағы С.Бәйішев атындағы университетке түсіп, 2013 жылы «Мемлекеттік және жергілікті басқару» мамандығын алып шығады. Жоғары оқу орнының дипломын алып, туған жеріне қызмет етуге оралады. Сөйтіп, еңбек жолын «Алға ауданы әкімі аппараты» ММ жастар практикасынан өтуден бастайды. Әр азаматтың міндеті – әскер қатарында қызмет етіп, Отан алдындағы парызды өтеу. Сөйтіп, 2013-2014 жылдары аралығында Қуандық Отан алдындағы қасиетті борышын өтеп келеді. 127/40 және 3012 танк батальонының І танк ротасында механик-жүргізуші лауазымында әскери қызмет атқарған. Отбасынан, жақындары мен достарынан жырақта жүріп, әскери қызметтің қыр-сырын үйренеді. Туған жері, елі, атамекені алдында борышын өтеп келген ол мемлекеттік қызметке жұмысқа тұрады. Алға аудандық ішкі саясат бөлімінде жастар практикасын жалғастырып жүрген кезінде жақсы қырларынан танылған Қуандық, «Алға ауданы әкімі аппараты» ММ мемлекеттік қызметтер көрсету мәселелері, үйлестіру (кадр бөлімі) бөліміне жетекші маман болып тағайындалады. Мемлекеттік қызметкерлердің міндеті мен әдебін қадағалайтын бөлімде үш жылға жуық қызмет атқара келе, Қуандық мамандығының маңыздылығын, халықтың артқан сенімін іс жүзінде сезінеді. Кейін қызметі жоғарылап, «Алға ауданы әкімі аппараты» ММ бас маманы, Алға ауданы әкімінің көмекшісі болып жұмыс жасайды. Қызметін атқаруда небір қиыншылықтарға тап болғанын еске алған шенеунік, ешнәрсеге мойымай, берілген тапсырманы уақытылы орындауға тырысқанын алға тартты.

  • Мемлекетті және қоғамдық істерді басқару батылдықты, төзімділікті, жан-жақты ойластырылған сындарлы өзгерістерді жүзеге асыруды қажет етеді. Біз қайратты мінез бен көзқарасқа ие болып, заман талабына сай жаңаруды жүзеге асыруымыз керек. Бір сөзбен айтқанда, біз — өзгерістердің бастауы бола білуге міндеттіміз, — деді Қуандық Үсенғалиев.

2020 жылы Алға ауданы әкімінің бұйрығымен «Алға аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдар бөлімі» ММ бөлім басшысы болып тағайындалады. Бүгінде осы бөлімнің басшысы қызметін атқарып келеді. Тұрғындармен тығыз байланыста жұмыс жасайтын бөлімде қызмет ете жүріп, халықтың алғысына бөлену – ең үлкен мадақ. Еңбекқорлықты жанына серік, өміріне көрік еткен Қуандықтың

өмірлік ұстанымы кәрі-жас, үлкен-кіші демей, қай кезде де адамгершілікті жоғалтпай өмір сүру. Атасы Оралбай мен әжесі Мархаббаның тәрбиесін көріп өскен Қуандық қарапайымдылық пен кішіпейілділік қасиеттерін бойына сіңірген. Көп балалы отбасында тәрбие алған ол бауырмал болып өскенін жасырмады. Қалабай мен Майра Үсенғалиевтердің қарапайым отбасында дүниеген келген Қуандықтың ағасы, қарындасы мен екі інісі бар. Отбасылық құндылықтары ерекше дәріптелетін бұл отбасында махаббат пен қолдаудың сарқылмас бұлағы болып есептеледі.

Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдар бөлімінде атқарған жұмыстарын да ауыз толтырып айтуға болады. Мәселен, Алға қаласында бағдаршамдардың жобасын дайындап, іс жүзіне асырған болатын. Бұдан басқа, Алға қаласындағы 3 тоғыз қабатты тұрғын үйдің отыз жылға жуық уақыт жұмыс істемей тұрған жедел сатыларының (лифт) іске қосылғаны да бар. Ширек ғасыр өмірі күн сайын баспалдақ санаумен өткен тұрғындардың міне бүгін қуанышында шек жоқ. Демеушілік есебінен жобалық сметалық құжаттамаларын дайындап, сараптамадан өткізіп жүрген міне осы бөлімнің қызметкерлері. Бюджеттен қаражат сұратып, Алға қаласы тұрғындарының жайлы да қауіпсіз өмір сүруіне барлық жағдай жасауға тырысып-бағып жүр. Алға ауданына қарасты ауылдар мен елді мекендерге қатынайтын жолдарға жөндеу жұмыстарын да жүргізген. Атап айтатын болсақ, Алға-Самбай, Алға-Қарабұлақ жолдары, Ақай мен Жерұйық ауылдарына кіреберіс жолына, Үшқұдық пен Есет батырдағы ауылішілік жолдарына асфальт жабындысын төсеген. Міне, атқарылған жұмыстың жемісін аудан тұрғындары көріп отыр. Ал Қуандық басқарып отырған бөлімнің қызметкерлері халық алғысы мен ризашылығын арқалауда. Жоғарыда айтып өткеніміздей, бұл – мемлекеттік қызметкер үшін ең басты мадақ.

Әңгіме барысында Қуандық спортқа жақын екенін айтты. Бос уақытында спортпен шұғылданғанды, оның ішінде футбол ойнағанды жақсы көреді екен. Мемлекеттік қызметкерлер атынан талай жарыстарға да барып, жүлделі орындарға ие болғанын жасырмады. Ұлы Ибраһимге де футбол ойнаудың қыр-сырын үйретуде. Осы тұста Қуандыққа өзінің кіші мемлекеті — отбасы туралы бірер сауал қойған едік…

  • Қазақ отбасындағы тәрбие белгілі бір ережелерге сүйенеді. Мәселен, үлкенді құрметтеп, кішіге ізет көрсету. Біз жолдасым Айсәуле екеуіміз үлкендерімізден көріп өскен қазақы тәрбиеге үлкен мән береміз. «Қарттары бар үй даңқ пен байлыққа толы» демекші, оларға ерекше құрмет көрсету – біз үшін басты міндет. Өзара құрмет көрсету арқылы біз балаларымызға үлгі бола аламыз, — деді Қуандық ағынан жарылып.

Бүгінде Қуандық жолдасы Айсәуле екеуі Ибраһим есімді ұлын, Әдия мен Әсия есімді қыздарын тәрбиелеп отыр. Үсенғалиевтер отбасының болашақта өскелең ұрпаққа тәлім-тәрбие берер өнегелі отбасына айналатынына кәміл сенеміз. Ал, Қуандық Қалабайұлын мереке қарсаңында құттықтай келе, қызметінің асқақтай беруіне тілек білдіреміз. Аспаныңыз әрдайым ашық, жұмысыңыз жемісті болсын!

 Мадина ТАЖИБЕКОВА