Жәрмеңке
Түлектер және мемлекеттік қызмет
Қ.Жұбанов атындағы өңірлік университетте Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Ақтөбе облысы бойынша департаментінің ұйымдастыруымен оқу орны түлектері үшін мемлекеттік қызметке бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті. Аталған жәрмеңкеге мемлекеттік қызметшілер, оқытушылар мен студенттер қатысты.
Іс-шараға ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаментінің басшысы Айбек Шілманов және мемлекеттік органдардың өкілдері, Алға ауданы әкімі аппаратының кадр (персоналды басқару қызметі) бөлімінің басшысы Айнұр Шабенова қатысты.
Жәрмеңке барысында түлектерге мемлекеттік қызметтің әртүрлі саласы бойынша жүзден астам бос жұмыс орны ұсынылды.
Алға ауданы бойынша ауылдық округтерде мемлекеттік қызметке орналасу мүмкіндігі бар. Сұранысқа қатысты мамандығы келетін жастар тестке қатысып, оң қорытынды алған жағдайда іріктеуден өту арқылы жұмысқа орналаса алады.
Ал, жоғары оқу орнын үздік аяқтаған болса, конкурссыз жұмысқа қабылданады. Осы және өзге де мемлекеттік қызметтің тиімділігін айтып өткен кадр басшысы жастарды белсенді жұмыс жасауға шақырды.
Мәншүк САПАРОВА