САЯЛЫ мекенге САЯХАТ

Қай заманда болсын білімді, қабілетті ұрпақ – ұлтымыздың баға жетпес қазынасы болған. Бүгінде үздіксіз білім беру жас ұрпақтың білімінің тереңдігімен өлшенгесін балабақшадағы тәрбиеге үлкен көңіл бөлінуде. Осы тұста білім беру балабақша табалдырығынан басталады десек қателеспеспіз. Өйткені бар білімнің бастауы – балабақшада. Қазір балабақшаға бармайтын бала бірен-саран. Балаға берілетін тәрбие мен білімнің негізі және алғашқы фундаментін қалайтын мектеп емес, балабақша десек сенесіз бе? Олай деуімізге себеп те жоқ емес. Себебі мұнда балалар бірінші рет «апай» деген сөзді аузына алып, «ұстаз» деген ұғымды санаға сіңіреді. Ал бала – біздің болашағымыз, көз қуанышымыз. Әрқашан оған киер киімнің жақсысын, тамақтың дәмдісін ұсынғымыз келеді. Балабақша таңдауда да осы қағиданы ұстанамыз. Баламыздың жарық, жылы, үйретері мол жерде жүргенін қалаймыз. Осындай заманға сай жабдықталған балабақшаның бірі – «Балбөбек» бөбекжай балабақшасы. Қаламыздағы мектепке дейінгі ұйымның жұмысы жүйелі, қадамы қарқынды. 280 тәрбиеленушіге дейін қабылдай алатын балабақшада бүгінде 10 топ жасақталған. Әрбір үйдің аманатын аялап ұстап тәлімді тәрбие беріп отырған балабақшаға Динара Кубесова басшылық етеді.

  • Мектепке дейінгі шақ адам өміріндегі ең маңызды кезең болып келеді. Өйткені, осы кезде баланың бойындағы қабілет жан-жақты дами бастайды. Сондықтан балалармен дамытушылық әрекеттер жүйелі жүргізілсе, жұмыс та нәтижелі болады. Бүгінде бала балабақшадан мектепке дайын шәкірт болып шығады. Балабақша – барлық тәрбие мен білімнің ең алғашқы баспалдағы. Өйткені, тәрбие мен білім қашанда егіз. Мұндағы тәрбие мен білім балалардың табиғи мінезін, қабілетін ерте жастан дамытады. Бала – болашағымыз, бала – қуанышымыз, – дейді балабақша меңгерушісі Динара Кубесова.

МКҚК №4 «Балбөбек» бөбекжай балабақшасына Динара Кубесова 2016 жылы меңгеруші болып келген. Содан бері тынымсыз еңбек етіп келеді. Тыңғылықты жұмысының арқасында 2022 жылы балабақшаға күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізді. Күрделі жөндеу жұмысының астарында  алабақшаны қайта құру көзделді. Шатыры, жылу жүйесі, су, кәріз, электр жүйесі, бір сөзбен айтқанда инфроқұрылым толығымен жаңартылып, балабақшаның ішкі, сыртқы келбеті де заманауи тұрғыда жаңартылды. Балабақша айналасына брусчатка төселді. Осылайша ескі балабақшаға жаңа өмір сыйланды.

  • Динара Калимжановна өткен тәжірибесін жаңамен ұштастыра алатын, кәсіби қызығушылығы жоғары, танымы биік, бастаған ісінің нәтижесін көре алатын, ғылыми зерттееу жұмыстарын таңдай білетін, педагогикалық үрдістің заңдылықтарымен таныс, оқытудың әдістемелік жаңалықтарынан хабардар, оқыту үрдісін ізденімпаздықпен арттыратын өз ісінің шебері. Біліктілігі жоғары кәсіби педагогикалық маман иесі, — дейді Марина Атраубаева.

Балабақша ұжымының айтуынша Динара Калимжановна өз жұмысына адал жандардың бірі. Және де қай істі болсын белсенді жауапкершілікпен атқарып, сенімді серіктестік қатынасты нығайтып балабақшаның дамуына және өркендеуіне үлкен үлес қосып келеді екен. Балабақшадағы ішкі тәртіп ережесін қатаң сақтап, балабақша ұжымын ауызбіршілікте ұстайды. Балалардың денсаулығы мен өмір қауіпсіздігі үшін қажетті жағдайларды қамтамасыз етіп келеді.

Жас ұрпақ тәрбиесіне үлкен үлес қосып отырған бұл балабақша көп жылдық тарихы бар бірнеше ұрпақты тәрбиелеп, мектепке дейінгі тәрбие мен білімді ұштастырған қасиетті шаңырақ. Еліміздің білім беру саласындағы мемлекеттік саясатының басым бағыттарының бірі баланың тұрғылықты мекен жайына, әлеуметтік жағдайына және денсаулығына қарамастан оған мектепке дейінгі білімнің қолжетімділігін қамтамасыз етуді берік ұстанған балабақша ұжымының негізгі мақсаты — бар білгенін, асыл қасиеттерді періште бөбектерге арнау. Олардың жүрегіне жол тауып өзіндік «Мені» бар дәрежеге жеткізіп, оларды Отанын, туған жерін сүюге тәрбиелеп, патриоттық сезімін ояту. Сондай-ақ, балалардың нәзік жүректі жан дүниесін сезініп, оны аялап, сүйіспеншілікпен, мейірімділікпен, бар махабатын беріп тәрбиелеуді көздейді. Сонымен қатар, «Балбөбек» бөбекжай балабақшасы –  өнер мен білімге құштар бүлдіршіндердің алтын ұясы.

  • Біздің балабақшадағы әр бала үшін жасаған іс-әрекетіміз осы бүлдіршіндердің дамуы мен жетілуіне бағытталады. Балабақша –баланың жүйелі түрде білім-тәрбие алатын ең алғашқы қоғамдық ошағы болғандықтан балабақшаның балаға беретін тәлім-тәрбиесінің қаншалықты мықты болуы, сол балабақшада қызмет ететін педагогикалық ұжымға байланысты. Балабақшамызда қызмет ететін 30 педагогтың 14 жоғары білімі бар, 16 арнаулы орта педагог маманы (5 педагог сырттай жоғары оқу орнында оқып жатыр). Тәрбиешілеріміз жыл сайын өз біліктілік санатын көтеріп отырады. Соның арқасында 4 педагог –зерттеуші, 1 жоғары, 4 педагог-сарапшы, 7 педагог-модератор, 5-бірінші, 6 екінші санатты педагогтар қызмет жасайды.  Педагогтарымыз аудандық, облыстық, республикалық, халықаралық сайыстарға қатысып жүлделі орындарымен танымал. 2022 жылы балабақшамызда күрделі-жөндеу жұмыстары өтті. Қазіргі таңда балабақшамызда 240 бала тәрбиеленуде. Ата-аналар арасында да біздің балабақшамызда тәрбиеленгендер өте көп. Және де бұл ұрпақтар сабақтастығы жыл сайын  көбейіп келеді, — дейді балабақша меңгерушісі.

Иә, балабақша ұжымы келешек ұрпақтың тәрбиелі болып өсуіне аянбай қызмет етуде. «Үйренер нәрсең – білім мен мейірімділік» деп Жүсіп Баласағұн айтқандай, балабақша ұжымы әрбір күнін үнемі шығармашылық ізденіс жолында өткізеді. Балабақша «Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың үлгілік оқу бағдарламасы» бойынша оқу-тәрбие жұмыстарын жүргізіп келеді.

Қызыққа толы, алайда жауапкершілігі мол салада абыроймен жұмыс істеу де бір бақыт. Мақаланы жинақтау барысында аталмыш мекеме және оның ұжымы туралы мәлімет жинақтадық. Осылайша балабақшаға беттеп бара жатқан ата-аналармен тілдескенбіз. Бірі үйдің кенжесін, бірі тұңғышын, енді бірі жалғыз қызынан сүйіп отырған жиенін алып кетуге келген екен.

  • Менің кенжем осы балабақшаға барады. Тәрбиешілері кішіпейіл. Барлық жағдайы жасалған. Мұнда келгелі үйренгені көп. Өзі де «балабақшаға барамын» деп жақсы көріп келеді. Сондықтан мұнда еңбек ететін әрбір жанға алғысым шексіз, — деп Гүлжан есімді тұрғынымыз жылы лебізін жаудырды.

P.S: Адам тәрбиелеу, оған ғылым  негіздерінен мағлұмат беру, баланы өмір сүруге икемдеу, адами құндылықтарды бойына дарыту — ол оңай шаруа емес. Мақаламызды аяқтарда «Балбөбек» бөбекжай балабақшасы ұжымына көптің алғысын арқалап, мекемелеріңнің шығар биігі мол болсын деген тілек білдіреміз.

Мадина БОЛАТБЕК