«Жаңа жыл жақсылық пен жаңалықтың жаршысы» демекші Жаңа жыл қарсаңында Алға ауданы әкімінің бастамасымен аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі қаламыздың мүгедектігі бар балаларына көтеріңкі көңіл күй сыйлап, мерекелерімен құттықтады. Мүмкіндігі шектеулі жандар күніне орай «Алтын орда» мейрамханасында ерекше балаларға арнап дастархан жайылды. Оған 20 ерекше бала ата-анасымен бірге қатысты.

Алға ауданының «АкТеп» ЖШС және жергілікті «Жылқыбаева» ЖК қолдауымен аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі қызметкерлері мен №4 Алға орта мектебі мұғалімдерінің ұйымдастыруымен мүгедектігі бар балаларға арналған «Төрлет, төрлет, Жаңа жыл!» мерекелік шыршатойы өтті. Ерекше жандарға әлеуметтік көмек көрсетуден бөлек, оларды түрлі шараларға қатыстырып, қоғамдық ортаға бейімдеу, белсенділігін арттыру, спорттық, мәдени, қоғамдық іс-шараларға қатыстыруды көздеген шара өз мақсатына жетті. Балалар би билеп, ойын ойнап, көңіл көтерді.

Шараға аудан әкімі Нұрбол Ержанов қатысып, ақжарма тілегін арнады. Жаңа 2024 Ұлу жылы жаңа леп, молшылық пен табыс әкелсін деген ниетпен осындай шараны ұйымдастыруға, сонымен қатар, ерекше жандарға ғажайып көңіл-күй сыйлаған қоғамымыздың жанашыр адамдарына ризашылығын жеткізді.

Думанды шарада кішкентай ерекше көрермендер үшін дайындалған театрландырылған қойылымдар оларды ертегі еліне шақырды. Көптің көзайымына айналған мультфильм кейіпкерлерін сомдаған №4 Алға орта мектебінің мұғалімдері балалардың жүздеріне күлкі мен шаттық ұялатты. Мерекеге келген ертегі кейіпкерлері кештің сәнін келтіріп, жиналған балаларға жан жылуын сыйлады. Аяз ата мен ақшақар жаңажылдық сыйлықтарын таратты.

Аталмыш шарада ерекше балалар өз өнерлерін көрсетіп, мәре-сәре болды. Өз кезегінде ата-аналар да балаларына арнап думанды кешті өткізуді жыл сайын үрдіске айналдырып, қайырымдылықпен айналысып келе жатқан жомарт жандар мен аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне алғысын жаудырды.

Болашақта еліміздің өркендеуіне білімді жастар ғана биік асулардан аса алатынын ескерсек, балаларға жасаған қамқорлық елімізге еселеп қайтатыны анық. Өйткені ел тірегі, ертеңіміздің кепілі – бүгінгі жас ұрпақ. Және де осындай тағылымы мол шаралардың болып тұруы — өскелең ұрпаққа үлгі болары анық. Мүмкіндігі шектеулі жандарға қолдау көрсетіп, қоғамға бейімдеу – мемлекет саясатының басты бағытының бірі. Өйткені олардың әрбірі – қоғамның толыққанды мүшесі. Және де осыны еш уақытта есімізден шығармауымыз керек.

Мадина БОЛАТБЕК