Сарып – адамдар мен жануарлардың жүйке жүйесі мен тірек – қимыл аппаратын зақымдайтын, адамдарда ұзаққа созылатын жұқпалы ауру. Сарып зоонозды инфекция, аурудың адамдарға жұқпа көзі үй жануарлары болып табылады.
Адамдар жануарлардан (ірі мүйізді, ұсақ мал, шошқа, жылқы, түйе, ит) ауруды залалсыздандырылмаған шикі сүт, сүт өнімдерін және толық термиялық өңдеуден өтпеген етті (кәуәп, шұжық) қолдану арқылы алиментарлы жолмен немесе ауылшаршуалығы малдарын бағу, мал төлдегенде контактілі жолмен жұқтырады. Ауруды малды бағу кезінде жұқтыру жиі кездеседі.
Адамдарда сарып ауруы 2-3 аптадан кейін жалпы ауырсыну, дене қызуының 39-40º көтерілуінен басталады. Ары қарай бас ауруы, тершеңдік пен ұйқысыздыққа ұласады. Жүйелі түрде буын, бұлшық ет ауырсынып, буын зақымдалады. Аурушаңдық 3 айға созылады, бірақ 1-2 жылға дейін ұзаруы да мүмкін. Сарып ауруының ұзаққа созылуы, аурудың жиі қайталануы және аурудан кейінгі асқынулар әсерінен науқастың жұмысқа деген қабілеті жартылай немесе толықтай жоғалуы мүмкін.
Адамдар уақытында дәрігерге қаралмаған кезде ауру созылмалы түрге көшіп, мүгедектікке және бедеулікке дейін асқынып кетуі әбден мүмкін.
2023 жылдың 10 айында бруцеллез ауруының 38 жағдайы тіркеліп, 100 мың тұрғынға шаққандағы аурушаңдық көрсеткіші 4,08 құрады (2022ж 10 ай.- 19 жағдай, көресткіш 2,08). Аурушаңдық адамдарға жұғу көзі 15 жағдайда ұсақ мүйізді мал, 16 жағдайда ірі қара мал, 1 жағдайда ит 6 жағдайда инфекция көзі анықталмаған. Себебі, науқас адамдар иелігінде мал ұстамайды. Бұл жағдайда, инфекция көзі қолдан сатып алынған сүт және ет өнімдері болуы мүмкін. Сарыптың барлық ошағында санитариялық қызметтің эпидемиологтары мен ветеринариялық қызмет мамандары бірлесіп індетке қарсы, ветеринариялық-санитариялық іс-шараларын жүргізді.
Аурудың алдын алу үшін бірқатар іс-шараларды сақтау қажет:
— көктемде ауылшаруашылығы малдарын жайылымға шығар алдында және күзде қора-жайларға кіру алдында жылына екі рет сарыпқа тексерту;
— сарыппен ауырған малдар анықталған жағдайда ауру малды дені сау малдардан дереу оқшаулап, 15 күн ішінде оларды союға өткізу керек.
— одан әрі ветеринариялық қызмет ауру жануарлар ұсталған үй-жайларда дезинфекциялық іс-шараларды жүргізуі үшін мал иелері қора-жайды механикалық тазарту;
— ветеринариялық қызмет мамандары ауру жануарлар ұсталған үй-жайларда дезинфекциялық іс-шаралар жүргізеді;
— ауру малға күтім жасауға балалар, 18 жасқа дейінгі жасөспірімдер, жүкті және бала емізетін әйелдер жіберілмеуі тиіс;
— сүт, басқа сүт өнімдерін тек қайнатып ішу керек. Ауру қоздырғышы (бруцелла) 100ºС температурасында қайнатқанда 5 минут ішінде жойылады;
— толық термиялық өңдеуден өтпеген етті тамаққа тұтынбау;
— сүт және сүт өнімдерін белгісіз тұлғалардан және белгіленбеген жерлерден сатып алмау;
— жануарларды күту кезінде, әсіресе мал төлдегенде қарапайым жеке бас гигиенасы ережелерін сақтау, мал жайлаған кезде темекі шекпеу, арнайы қорғаныш киімдерін киіп, жұмыстан кейін қолды жуу қажет.
Н.Утегенов,
Алға аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқарма басшысы