Тамдыдан тағылымды тарту

Өткен аптада «Ел іші – өнер кеніші» атты Ақтөбе қаласының 155 жылдығы және ақын Ізтай Мәмбетовтың 95 жылдығына орай Тамды ауылдық округінің күндері өткен болатын. Жоспарға сәйкес көптеген танымдық, рухани, мәдени іс-шаралар аудан халқының назарына ұсынылды. 

Ауыл күндері спорттық шаралардан бастау алып, атап айтқанда шахмат, дойбы, тоғызқұмалақ ойындарынан (жас ерекшелігі шектелмеген) жарыс ұйымдастырылды. Жарыс соңы концерттік бағдарламаға ұласып, жеңімпаздар марапатталды.

ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ – АСЫЛ ҚАСИЕТ

Халқымыз ежелден-ақ жетім көрсе жебеп, мұқтаж жандарға ізгілік танытып жүреді. Адам баласы жылы сөзге, мейірімге бөленсе, жаны жадырап өмірге деген құштарлығы арта түседі. Осындай ұстанымды алға тартқан тамдылықтар «Мейірімділік — жүректе» атты қайырымдылық акциясы аясында Алға қаласындағы жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға мекен-жайларына барып, жағдайларын біліп, сыйларын табыстады.

ДӘСТҮРІМ – ҚАЗЫНАМ

Ата-бабамыздан қалған салт-дәстүріміз, наным-сенімдеріміз күні бүгінге шейін күнделікті өмірімізде қолданылып келеді. Дархан даламыздағы көшпенділердің өмір тіршілігі, тұрмысы ұрпақтан ұрпаққа жалғасуда. Жоспарлы іс-шара Орталық саябақ алаңында тігілген киіз үйде жалғасын тапты. Арнайы дайындалған ұлттық тағамдардан жасалған көрмені, сонымен қатар ұлттық бұйымдардан жасалған көрмені аудан тұрғындары қызығушылықпен тамашалады. Киіз үй ішінде әжелеріміз жүн түтіп, ұршық иіріп, киіз басып, тоқыма тоқып нағыз дәстүріміздің тамаша үлгілерін көрсетті.

«Жеті» саны қазақ халқы үшін киелі саналады. Сонау ерте заманда қазақ халқы жеті қазынаны ер жігіттің өмірімен байланыстырған. Сол себепті де оған жүйрік ат, қыран бүркіт, құмай тазы, берен мылтықты жатқызған. Осындай ата-бабамыздан қалған асыл дәстүрімізді насихаттау мақсатында «Жеті қазына» фото алаңы орналастырылды. Саябаққа келушілер дәл осы алаңды ерекше таңданыспен аралап, естелікке фотоға да түсіп жатты.

АУЫЛЫМ – АЛТЫН

 БЕСІГІМ

Сонымен бірге «Ауыл аманаты» жобасы аясында жұмыс жасап жатқан ауыл кәсіпкерлерінің өндіріп жатқан өнімдерінің көрмесі ұйымдастырылды.

Ауылдың атынан келген он саусағынан өнер тамған қолөнершілердің туындылары көздің жауын алады. Сондай бір жауапкершілікпен дайындалғандары көрініп-ақ тұр.

Сенбі күні Тамды ауылдық округі атынан Алға қаласы орталық базары жанынан «Аңсар» ет павильонының ашылу салтанаты өткен болатын. Қаламыз тағы бір балғын ет пен сүт өнімдері сататын сауда орнымен толықты. Енді павильонда ауылдың табиғи таза ет және сүт өнімдері қолжетімді бағада ұсынылатын болады.

АУЫЛ КЕШІ КӨҢІЛДІ

Кешкілік уақытта орталық саябақта ауыл өнерпаздарының қатысуымен мерекелік концерттік бағдарлама ұйымдастырылып, аудан

тұрғындарына керемет көңіл-күй сыйлады. Жиналған халық ауыл өнерпаздарымен қосылып ән шырқап, би де биледі. Мерекелік шара барысында қазақ поэзиясының жарық жұлдызы, ақын Ізтай Мәмбетовтың өлеңдері оқылды. Сәні мен салтанаты жарасқан әдемі кеш отшашумен аяқталды.

 

 Марал Сандыбай