Халыққа қажетті орталық жұмысы хақында
2022 жылы бірқатар парламент депутаттары отбасын қолдау орталыұтарын «Жастарды қолдау ресурстық орталықтары» жанынан ашуды ұсынды. Бұл ұсыныс үлгілік ережеге негізделіп, 2024 жылдың маусым айында ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі отбасын қолдау орталықтарын коммуналдық мемлекеттік мекеме ретінде ашу туралы бұйрық шығарды.
Отбасы құндылықтарын сақтап, бүгінгі күні жиі кездесіп жүрген өзекті мәселелердің алдын-алу және шешу мақсатында ауданымыздың орталығында Алға ауданы әкімдігінің 2024 жылғы 26 маусымдағы № 145 қаулысы негізінде 2024 жылы 10 қыркүйек күні «Жадыра» отбасын қолдау орталығы ашылған болатын. Ашылған күннен бастап орталық мамандары осы уақытқа дейінгі аралықта көптеген іс-шаралар өткізіп, кеңестер беріп, нәтижелерге де қол жеткізе білді. Оларға тоқтала кетсек, орталыққа жалпы келушілер саны – 318, заңгердің көмегін алғандар – 52, психологтың көмегін алғандар – 43, логопед-дефектологтың көмегін алғандар – 12, медиаторлық көмек алған отбасылар саны – 9, сонымен қатар аудан бойынша қолайсыз отбасылар санатындағы 11 отбасымен жұмыс жүргізілді. Аталмыш орталық тек аудан орталығында ғана қызметтер көрсетпей, сонымен бірге ауыл-аймақтарды аралап түрлі форматтағы кездесулер өткізіп, заңгерлік, психологиялық кеңестер береді.
Әлеуметтік санаттағы отбасыларды қоғамға тарту мақсатында ауылдық округтерде, оның ішінде Есет батыр, Үшқұдық, Бестамақ, Бесқопа ауылдарының тұрғындарына психолог пен заңгердің көмегі көрсетілді. Қаламыздағы мектептер мен Самбай ауылдық мектебінде ата-аналар жиналысына қатысып, ақпараттық жұмыс жүргізілді. Аудандық мәдениет үйінде көрсетілетін кино, концерт, спектакльдерге 12 отбасы апарылды. Кәсіптік бағдар беру мақсатында екі кездесу өткізіліп, нәтижесінде 2 адам қосымша табыс табуға үйретілді.
Қазіргі кезде қоғамда ерекше алаңдаушылық тудырып отырған мәселелердің бірі тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу мақсатында ақпараттық жұмыстар үнемі жүргізілуде. Сонымен қатар орталықта ата-әжелерге арналған «Қария-қазына», әкелерге арналған «Әкем-қорғаным», қыз-келіншектерге арналған «Сырғалым», жасөспірімдерге арналған «KazEngRush» тіл үйрену бағытындағы клубтар (еркін форматта) белсенді түрде жұмыс жасайды. Әлеуметтік санаттағы отбасылардың балаларына каникулды тиімді өткізу мақсатында «Кітап терапиясы» жобасы аясында оқитын орта ұйымдастырылды. Өмірде сан түрлі тағдырлары, қиындықтары бар адамдарды қоғамға тарту, осындай топтағы отбасылармен жеке кездесулер өткізілді. Мемлекеттік сұраныс арқылы облыс, аудан, ауыл көлемінде материалдық жағдайы төмен немесе өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасылармен саяхатқа шығу жоспарда бар.
Жаңа жыл басталысымен-ақ орталықтың мамандары іс-сапармен ауылдарды аралауды жалғастыруда. Алға аудандық «Жадыра» отбасын қолдау орталығының заңгері Отарбек Пірімжанұлы Тамды ауылының тұрғындарымен кездесіп, заң саласы бойынша кеңестер берді. Ауыл тұрғындары көкейлерінде жүрген сұрақтарына нақты жауаптар алды. Халық игілігі мен отбасы дәстүрлерін, рухани құндылықтарын сақтап қалуда зор үлес қосып келе жатқан орталық ұжымына алдағы уақытта толағай табыстар мен сәттіліктер тілейміз! Өркениетті елдер қатарына қосылу жолында халық арасында атқарып жүрген еңбектеріңіз елене берсін!
Марал ЖАЛҒАСҚЫЗЫ