ҒЫЛЫМИ ОРТАДАҒЫ ӘҢГІМЕ

Ақтөбе облысына келген «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін» жалпыұлттық коалициясының мүшелері Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті базасындағы Heriot-Watt University филиалында профессор-оқытушылар құрамымен, студенттермен кездесті.

«Amanat» партиясы облыстық филиалының төрағасы, облыстық коалиция басшысы Ербол Данағұлов келген қонақтарды таныстырып, басқосу мақсатын айтты. Кездесуге қатысқан коалиция мүшелері жаңа Конституция жобасындағы өзгерістер туралы айтып, 15 наурызда болатын референдумға белсенді қатысуға шақырды.
— Бүгінде еліміздің барлық өңірінде тұрғындармен және еңбек ұжымдарымен кездесулер өткізіліп, азаматтарға жаңа Конституция жобасының мәні мен мазмұны жан-жақты түсіндіріліп жатыр. Біз бір аптадан астам уақыттан бері Ақтөбе облысындағы өндірістік кәсіпорындарда, білім беру ұйымдарында, педагогикалық ұжымдарда бірқатар кездесу өткіздік. Үш мыңға жуық азамат жаңа жоба мазмұнымен танысты.
Конституцияның жаңа жобасының негізіне «Әділетті Қазақстан» қағидаты алынған. Бұл — қоғамда әділдік орнату, заң үстемдігін қамтамасыз ету, азаматтардың құқығы мен бостандықтарын қорғау деген сөз. Азаматтардың құқығын қорғау бағытында нақты нормалар енгізілген.
Бұдан бөлек қазіргі цифрлық дәуірдің талаптары да ескерілген. 1995 жылғы Конституция қабылданған кезде цифрлық технологиялар бүгінгідей деңгейде дамымаған еді. Сондықтан жаңа жобада мемлекет азаматтардың цифрлық ортадағы қауіпсіздігіне кепілдік беретіні нақты көрсетілген.
Жалпы, ұсынылып отырған өзгерістердің барлығы әділдік қағидатын нығайтуға, азаматтардың құқықтарын қорғауды күшейтуге және елдің болашағын адам капиталы арқылы дамытуға бағытталған, — деді Парламент Мәжілісі депутаты, Конституциялық реформа жөніндегі комиссия мүшесі Дания Еспаева.
Аталған комиссияның тағы бір мүшесі, Қазақстанның Республикалық заң кеңесшілері палатасының төрағасы Серік Ақылбай референдум арқылы қабылданатын құжат шын мәнінде «халықтық Конституция» болатынын, өйткені жоба халықтан түскен ұсыныстар негізінде жасалғандығын алға тартты.
— Жаңа Конституцияның басты құндылығы — адам өмірі, құқықтары мен бостандықтары. 1995 жылы қабылданған Конституцияда мемлекеттің дамуына көбірек басымдық берілсе, жаңа жобада адами капиталды дамыту, білім мен ғылымға көбірек көңіл бөлу, соның нәтижесінде ел экономикасын көтеру негізгі бағыт ретінде айқындалып отыр.
Жобаның преамбуласында Қазақстан халқының біртұтастығы, ежелгі қазақ жері, мыңжылдық тарихы, дәстүрі мен салты айтылып, халықтың тарихи тамыры мен болашақ бағыты көрсетілген. Бұл ата-бабалар армандаған тәуелсіз, әділетті мемлекет құру жолындағы маңызды қадам ретінде сипатталады, — деген спикер ел тұрғындарын Конституцияның жаңа жобасын қолдауға, референдумға келіп, дауыс беруге шақырды.
Қазақстанның қоғамдық-саяси және заң саласында танымал құқық қорғаушы, кәсіби адвокат Ләззат Ахатова жаңа жобаның мазмұндық ерекшеліктеріне тоқталды.
— Құжат мемлекеттік тілде — қазақ тілінде жазылды, тілі жатық, түсінікті. Жаңа жобада адам құқықтары мен бостандықтарына басымдық берілген. Заң мен тәртіп қағидаты күшейтіліп, құқықтық гуманизм принципі енгізілген, — деді ол.
Парламент Мәжілісі депутаты, Аграрлық мәселелер комитетінің мүшесі Қазыбек Әлішев жаңа Конституция жобасын әзірлеуге уақыт талабы себеп болғанын, саяси жүйені жаңғырту ел дамуының келесі кезеңіне өту үшін қажет қадам екендігін тілге тиек етті. Ол Президент өкілеттігіне қатысты нормалар, Парламент жүйесіндегі өзгерістер, т.б. тоқталды.
Конституциялық реформа жөніндегі комиссия мүшесі, Ұлттық құрылтай мүшесі, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің Басқарма төрағасы — ректоры Лаура Қарабасова жаңа Конституция жобасында білім, ғылым және инновациялар тұңғыш рет негізгі құндылықтар ретінде айқындалып, мемлекеттік стратегиялық басымдықтар санатына енгізілгенін айтты.
Жиын соңында спикерлер оқытушылар мен студенттерді алдағы референдумда белсенділік танытып, өз азаматтық ұстанымдарын көрсетуге, ел болашағына бейжай қарамауға шақырды.

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.