Түлектерден тарту
«Туған жерге тағзым» акциясы ауданымызда қарқынды түрде өз жалғасын табу үстінде. Кезекті оқу жылының аяқталуына орай ауыл мектептерін бірнеше жыл бұрын аяқтаған түлектер туған жерлеріне, алтын ұя мектептеріне сыйларын жасауда. Міне, акция Қарабұлақ ауылдық округінде жалғасын тапты.
25 мамыр күні Қарабұлақ ауылдық округіндегі орта мектепте өткен салтанатты жиынға осыдан 35 жыл бұрын дәл осы мектепті аяқтаған түлектер келіп, алаңсыз балалық шақтың әдемі сәттерін еске алды. Мектеп бітіруші түлектерге ақ тілектерін арнап, ақ жол тіледі. Өздерінен естелік ретінде олар ауылдың кіреберісіне ауылдастарының ұсынысы бойынша демалыс орнын жасатып, тарту етті.
Бұл сый киіз үйге ұқсатып арнайы жасалған. Ішінде жол жүріп келе жатқан ауыл тұрғындары мен қонақтары отырып, тынығып сусын ішетін үстел мен орындығы бар. Аталмыш орынның қазақ халқы үшін киелі саналатын киіз үй, шаңырақ секілді жасалуы береке мен бірліктің, қаймағы бұзылмаған ауылдың татулығын көрсеткендей.
P.S: Ашылу салтанатына ауыл үлкендері келіп, баталарын берді. Түлектерге жасаған сыйлары үшін алғыстарын білдірді. Осындай игі істің жасалып жатқанын көріп өскен жас ұрпақ келешекте өз туған жеріне деген ықыластарының зор болары сөзсіз.
Марал Жалғасқызы