Заңсыз активтерді қайтару тетіктері күшейеді
Президенттің «Turkistan» газетіне берген сұхбатында айтылған тұжырымдар қоғамдағы көптеген алаңдаушылықты сейілтті. Яғни заңсыз алынған активтерді қайтару тақырыбы мұнымен тоқтамайды, жалғаса береді. Керісінше, ол жүйелі түрде мемлекеттік саясат деңгейіне өтіп жатыр.

Сурет: nazarmedia.kz
Сұхбатта келтірілген деректер атқарылған жұмыстың ауқымын көрсетеді. Осы кезге дейін 1,3 трлн теңгеден аса қаражат ел игілігіне қайтарылды. Оның 1 трлн теңгеден астамы мемлекет бюджетін толықтыруға бағытталды. Арнайы қор арқылы бөлінген қаражат әлеуметтік жобаларға жұмсалып келеді.
Бұл үдерісте Қайтарылған активтерді басқару компаниясы маңызды рөл атқарады. Өйткені ол активтердің ашық әрі тиімді сатылуын қамтамасыз етіп, оларды қоғам игілігіне айналдырып отыр.
Былтыр 17 желтоқсандағы Президент Жарлығына сәйкес, Активтерді қайтару жөніндегі комитеттің функциялары мен өкілеттіктері Бас прокуратураға берілді. Комитет Инвесторлардың құқықтарын қорғау комитеті болып қайта құрылды.
Бас прокуратура заңсыз алынған активтерді қайтару мәселелері бойынша құқық мирасқоры болып танылып, оның жанынан тиісті қызмет құрылып, жұмыс жаңартылған құрылымда жалғасып отыр.
Жалпы, комитеттің қайта құрылуы оның міндеттерінен бас тартуды білдірмейді. Қайтару тетіктері уәкілетті мемлекеттік органдардың жұмысына енгізілді, сонымен қатар адал инвесторлардың құқықтарын қорғау күшейтіліп жатыр. Мұндай теңгерім әділеттілікті қалпына келтіруге де, бизнес үшін құқықтық болжамдылықты сақтауға да мүмкіндік береді.
Биылғы 3 қаңтардағы «Қазақстан Республикасының Конституциялық Сотының шешімдерін орындау және мемлекетке заңсыз алынған активтерді қайтару мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң активтерді қайтару рәсімдерін нақтылап, ашықтықты күшейтеді және қайтарылған қаражатты қоғам игілігіне бағыттауға мүмкіндік беретін тетіктерді кеңейтіп отыр.
5 трлн теңгеден асатын инвестициялық келісімдер қарапайым конфискациядан экономиканы және елдің ұзақмерзімді дамуын қолдайтын модельге көшуді көрсетеді.
Осы тұста Қайтарылған активтерді басқару компаниясының жұмысы ерекше маңызға ие екенін айта кеткен жөн. Өйткені біз ашық саудаларды, цифрлық рәсімдерді, қоғамдық есептілікті және активтердің қоғам мүддесіне тиімді пайдаланылуын қамтамасыз етеміз. Сол арқылы компания қызметі әділеттілік пен ашықтыққа негізделген мемлекеттік саясаттың маңызды буынына айналып келеді.
Қуанышбек МҰҚАШ,
Қайтарылған активтерді басқару компаниясының бас директоры