Қара жұмысқа ерте араласқан қазақ қыздары
Соғыс жылдарында жеңісті жақындатуға тыл еңбеккерлері ерен үлес қосты. «Бәрі де майдан үшін, бәрі де жеңіс үшін» деген ұранмен ауылда соқа салып, егін еккендердің көрген қиыншылықтары аз емес. Ашаршылықтың қасіретін көзбен көріп, Ұлы отан соғысының зардабын шеккен тыл ардагерлері бар Алға ауданына қарасты Қарағаш ауылында да бар. Олар Пакиза Сатыбалдина мен Ұлпан Мажиева. Қос ғасырдың куәгерлері ел басына күн туғанда ерлікпен еселі еңбек етіп, елдің алғысын арқалаған. Қара жұмысқа жегіліп, саналы ғұмырын бүгінгі толқынның болашағы үшін сарп еткен ардагерлермен аудандық «Жұлдыз-Звезда» газетінің тілшілері тілдесіп қайтты.
Еңбегі ерге бергісіз кейуана
Ардақты тұлға, тыл ардагері Пакиза Бисембаева — 95 жаста. Соғыстың қиын кезеңінде еңбектің ащы дәмін, заманының тауқыметін тартқан Пәкиза Есқазықызы қазіргі Қарағаш ауылы, бұрыңғы Қызыл әскер елді мекенінде 13 жасынан бастап қара жұмыс жасаған. Ауыл тұрғындарымен бірге плотина салуға көмектескен. Кешке жүн түтіп, жіп иіріп, майданда жан беріп, жан алысып жүрген жауынгерлерге шұлық, қолғап тоқыпты. Сабанмен шөп шауып, оны ауылға тасыған. Сөйтіп, бұғанасы қатпаған жасөспірім тылдағы еңбекке ерте араласқан. Таң сәріден күн қарайғанға дейін тынымсыз еңбек етіп, михнатты бейнет шегеді.
- Оқу оқытпады. Әкем соғысқа аттанған жылы алған жарақатынан оңала алмай, Саратовтың госпиталінде қайтыс болды. Пулеметчик еді. Сол жылы келген қара қағазды көргенде анамның жүрегі қарс айырылды. Анамыздың қолында інім екеуіміз қалдық. Інім Жақсылық, ол кезде омыраудағы нәресте еді. Соғыстың зардабы қатты тиді. Көп қиналдым, — деді Пәкиза әже.
Абыз ана жасына қарамастан тыным таппай үй шаруасымен айналысатын. Сексеннің сеңгірінен тоқсанның тоғайына кеткен шағында сиыр сауып, сипарат тартқан әжеміз, қолы босай қалса іс тігетін. Әр баланың үйінде Пәкиза әжейдің өз қолымен тоқыған шұлығы, көрпешесі немесе киім-кешегі сақталған. Жасы ұлғайған сайын қариялар денсаулығына шағым айтса, кейуанада ондай болмапты. Тек, соңғы екі-үш жылдықта ғана денсаулығы сыр бере бастаған.
Соғыс басталған жылы небәрі 13 жаста болған Пәкиза әжеміз шешесіне демеу болды. Әлі оң-солын танып үлгермеген қаршадай қыз түтін басын түгел шалған ұлы нәубетті көзбен көріп өсті. Жастайынан еңбекке араласып, ересектермен қатар қара жұмыстың қыртысын қопарды. Бар ауыртпашылықты анасымен қайыспай, қатар көтерді.
- Бүкіл ауыл азық-түліктен тарығып, ащ құрсақ күйде жүрсе де майданға көмек көрсетуін тоқтатқан жоқ. Ең алдымен майданға жөнелтетін едік. Одан қалып жатса ғана, өзімізді ойлайтынбыз, — деп еске алады қария.
Тағдыр тауқыметін тартқан анасынан естігенін әңгімелеп берген қызы…
- Анасы екеуінің қолында сүйегі қатаймаған нәресте қалған. Жалғыз ешкіні сауып, сүтін бауырына беретін. Қызығы сол, жоқшылық кезінде сүт құятын бөтелке болмаған. Омыраудан шығып кеткен бала шырылдап жылаған кезінде амал нешік, анасы ауызына сүт толтырып, тілінің көмегімен бауырын еміздірген екен, — деді Нұржамал апа.
Елдегі ер азаматтардың бәрі майданға кеткен ауыр шақ. Халықтың тұрмысы мүшкіл. Пәкиза әже шама-шарқынша үлкендерге қолқабыс еткен. Тыным таппай колхоздың пішенін шабысып, егінін орысқан.
Көненің көзіндей болған Пәкиза Есқазықызының өмір жолы баршаға үлгі. 11 құрсақ көтерген асыл әженің бүгінде 7 баласы қасында. 24 немересі, 44 шөбересі бар. Немерелерінің әрқайсысы отбасын, тарихын атадан балаға мұра етіп келе жатқан жайы бар. Шөберенің алды Әсемай Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің «Шет тілі» факультетінде білім алса, кіші шөбересі Мұстафа күні кеше дүниенің есігін ашты.
Отбасының ұйытқысына айналған еңбек ері қазір немере, шөбере сүйіп, бейнеттің зейнетін көріп отыр. Қарт ана келер ұрпақтың еңбекқор, қағілес, ісіне адал болуына өсиет айтып, ақ батасын берді.
Еңбек адамы – ел тірегі
Еңбек күні қарсаңында Алға аудандық «Жұлдыз-Звезда» газетінің тілшілері 95 жасты толтырған тыл ардагері Ұлпан Мәжиевамен тілдесіп қайтты. Кешегі күні ауылда қара жұмыстың қазанында қайнаған қаршадай қыз бүгінде батыр ана атанып, бүтін бір әулеттің тірегіне айналған.
Ерге бергісіз еңбек еткен кейуана тылда тынымсыз шаруа бітірген. Сол бір сұрапыл майдан жылдарын бүгінде күрсіне еске алады. Екінші дүниежүзілік соғыс жүріп жатқан тұста Ұлпан әженің жасы 13 болды. Бүгінде өңіріміздің бас қаласы саналатын Ақтөбе сол кезде бойжеткеннің туған жері болған. Жастайынан еңбекке араласқан ол соғыстың қиын кезеңінде еңбектің ащы дәмін, заманның тауқыметін тартқан. Бойжеткен кезінде Қарағаш (сол кездегі Қызыл әскер) ауылында әртүрлі қызмет жасап, зейнеткерлікке шығады.
Жеке куәлігіндегі 1928 жыл деген жазу болмаса, абзал ананың жасы ғасырға жақындап қалғанына ешкім сене қоймайды. Оның балалық шағы халқымызға қасірет жұтқызған зұлмат жылдарға тұспа-тұс келсе, бойжеткен шағында екінші дүниежүзілік соғысты басынан өткерді. Қаршадайынан қара жұмыс істеген кейіпкеріміз 1947 жылы Сүлеймен Мәжиев есімді азаматпен некеге тұрған. Шаңырақ көтерген соң, жұбайы екеуі соғыстан кейінгі ауыр жылдарда елді қайта құруға қатысады. Өмірлік серігі шайқасқа қатысып, қоршауда қалған. Ұлы Отан соғысы аяқталып, жеңіске қол жеткізгенімізбен, тұтқынға түскен азаматтарымыз бірден елге қайтпады. Міне, Сүлеймен атамыз да 2 жылдай Мәскеуді қайта құру жолында маңдай терін төккен. Кейін құжаттары реттелген соң, елге қайтып, жақындарымен қауышады.
Тоқсанның белесіне шыққан Ұлпан әжеміздің 8 баласынан 22 немересі, 43 шөбересі бар. Елге қасірет әкелген зұлмат кезеңнің ескірмес естеліктерін енді соларға айтып отырады. Перзенттері бір-бір саланың мамандары атанып, бүгінде зейнеткерлікке шыққан. 4 қызы да медицина саласында қызмет еткен. Бүгінде немеренің алды Айгүл — кардиолог.
- Мұндай зұлмат заманды ендігі жұртқа, бала-шағаға бермесін. Бақытты заманда күнелтіп жатсыңдар. Бақыттысыңдар, қарақтарым. Осы бақыттарыңнан айырмасын, — деп асыл әжеміз ақ батасын берді.
Ұлы жеңіске қан майданмен бірге тыл бейнеті арқылы да қол жеткен болатын. Ұлпан әжеміздің жүзінен сұрапыл жылдардың табы сезілгендей.
Балалық шағы қара жұмысқа жегілумен өткенін еске алған кейуана бауырларына анасындай болғанын, бола тұра еңбек еткенін айта отырды.
- Шөп шаптым. Үйде бір ешкіміз болған. Соған жем болсын деп әуежайдан жусан жинап, арқама салып үйге әкелетінмін. Сол кезде Тұрақбай інім 3, Жалғасбай болса омырауда еді. Балаға қатаю үшін қорек керек қой. Бар тірлігіміз соларды аман-есен өсіру үшін болды. Ол кездері ағыл-тегіл ас та жоқ. Бәрі санаулы еді, — деп күрсіне еске алды Ұлпан Мәжиева.
P.S: Шөп шауып, трактор жөндеген тыл ардагерлерінің қара жұмысқа ерте араласқан кезі тарихта таңбамен басылған. Дегенмен, асылдарымыздың қиын-қыстау күндерін баяндаудың еш артықшылығы жоқ. Тағдырдың сынына шыдап, бүгінде іргесі берік әулеттің әзиз аналары, тіреу болып отырған ақылшы ақсақалдар қатары санаулы. Айта кетейік, бүгінде Алға ауданы бойынша … тыл ардагері бар. Ендігі уақытта, оларды құрметке бөлеп, мәртебесін асқақтату – біздің міндетіміз.
Мадина БОЛАТБЕКҚЫЗЫ