Құқықтық мәдениет — болашақтың кепілі
Құқықтық мәдениеттің өзі рухани құндылыққа жатады. Себебі, құқық ең маңызды қоғамдық құндылық болып табылады. Жалпы құқықтық мәдениет мәдениеттен бастау алып, халықтың даму деңгейінен көрініс табады. Осы мәселені толығырақ талқылап, жан-жақты түсіндіру мақсатында №3 Алға қазақ орта мектебінде «Құқықтық мәдениет – болашақтың кепілі» тақырыбында аудандық ашық пікірсайыс турнирі ұйымдастырылды.
Іс-шара түлектер мен жас буын арасында өзара тәжірибе алмасуға, құқықтық сауаттылықты арттыруға бағытталды. Турнирге Алға ауданының әртүрлі білім беру мекемелерінің үздік фракциялары қатысты.
Турнир үш кезеңнен тұрды: іріктеу кезеңі, жартылай финал және финал. Барлық кезеңдер қызу талқылаулар мен жоғары деңгейдегі дайындықты көрсетті. Әрбір фракция өз ұстанымын дәлелдеп, қарсыластарымен пікір таластыруда тапқырлық пен білімдерін паш етті.
Турнир қорытындысы бойынша: жүлделі 3 орынға «Шам» фракциясы лайық деп танылды. Ал финалдық ойында өзара мықтыны анықтаған «Парасат» және «Барбаросса» фракцияларының арасынан 2-орынды «Парасат» фракциясы иеленсе, «Барбаросса» фракциясы турнир жеңімпазы атанды.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлер медаль, кубок және арнайы сыйлықтармен марапатталды. Турнирдің жоғары деңгейде өтуіне төрешілердің әділ шешімдері тікелей әсер етті. Аудандық дебат жетекшілерінен бөлек арнайы шақырылған Сейілханова Меруерт пен Оразбаева Мөлдір ойынға әділ төрелік жасады. Олардың шешімі бойынша оқушылар арасынан Мандибаев Бекзат, ал түлектер арасынан Абдықалық Бекзат үздік спикер атағын иеленді. Сонымен қатар үздік ойыншылардың қатарында №3 Алға қазақ орта мектебінің 9 сынып оқушысы І орын иеленген Амир Серікқали де бар. Бұл жетістіктер қатысушылардың құқықтық білім мен шешендік өнерге деген қызығушылығының айқын дәлелі болды.
Дебат соңында Алға аудандық білім бөлімінің әдіскері Абдуллина Асель Ниетовна өз кезегінде қатысушыларға алғыс білдіріп, мұндай пікірсайыс турнирлерінің жастардың ой-өрісін кеңейтіп, қоғамдағы белсенділігін арттырудағы маңызын ерекше атап өтті. Турнирдің аудандық деңгейдегі пікірсайыс дәстүрін жалғастырып, құқықтық сауаттылықты дамытуға үлес қосатын маңызды шараларының бірі ретінде есте қалды.
Жолдасов Казбек Куралбайулы
«№3 Алға қазақ орта мектебі» КММ
«Alga Qazaq» дебат клубының жетекшісі