Иппотерапия – ерекше балалардың өмірге сенімін арттыратын қадам
Қазіргі қоғамда ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалардың денсаулығын нығайту, олардың әлеуметтік ортаға бейімделуіне жағдай жасау – маңызды міндеттердің бірі. Осы бағытта Бесқоспа орта мектебінде жүзеге асырылып жатқан «Иппотерапия – денсаулыққа сенімді қадам» атты әлеуметтік жоба – нақты нәтиже беріп отырған игі бастама.
Жоба ерекше балалардың физикалық және психологиялық дамуын қолдауға, олардың бойындағы өзіне деген сенімділікті арттыруға бағытталған. Иппотерапия – жылқының ырғақты қозғалысы арқылы емдеу әдісі. Бұл тәсіл тірек-қимыл аппараты мен жүйке жүйесінде бұзылыстары бар, сондай-ақ психоэмоционалдық қиындықтарды бастан кешіріп жүрген балалар үшін аса тиімді екені дәлелденген.
Жылқымен тікелей қарым-қатынас жасау барысында балалардың бұлшық еттері белсенді жұмыс істеп, тепе-теңдікті сақтау қабілеті дамиды. Ең бастысы – балалардың өзіне деген сенімі нығайып, көңіл күйі жақсарады. Сабақтар арнайы дайындықтан өткен, жуас мінезді жылқылармен, қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтай отырып жүргізіледі. Иппотерапия сабақтарына оқушылар тәжірибелі мамандардың жетекшілігімен қатысуда.
Жоба аясында ата-аналармен де жүйелі жұмыс ұйымдастырылып, иппотерапияның пайдасы, баланың дамуындағы рөлі туралы ақпарат пен кеңестер беріледі. Бұл – ата-ана мен маман арасындағы сенімді серіктестікті қалыптастыруға мүмкіндік беріп отыр.
Балалардың денсаулығын жақсартуға ғана емес, олардың бойында өмірге деген құлшыныс пен сенімділікті арттыруға бағытталған жобаның алғашқы нәтижелері көңіл қуантады. Қатысушы балалардың қозғалыс белсенділігі артып, эмоционалдық жағдайында оң өзгерістер байқалуда. Көптеген балалардың өмірге деген қызығушылығы оянып, қарым-қатынас жасауға деген талпынысы күшейген.
«Иппотерапия – денсаулыққа сенімді қадам» жобасы – бала денсаулығына жасалған нақты әрі нәтижелі қадам. Осындай әлеуметтік маңызы зор жобалар алдағы уақытта да жалғасын тауып, ерекше балалардың жарқын болашағына жол ашады деген сенім мол.
А.Сатыбалды,
Бесқоспа орта мектебінің педагог-психологі