Мәселе

Қаламыздың тазалығы кімге керек?

 Тазалық. Үйінің, тұратын жерінің таза болғанын кез келген адам қалайды. Тазалық – адамға керемет көңіл-күй сыйлайтыны белгілі. Мәселен, қала ішінде кетіп бара жатып, жан-жағыңа қараған кезде мұнтаздай таза болса керемет емес пе?! Ал қоқыс жатқанын көрсеңіз, көңіліңіз әп-сәтте бұзылады. Осы тұрғыда тазалықшы болып қызмет атқаратын адамдардың еңбегі зор. Басқасын былай қойғанда, күнделікті өмір қажеттілігінен артылған тұрмыстық қалдықтар мен қоқыстарды арнайы қоқыс жәшігіне неге салмасқа? Айта берсе сөз жетпейтін «қоқыс жәшігі» бүгінде қаламыздың басты проблемасының бірі.

«Айта-айта алтайды, Жамал апам қартайды» деуші ме еді?.. Алға қаласының қоқыс мәселесі әлеуметтік желіде жаза-жаза жауыр болған тақырып. Десе де, бүгінгі нөмірде бұрыш-бұрышта үйіліп, қаланың көркін кетірген қоқыс туралы тағы да қалам тербедік… Үйінің, тұратын жерінің, айналасының таза болғанын кез келген адам қалайды. Осы тұста қоқысты жинап, ретке келтіретін жұмысшылардың еңбегін елемеуге болмайды. Таңертең жұмысқа келе жатқаннан көшенің қоқысы жиналып, тазарғанын байқаймыз. Кейде «Олар сонда жұмысты нешеде бастайды? Нағыз еңбек сол кісілердікі ғой!»  – деген ой жетегінде жүреміз.  Күн ауғанда да, тіпті көлеңкенің өзі сая болмайтын аптап ыстықта тынымсыз еңбектен бас алмайтын тазалықшы еңбегі өлшеусіз.

Жүрген жерімізді пісте, сағыз, темекі қалдығына, босаған шыны бөтелкелерге толтырып, көшені ластаған жекелеген азаматтар әкімшілік жауапкершілікке тартылғанымен, тәртіп бұзушылар қатары азаймай отыр. Ол аз болса күнделікті тұрғындар үйлерінен шығатын қоқысты арнайы жәшікке жеткізуге де ерінеді ғой… Бәрінің ойлайтыны біреу – тазалыққа тек әкімдік жауапты, тиісті жұмыстарды солар атқаруы тиіс. Әрине, бұл қате пікір.

Көшең гүлденіп, ауылың түрленіп жатса өзгелердің сүйсіне де қарайтыны белгілі емес пе? Қанша жерден тазалық жұмыстары жүргізілсе де, көңіл көншітпейді.

P.S: Тазалық – табалдырықтан басталатынын ұмытпаңыз. Қала тазалығы бір мекеменің ғана емес, тұрғындардың да қолында. Дегенмен арқаны кеңге салып отыра бермей, тазалыққа сіз де үлес қосыңыз. Тазалықшы кісіні көргенде еңбегін бағалаңыз. Арасында сіз де иіліп, жерде жатқан қоқысты алыңыз. Мүмкін сонда ғана қала қандай еңбекпен тазарып жатқанын сезінерсіз. Сондай-ақ,  тазалық сақтамайтындарға талап күшті болу керек. Сонда барып істен нәтиже күтуге болады. Бұл өзіміз үшін керек. Тазалық сақтауға бәріміз үлес қосайық!

 

 Мәншүк САПАРОВА