Референдумға 577 053 ақтөбелік қатысуға құқылы

Ақтөбеде 14 аумақтық, 528 учаскелік референдум комиссиясы жұмыс жасайды. Бұл туралы облыстық аумақтық референдум комиссиясының төрағасы Нұрлыбек Жүсіпов мәлімдеді.
— Мемлекет басшысыҚасым-Жомарт Тоқаев биыл 11 ақпанда «2026 жылғы 15 наурызда республикалық референдум өткізу туралы» Жарлыққа қол қойды. Осы құжаттың негізінде 12 ақпанда Орталық референдум комиссиясы биыл 15 наурызға тағайындалған республикалық референдумды әзірлеу мен өткізу жөніндегі негізгі іс-шаралардың күнтізбелік жоспарын бекітті. Республикалық референдумда облыс бойынша 14 аумақтық және 528 учаскелік референдум комиссиясы жұмыс істейді.Референдум комиссияларының құрамында 3 534 мүше бар, — деді Нұрлыбек Жүсіпов.
Оның айтуынша, облыста референдумға қатысуға құқығы бар азаматтар тізіміне 577 053 адам енгізілген.
— Аумақтық және учаскелік референдум комиссияларының орналасқан жері, құрамы, жұмыс кестесі және референдум учаскелерінің шекаралары туралы ақпараттар баспасөзде жарияланып, аудандық, қалалық және облыстық аумақтық комиссиялардың интернет-парақшаларында орналастырылды. Көп қабатты үйлердің кіреберістеріне референдум учаскесінің мекенжайы мен телефон нөмірі көрсетілген ақпараттық плакаттар дайындалды. Учаскелік референдум комиссиялары 23 ақпаннан бастап жұмысқа кірісті, — дейді ол.
Облыс азаматтары 27 ақпаннан бастап өздерінің тұрғылықты жері бойынша құрылған учаскелерде референдумға қатысуға құқығы бар азаматтар тізімдерімен таныса алады. Комиссиялар қажет болған жағдайда тізімдердегі қателер мен дәлсіздіктер туралы өтініштерді қарайды, оларға тиісті өзгерістер енгізу туралы мәселелерді шешеді.
— Азаматтар үшін QR-коды бар атаулы шақыру қағаздары дайындалды. Дауыс беру күніне он күн қалғанға дейін учаскелік референдум комиссиялары шақыру қағаздарын тарату арқылы дауыс беру уақыты мен орны туралы хабардар етеді, — деді аумақтық референдум комиссиясының төрағасы Нұрлыбек Жүсіпов.
Ол өз сөзінде алдағы республикалық референдумға қатысты ақпараттық-түсіндіру жұмыстары кең көлемде жүргізіліп жатқанын атап өтті. Атап айтқанда, «Референдум тағайындалған күн туралы» және «Республикалық референдумға қатысуға құқығы бар азаматтар тізіміне енгізілуін тексеру туралы» мәліметтер интернет ресурстарда, әлеуметтік желілерде, LED-экрандарда жарияланған. Сонымен қатар теле-радио арналары арқылы арнайы ақпараттық бейнероликтер тұрақты түрде көрсетілуде.
Сондай-ақ ол азаматтарға өздерінің тіркелген мекенжайы бойынша дауыс беру учаскесі туралы мәліметтерді нақтылауға мүмкіндік жасалғанын айтты. Call-орталықтардың жұмыс тәртібі туралы ақпарат пен Telegram чат-ботқа сілтеме аумақтық комиссиялардың ресми интернет-беттерінде орналастырылған. Бұл шаралар әрбір азаматтың референдумға қатысуына қолайлы жағдай жасауға бағытталған.
Арайлым НҰРБАЕВА.