Су тасқынына дайындық қалай?

Қоғамдық кеңестің кезекті отырысында көктем мезгіліндегі су тасқынының алдын алу шараларына қатысты аудандық төтенше жағдайлар бөлімі басшысының баяндамасы тыңдалды. Отырыста көктемгі су тасқыны жағдайларына жол бермеу бойынша дайындық іс-шаралары, яғни қала мен ауылдық округтер, республикалық маңызы бар жол аумағында су тасқынына қарсы дайындық жұмыстары басталғаны айтылды.

Ауданымыздың мемлекеттік және мемлекеттік емес ұйымдар өкілдерінен, сондай-ақ қоғам белсенділерінен құрылған қоғамдық кеңес мүшелері баяндаушы В.Кучеринге су тасқынының алдын алу шараларына қатысты бірқатар сұрақ қойды. Мәселен, аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы А.Ажигулов, Тамды ауылы аумағын көктемгі кезде су бойлап кететінін, сондай-ақ биыл судың көп болу қатері бар екенін айтты. Бұл мәселе орын алған жағдайда тиісті шаралар ұйымдастырылатынын алға тартқан В.Кучерин төтенше жағдайлар бөлімі аудан әкімінің жіті бақылауымен қарқынды жұмыс жүргізіп жатқанын айтты. Жергілікті атқарушы органдар ағын су арналары мен суағарларды тазарту, қар шығару жұмыстарын да бастап кеткен. Айтылған ұсыныс-пікірлер ескеріле отырып, аудандық төтенше жағдайлар бөлімі басшысының есебі назарға алынды.    

Қоғамдық кеңес отырысында өзге де сұрақтар талқыланды. Мәселен, біраз уақыттан бері түйіні тарқатылмай тұрған тақырыптың бірі — жергілікті тұрғындардың мал шаруашылығымен айналысуы үшін жағдайдың жоқтығы жайлы айтылды. Қоғамдық кеңес мүшелері сұрақты тыңдай келе қала бойынша жайылымға арналған жердің мәселесін қарау мақсатында осы айдың соңына кезекті отырысты белгілеуді, сонымен қатар, тиісті басқару органдарының басшыларын шақыруды ұйғарды.

Қоғамдық кеңес төрағасы Әбдімұрат Коргулин кеңес беделін одан әрмен көтеру үшін алдағы уақытты жұмыла жұмыс істеу керектігін айта келе, қоғамдық кеңес мүшелеріне куәлік тапсырды.

 

Мадина БОЛАТБЕК