Мақсат Орал – Алға өнерінің мақтанышы

«Өнер – халық қазынасы» демекші, туған өлкеміз Алға қаласында шығармашылық жолында айшықты із қалдырып келе жатқан жас дарындар аз емес. Солардың бірі – Мақсат Орал Жасланұлы. Бүгінде ол әуезді үнімен, тынымсыз еңбегімен туған жерінде ғана емес, республика көлемінде де танылып үлгерді.

Мақсат Орал – Алға қаласының тумасы, Алға мектеп-гимназиясының түлегі. Өнер жолындағы алғашқы қадамдарын Алға балалар өнер мектебінде бастаған. Вокал сыныбының жетекшісі, тәжірибелі педагог Симанова Айнагүл Жамбырбайқызы оның талантын ұштап, шығармашылыққа деген құштарлығын арттырған. Бүгінде Мақсат А.Жұбанов атындағы музыкалық колледжінің 1-курс студенті. Ол аты аңызға айналған, әлемге әйгілі әнші Димаш Құдайбергеннің ұстазы Марат Олжабайұлы Айтимовтың «Академиялық ән айту» класында білімін шыңдап жүр.

Ұстаздың еңбегі – шәкірттің жеңісі

«Ұстаздан шәкірт озса, игі» дегендей, Мақсаттың жетістіктеріне Айнагүл Жамбырбайқызы тамсана қарайды. Ұстазы Айнагүл де осы өнер мектебінің түлегі. Өмірін музыкаға арнаған ол Алға қаласында кәсіби музыкант әрі талантты педагог ретінде танылған. Оның шәкірт тәрбиелеудегі шеберлігі Мақсаттың өнер әлеміндегі биік белестерді бағындыруынан көрінеді.

Өнерге жан-тәнімен берілген Мақсаттың жетістіктері жетерлік. Ол 2022 жылы Ақтөбе қаласында өткен «Алтын дауыс» атты академиялық вокал байқауында «Бас жүлде» иегері атанды. Сол жылы Түркістан қаласында өткен «Қазақстан – бақытты балалар мекені» атты І Халықаралық шығармашылық фестиваль-конкурсында да үздік танылып, бас жүлдені иеленді.

2023 жыл да Мақсат үшін жеңіске толы болды. Алматы қаласында өткен республикалық «Дала сазы» байқауында, Ақтөбе қаласында ЮНЕСКО қолдауымен ұйымдастырылған «Алтын дауыс» байқауында және облыстық «Классика – 2023» жас таланттар фестивалінде жүлделі І орындарды жеңіп алды. Ал 2024 жылы елордамыз Астана қаласында өткен «Zhuldyz Festival» атты республикалық байқауда топ жарып, тағы да «Бас жүлдені» қанжығасына байлады.

Дарын мен табандылық – жетістік кепілі

«Өнерліге өріс кең» дегендей, Мақсаттың болашағы жарқын. Оның бойындағы табиғи талант, алғырлық пен еңбекқорлық оны жаңа биіктерге жетелейді. Әр байқаудағы жетістігі – өнердегі шынайы мақсатының көрсеткіші.

Бүгінде Мақсат ұстазы Айнагүл Жамбырбайқызы мен Димаш Құдайбергеннің тәлімгері Марат Айтимовтың қолдауымен кәсіби білім алып, өзінің өнерін шыңдауда. Бұл – тек басы ғана. Ертең бұл жас таланттың есімі Қазақстанның ғана емес, әлемнің сахналарында асқақтайтынына сенім мол.

Адам баласы ана үшін әрқашан асыл қазына. Бірақ бала өнер жолында жетістікке жетіп, туған елінің мақтанышына айналса, ана үшін бұл шексіз бақыт. Мақсат Оралдың анасы ұлының үлкен жетістіктеріне куә болған жан ретінде ұлының таланты, еңбекқорлығы мен табандылығы туралы жүрекжарды ойымен бөлісті.

  • Орал бала күнінен ерекше болды, – деп бастады ол әңгімесін. – Оның әуенге деген құштарлығы кішкентай кезінде-ақ байқалатын. Үйде кез келген әнді естіп, оны қайталап айтатын. Бірдеңені үйретуге тырыссақ, бәрін тез қағып алып, қайта өңдеп, өзінше орындайтын. Оның бойындағы дарынды бірден байқадық, — деді анасы.

Анасы ұлының тек табиғи дарынымен ғана емес, өнер жолындағы табандылығымен де ерекшеленетінін атап өтті.

  • Өнер жолы оңай емес. Әрбір жетістік үлкен еңбектің арқасында келеді. Орал барынша тырысып, әрбір байқауға жан-тәнімен дайындалатын. Ұстаздары да оның ерекше дарынды екенін жиі айтып жүрді, ал мен оның еңбегі мен алға ұмтылысын мақтан тұтамын. Оралдың әрбір алған марапаты мен үшін үлкен қуаныш. Ол тек бір адамның жетістігі емес, біздің бүкіл отбасымыздың, ұстаздарының еңбегі. Мен оны әрдайым қолдаймын, оның армандарына сенемін. Әр байқаудан кейін оның көзіндегі шаттықты көру – мен үшін шексіз бақыт, — деп анасы ұлының жеңістерін ерекше тебіреніспен еске алады.

P.S: «Таланттылар туған жерде өседі» дейді дана халқымыз. Алға жерінде туып-өскен Мақсат Оралдың өнер әлеміндегі әр қадамы біз үшін үлкен мақтаныш. Оның таланты мен жетістігі туған өлкесінің ғана емес, күллі қазақ өнерінің мәртебесін асқақтатып отыр.

 

Мәншүк САПАРОВА