Қоғамдық кеңес – халық пен билік арасындағы алтын көпір
Бүгінгі қоғам – ашықтық пен жариялылықтың дәуірі. Ал дәл осы ұстанымдардың өміршеңдігін қамтамасыз ететін құрылым — Қоғамдық кеңес. Бұл — халық пен билік арасындағы сенімге негізделген диалог алаңы. Алға аудандық қоғамдық кеңесінің кезекті отырысында күн тәртібінде үш маңызды мәселе қаралды. Олардың әрқайсысы ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық ахуалына, халықтың әл-ауқатына тікелей әсер ететін өзекті тақырыптар болды.
Күн тәртібіндегі бірінші мәселе — Алға аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің жұмысы бойынша есеп тыңдау еді. Алайда өкінішке қарай, бөлім басшысы да, өкілі де қоғамдық кеңес отырысына қатыспады. Бұл жағдай кеңес мүшелерінің наразылығын тудырды. Отырыс — пікір алмасу, шешім қабылдау алаңы, сондықтан оған негізсіз қатыспау — құрметсіздік қана емес, ашық мемлекеттік басқару қағидаттарына қарсы әрекет. Қоғамдық кеңес аталмыш бөлімнің жауапты инстанциясына ресми хат жолдайтынын мәлімдеді. Өйткені, мемлекеттік орган халық алдында есепті болуға міндетті, бұл — Заң талабы. Қоғамдық кеңестің беделі мен маңызы да осындай талаптарды нақты қоюынан көрінеді.
Келесі мәселе бойынша Алға аудандық Мансап орталығының өкілі Ләззат Абиляшева баяндама жасады. Оның айтуынша, бүгінгі таңда «Ақтөбе-Цем» ЖШС зауытына жұмысқа орналасуға тіркелгендердің саны – 480 адам. Оның 307-сі 2024 жылы, ал 173 адам биыл ғана тіркелген. Мансап орталығының ақпараттық түсіндіру жұмыстары нәтижесінде 203 адам өз бетінше тұрақты жұмысқа орналасқан. Ал қалған 277 жұмыссыз азаматқа Enbek.kz порталындағы бос жұмыс орындары мен цемент зауыты ұсынған ваканциялар ұсынылған.
Бүгінде «Ақтөбе-Цем» ЖШС 13 мамандық бойынша 22 адамды жұмысқа қабылдауға ұсыныс берген. Атап айтсақ: кірпіш зауытының операторы – 5 адам, бетон араластырғыш көлігінің жүргізушісі – 2, погрузчик жүргізушісі – 4, электрик – 1, дәнекерлеуші – 2, жұмысшы – 4, аудармашы – 1. Тиісті құжаттар жинақталып, кәсіпорынның кадр бөліміне жолданғанымен, әлі бірде-бір азамат тұрақты жұмысқа қабылданбаған. Бір азамат жалақының аздығына байланысты құжаттарын қайтарып алған, ал еден жуушы жұмысына 3 әйел адам ауыр жұмыс пен қашықтықты себеп етіп, бас тартқан. Қоғамдық кеңес бұл жағдайды талқылай келе, бастапқыда ұсынылған жалақы мөлшерінің қазіргі көрсеткішпен сәйкес келмейтінін алға тартып, жақын арада зауыт өкілдерін арнайы кеңес отырысына шақыруды ұсынды. Бұл – қоғамдық бақылау тетігінің нақты іске асуының көрінісі.
Үшінші мәселе бойынша сөз алған Алға индустриалды-техникалық колледжінің директоры Асхат Себепбаев колледждің қазіргі жағдайы мен жоспарлары туралы толық мәлімет берді. 2024-2025 оқу жылына колледжде 208 студент білім алуда. Оның ішінде І курс – 110, ІІ курс – 37, ІІІ курс – 61. Колледж ауыл шаруашылығын механикаландыру, дәнекерлеу, тамақтандыруды ұйымдастыру, тігін өндірісі, құрылыс, автокөлік жөндеу сынды мамандықтар бойынша мамандар даярлайды.
Алдағы оқу жылынан бастап тағы екі жаңа бағыт – газ жабдықтарын құрастыру және пайдалану, сондай-ақ электроқұрылғыларды жөндеу және қызмет көрсету мамандықтары ашылады. Бұл түлектерге газ құбырларын пайдалану слесары мен электромонтер біліктілігін алуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жарияланған «Мамандықтар жылы» аясында колледж «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ, «АлғаЭнергоСнаб» ЖШС және «Ажар» ШҚ кәсіпорындарымен дуалды оқыту жүйесін енгізуде. Бұл – оқу ордасы, кәсіпорын және кәсіпкерлер палатасы арасында үшжақты келісім арқылы жүзеге асады.
Алайда, колледждің жетістігімен қатар шешімін күткен мәселелері де бар. Бірнеше жылдан бері бос тұрған бес қабатты ғимаратты жылыту үшін жылына 1,5 миллион теңге жұмсалуда. Жоғары шығынды болдырмау үшін бұл ғимаратты ортақ жылу жүйесінен ажырату қажеттігі айтылды. Сонымен қатар колледжде асхана жоқ, бұл студенттердің күнделікті тұрмысына қиындық туғызуда. Мәселен, алдағы уақытта білім алушылар саны артқан жағдайда колледж екі ауысымға ауысуына тура келеді. Осы тұста асхананың колледж студенттері мен педагогтеріне ауадай қажет болатынын айтпасақ да белгілі. Сонымен қатар, «Ақтөбе-цем» ЖШС бірлесе отырып, дуалды жүйе арқылы мамандарды даярлау мақсатында АИТК қосымша мамандық ашылса деген ұсынысты қоғамдық кеңес мүшелері назарға алды.
Қорытындылай келе, қоғамдық кеңес – жай ғана талқылау алаңы емес, нақты шешімдер қабылдайтын, жауапты тұлғалардан есеп талап ете алатын құрылым екенін айта кету керек. Оның әр отырысы — халықтың үнін билікке жеткізетін, маңызды мәселелердің бетін ашып, ортақ мүдде үшін жұмыс істеуге шақыратын маңызды диалог алаңы. Алға ауданындағы бұл отырыс қоғамдық кеңестің өзекті мәселелерді батыл көтеріп, нақты ұсыныстарды ортаға салатынын тағы бір мәрте дәлелдеді.
Мадина ТАЖИБЕКОВА