Жаңару жолындағы жауапты қадам

 Қоғам дамыған сайын оның құқықтық іргетасы да жаңарып отыруы тиіс. Себебі Конституция – мемлекеттің ғана емес, тұтас халықтың болашақ бағдарын айқындайтын басты құжат. Бүгінгі таңда елімізде талқыланып жатқан жаңа Конституция жобасы – саяси реформалардың заңды жалғасы, Жаңа Қазақстан құру жолындағы маңызды белес. Мұндай тарихи кезеңде әрбір пікір, әрбір ұсыныс құнды.

Ағымдағы жылдың 5 ақпанында Алға аудандық мәслихатындағы «AMANAT» партиясының депутаттық фракциясының отырысы өтті. Жиынға аудандық мәслихат төрағасы М.Төлеуов, саяси кеңес мүшелері мен Қоғамдық кеңес өкілдері қатысты. Басқосуда Қазақстан Республикасы Конституциясының жаңа жобасы жан-жақты талқыланып, оны халық арасында түсіндіру және насихаттау жұмыстарын жүйелі жүргізу жөнінде нақты ұсыныстар айтылды.

Кездесу барысында жаңа Конституция жобасының мәні мен маңызына ерекше назар аударылды. Бұл құжат елдегі саяси реформаларды тереңдетуге, мемлекеттік басқару жүйесін жаңғыртуға бағытталғаны атап өтілді. Жоба қоғамда әділеттілік пен ашықтықты нығайтуға, азаматтардың билікке деген сенімін арттыруға негізделген.

Талқылау кезінде жобаның бірқатар оң тұстары кеңінен сөз болды. Атап айтқанда, суперпрезиденттік басқару моделінен біртіндеп бас тартып, билік тармақтары арасындағы тепе-теңдікті күшейтуге бағытталған өзгерістер маңызды қадам ретінде бағаланды. Парламенттің рөлін арттыру, Конституциялық Сотты қайта құру, адам құқықтарын қорғау тетіктерін нығайту – демократиялық даму жолындағы нақты әрі батыл шешімдер.

Сонымен қатар, жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту, азаматтардың мемлекеттік шешімдер қабылдау үдерісіне қатысу мүмкіндігін кеңейту де жаңа жобаның өзекті бағыттарының бірі екені айтылды. Бұл – халық үніне құлақ асатын мемлекеттің берік негізін қалыптастыруға жасалған қадам.

Жиында Конституция жобасын кеңінен түсіндіру, қоғам арасында ашық пікірталас алаңдарын ұйымдастыру қажеттігі де көтерілді. Себебі мұндай маңызды құжат тек жан-жақты талқылау арқылы ғана шынайы қолдауға ие болмақ.

Жаңа Конституция – уақыт талабы. Ол жай ғана құқықтық өзгеріс емес, елдің саяси мәдениетін жаңа деңгейге көтеретін тарихи мүмкіндік. Егер бұл жоба халықтың кең қолдауымен қабылданып, нақты реформалармен жалғасса, әділетті әрі демократиялық Қазақстанды қалыптастыруға берік негіз қаланары сөзсіз.

Тарих таразысы – әділ. Ал бүгінгі таңда қабылданатын шешімдер ертеңгі ұрпақтың өмір сапасын айқындайды. Сондықтан Конституция жобасын талқылау – әр азаматтың азаматтық парызы, ел болашағына деген жауапкершілігінің айқын көрінісі.

Мадина ТАЖИБЕКОВА