Мемлекеттік тіл – әділдіктің айнасы
Сот төрелігі – мемлекеттің ең басты тіректерінің бірі. Ал сол төреліктің халыққа түсінікті тілде жүзеге асуы – қоғамдағы сенім мен тұрақтылықтың кепілі. Сот процесі азаматқа ұғынықты, өз ана тілінде жүргізілгенде ғана әділдікке деген шынайы сенім қалыптасады. Адам өз арызын мемлекеттік тілде жазып, өз уәжін сол тілде жеткізіп, сот шешімін толық әрі анық түсінген жағдайда ғана сот билігінің ашықтығы мен қолжетімділігі қамтамасыз етіледі.
Бұл – жай ғана тіл мәселесі емес. Бұл – құқықтық мәдениеттің деңгейі, заңға деген құрметтің өлшемі. Мемлекеттік тілде жүргізілген сот отырыстары ұлттық құндылықтарды нығайтып қана қоймай, құқық саласындағы кәсіби сапаны да арттырады. Судьялар мен сот қызметкерлерінің қазақ тілінде сауатты сөйлеп, құқықтық терминдерді дәл әрі орынды қолдануы – бүгінгі күннің бұлжымас талабы.
Қазақ тілінде сөйлейтін сот – халықтың үніне құлақ асатын сот. Ал халыққа жақын, сөзі мен шешімі түсінікті сот – әділетті қоғамның берік іргетасы. Мемлекеттік тілдің сот жүйесінде кеңінен қолданылуы – елдік мүддені қорғаудың, тәуелсіздікті нығайтудың және құқық үстемдігін қамтамасыз етудің маңызды қадамы.
Т.Наурыз,
Алға аудандық сот әкімшісінің бас маманы,
сот отырысының хатшысы