Қастерлі Жеңістің қандай маңдай термен келгендігін бүгінгі ұрпақ сезініп өсу керек. Ұлы Отан соғысы жылдары талай батырларымыз ерен ерлік көрсетіп, жауға қарсы шығып, қайсар мінездерімен, намыспен туған жерлерін қорғай білді. Газетіміздің бүгінгі санында Ұлы мерейтой қарсаңында майданда ерекше ерлігімен, қырағылығымен көзге түскен батыр, Эльба өзені бойында американ барлаушы патрулімен кездескен бірінші қазақ жауынгері Айтқали Әлібеков туралы көпшілік назарына ұсынбақпыз.

Айтқали Әлібеков 1924 жылы 1 мамырда Ақтөбе облысы, Алға ауданы, Крупская колхозында дүниеге келген. 7 кластық білімі бар жеткіншек жастайынан еңбекқор болып өседі, еңбекке ерте араласады. Соғысқа дейінгі жылдары ең алғашқы еңбек жолын электрик болудан бастаған.  Жас сарбаз майданға 1943 жылы 29 тамызда аттанып, 1945 жылы елге жеңіспен аман оралады. Оның әскерге шақырылған жері – Новосибирск облысы, Таштагол аудандық әскери комиссариаты, Таштаголь ауданы. Соғыс жылдарында және соңына дейін Айтқали Әлібеков қатардағы жауынгер болады. Нақтырақ айтқанда, 253-ші атқыштар дивизиясының 979-шы атқыштар полкінде,  58-ші гвардиялық атқыштар дивизиясының құрамында әскери борышын өтеп, Дон, Днепр өзендерінен өткендегі ұрыстарға, Украинаны, Молдавияны азат етуге қатысты. Сондай-ақ, Одер, Нейсе, Шпрее бекіністерін алуға, Чехославакияны, оның астанасы Праганы азат етуге қатысқан.

Ұрыстар кезінде өзінің бойындағы табандылығымен, қайраттылығымен ерекше көзге түсіп, бірнеше мәрте медальдармен марапатталған. Соның біреуіне тоқтала кетсек, 1944 жылдың 13 шілдесі мен 1 қыркүйегі аралағындағы полктің шабуыл операциялары кезінде қиын жағдайларға қарамастан бұйрықтарды уақытылы орындап тұрғаны үшін мадақталған. Батыр сұрапыл соғыс кезінде 3 мәрте «Жауынгерлік еңбегі үшін» медалімен және «Берлинді алғаны үшін», «Праганы азат еткені үшін», «Германияны жеңгені үшін» медальдарымен наградталып, Бас қолбасшы Иосиф Сталиннің Алғыс хатымен   марапатталған. Сонымен қатар 1985 жылы 23 желтоқсан күні ІІ дәрежелі Ұлы Отан соғысы Орденімен наградталған болатын.

 Біреу білсе, біреу білмес ол Эльбадағы американдық әскерлермен кездескен ең алғашқы қазақ жауынгері болатын. Бұл туралы американ тарихшысы Билл Фокстің «Эльбадағы кездесу» атты кітабында жазылды. Бірақ солақай саясаттың кесірінен ол кездерде қазақ ұлтының атының шығуына тыйым салынғаны рас екені көпшілікке таныс. Қан майданда талай тер төгіп, асқан батылдықтарымен ерекшеленген мықты деген батырларымыздың ерліктері тасада қалып, айтылмайтын болған. Оларға тіпті Кеңес Одағының батыры атақтарының берілуіне тыйым салынған. Сондай әділетсіздіктің бірі ҰОС ардагері  осы Айтқали Әлібековке да қатысты болған. Жоғарыда айтып өткеніміздей ол алғашқы болып Эльбада американ жауынгерлерімен кездессе де оның есімі аталмады. Бірақ, ол  бірнеше жерде деректермен дәлелденген еді. Солардың бірі 1988 жылы америкалық атышулы «Capra Precc» баспасынан жарық көрген «Янки встречают красных» кітабындағы деректерде Айтқали Әлібековтың есімі аталады. Яғни онда, 1945 жылы 25 сәуірде Торгау маңында совет-американ әскерлерінің, дәлірек айтсақ 3 взвод «Г» ротасының командирі Арнольд Котцебу мен Айтқали Әлібековтың кездесуі совет-американ әскерлерінің одан әрі бірлесіп, қимыл жасауына бастау болғаны жөнінде айтылады. Дәл осы кітаптың 102 бетінде америкалық жауынгер, тарихшы Билл Фокстың айтуы бойынша: « Айтқали Әлібеков есімді жас қазақ ұлтының жігіті Эльба өзені жағасында америка әскерлерін қарсы алған ең алғашқы кеңес әскерлерінің солдаты болды. Олардың кездесулері Леквиц деревнясында сағат 11.30 да өткен болатын. » — делінген.  Бірақ кейіннен бұл тарихи оқиға деректері бұйрықпен өзгертіледі. Олардың орнына америкалық лейтенант Уильям Робертсон және Кеңес офицері, белорус Александр Сильвашко деп өзгертіліп, олардың фотолары қойылады. Иә, олар расымен де бұл аталған жауынгерлер Эльба өзені бойында кездескен, бірақ алғашқылар болып емес. Деректерген сүйенсек, Уильям Робертсон мен Александр Сильвашко сәл кейінірек 16.00 – де кездескен. Бұлай болуының басты себебі – Сталин айтулы оқиғаның басты кейіпкері қазақ ұлтынан болғанын қаламады. Дәл сондай жағдай америкалық генералдарда да кездесті. Олар Арнольд Котцебудың ұлты неміс болғандықтан орнына американдық Уильям Робертсонға ауыстырады. Бұл жағдайды соңына дейін мойындап, әрдайым  жүрген жерінде айтудан жалықпаған жалғыз адам болды, ол Кеңес генералы Александр Васильевич Альшанский  болатын. Ол тіпті, жерлесіміз Айтқали батырмен жақын дос та болғаны белгілі болды.  Оған теріс саясатты жеңу мүмкін болмады. Бұл оқиғаның негізгі кейіпкері, нағыз батыры құрметі де, қадірлі, елге сыйлы Айтқали Әлібеков екенін кейінгі ұрпақ білуі тиіс.

Соғыстан кейінгі жылдары М.Горький, «Октябрьдің 50 жылдығы» аттарындағы кеңшарларда шаруашылық, партия, кәсіподақта адал қызмет ете білді. Айтқали атаның ұрпақтарымен тілдескенімізде, Айт күні дүниеге келіп, Құрбан айт мерекесінде өмірден озғанын білдік. 60 жасқа толуға аз ғана уақыт таяп, зейнеткерлікке шығуына жарты жылдай мезгіл қалғанда дүниеден өтіп кеткен батырдың артында тек өшпес естеліктер мен халқына жасаған жақсылықтары қалды. Өзі соғыстан кейінгі өмірін «Менің олжалы өмірім» деп, өмірді шын бағалай білетін азаматтың бірегейі болған. Өмірлік жары Қырмызы екеуі 6 бала өсіріп, тәрбиелеп, жеткізді. Бүгінде Айтқали атадан тараған мәуелі бәйтерек жапырағын кеңге жайып, өсіп-өнуде.

Үлкен қызы Зина Айтқалиқызы асқар таудай әкесі туралы:  « — Бойында мейірім мен ізгілік деген асыл қасиеттері бар, елге сыйлы, Отаны  үшін жанын қиюға даяр болған нағыз батыр, қадірлі азамат, биік тұлғаның перзенті болу мен үшін үлкенибақыт. Әкем туралы мен айтудан ешқашан жалыққан емеспін. Өйткені, айтға тұрарлықтай нағыз азамат болатын. Отбасына өте жақсы қарай білетін, балаларына дұрыс тәрбие бере білген ерекше жан еді. Бос уақытында үйде домбыра шертіп, мандалин аспабында да ойнайтын. Тіпті, керемет сурет салатын өнері болды. Әкем балалық және жастық шағында өте көп қиындық көрген. Балалар үйінде тәрбиеленіп, жетім өскен. Бірақ, еш мойымай тек нағыз еңбектің арқасында биік белестерді бағындырып, өмірден өз орнын таба білген. Балаларын әрқашан тек адалдыққа, қайырымды болуға үндейтін. Ұлы Жеңістің 80 жылдық мерейтойы аясында әкеміздің ерліктері тағы бір мәрте ұлықталса нұр үстіне нұр демекпіз.» — деп естеліктерімен бөлісті.

Ержүрек атанған Айтқали Әлібековтың есімі ел жадында мәңгі сақталары сөзсіз. Батырдың жүріп өткен сара жолы, әсіресе өсіп келе жатқан ел қорғайтын жас жеткіншектерімізге үлгі болсын дейміз. Ұлы Жеңістің басты кейіпкерлері мәңгі жасасын!

Марал ЖАЛҒАСҚЫЗЫ