Қазіргі таңда тұрмыстық зорлық-зомбылық біздің қоғамның күрмеулі мәселесіне айналып отыр.
Жаратылысынан жүрегі кең әйел төзімділігімен ерекшеленеді. Өзі қандай қиыншылыққа тап болса да, қанша қысым, моральдық зардап шексе де кешіріммен қарайды, отбасының бірлігін ойлайды. Көп жағдайда қазақ әйеліне тән бұл қасиет, оны отбасындағы қорлық пен кемсітушілікті сыртқа шығаруға да жол бермейді.
Отбасындағы жанжалдан басталып зорлық-зомбылыққа ұласатын әрекеттерден зәбір көретіндердің басым бөлігі — әйелдер мен балалар. Мемлекет тарапынан қолданылған шараларға, заңның күшейтілгеніне қарамастан, отбасы ішіндегі зорлық-зомбылықтан әйелдерге де, балаларға да күш көрсету, отбасы тыныштығын бұзу тыйылмай отыр. Тәжірибе бойынша оның басты себептерінің бірі – маскүнемдік, жұмыссыздық, құмар ойындар (лудомания) және тағы басқа себептер.
Қазақстан Республикасының «Тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы туралы» заңнамасы тұрмыстық зорлық-зомбылықты үш түрге бөліп қарастырған: күш көрсету, психологиялық, сексуалдық және (немесе) экономикалық зорлық-зомбылық түрінде болуы мүмкін.
Күш көрсету зорлық-зомбылығы — дене күшін қолданып, денені ауыртып денсаулыққа қасақана зиян келтіру.
Психологиялық зорлық-зомбылық — адамның психикасына қасақана әсер ету, оны қорқыту, қорлау, бопсалау немесе құқық бұзушылықтарды немесе өмірге немесе денсаулыққа қауіп төндіретін, сондай-ақ психикалық, дене және жеке басы дамуының бұзылуына әкелетін әрекеттерді жасауға мәжбүрлеу (еріксіз көндіру) арқылы ар-намысы мен абыройын кемсіту.
Сексуалдық зорлық-зомбылық — адамның жыныстың тиіспеушілігіне немесе жыныстық еркіндігіне қауіп төндіретін құқыққа қарсы қасақана іс-әрекет, сондай-ақ кәмелетке толмағандарға қатысты сексуалдық сипаттағы іс-әрекеттер.
Экономикалық зорлық-зомбылық — адамды заңмен көзделген құқығы бар тұрғын үйінен, тамағынан, киімінен, мүлкінен, қаражатынан қасақана айыру.
Халқымызда «Отан – отбасынан баасталады» деген жақсы сөз бар. Елдің тұтастығы, азаматтардың бақытты болуы, мемлекеттің келешегі ең әуелі әрбір отбасының жағдайымен, елдегі отбасы институтына қатысты хал-ахуалмен тығыз байланысты.
К.Ж.Килбаева,
Алға аудандық сотының судьясы