Жаңа жылдық тарту
Жаңа жыл қарсаңы адам жанына бөлек серпін беретін қарбаластың уақыты. Бұл мерекені әсіресе балалар өте асыға күтетіні рас. Әрбір сыйлық алған сәтінде бала жүрегі қуанышқа бөленеді. Балаларға қуаныш, жаңа жылдық көңіл-күй сыйлау мақсатында 28 желтоқсан күні «Жадыра» отбасын қолдау орталығының ұйымдастыруымен «ҚОШ КЕЛДІҢ, ЖАҢА ЖЫЛ!» атты балаларға арналған мерекелік шара өтті.
Шараға Аталар алқасының төрағасы Бекжан Аппазұлы Аппазов пен Әжелер алқасының төрайымы Айткүл әже келіп балалар мен ата-аналарды құттықтады. Осы кештің жоғары деңгейде өтуіне Жастар ресурстық орталығының мамандары, «Жалынды жастар» еріктілер тобы ерекше атсалысты. Олар 30 балаға арнайы жаңа жылдық сыйлық пен Алуа есімді орталық оқушысына қысқы етік сыйға тартты. Мерекелік шараға арнайы демеушілік жасап, Бестамақ ауылының тұрғыны Серік Қолғанатов шырша сыйлады. Мерекелік шара барысында балалардың мультфильмдердегі сүйікті кейіпкерлерін сомдаған аниматорлар ата-аналар мен балаларға ұмытылмас әсер қалдырды. Көңілді әндер шырқалып, би де биленді. Шаттыққа толы кеш соңында ұйымдастырушылар мен ата-аналар демеушілерге ризашылықтарын білдірді.
Марал САНДЫБАЙ