Жақсы жұмыс — жанға тыныс

Елімізде жұмыссыздықты жою шаралары қарқынды жүргізілуде, шындап келгенде бұл мәселе түбегейлі өз шешімін табуда. Мансап орталығының мамандарының мәлімдеуінше, орталық еңбекке қабілеті бар барлық азаматтары, бұдан бөлек мүмкіндігі шектеулі азаматтарға бірнеше мемлекеттік қызмет түрін ұсынады. Атап айтқанда,

  • жұмыспен қамтуға ықпал ету;
  • кәсіби даярлау;
  • жұмыспен қамтудың белсенді шараларына қатысуға;
  • арнайы жұмыс орнын құру сынды қызмет көрсетеді.

Халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің бір бағыты жұмыссыз азаматтарды қоғамдық жұмыстар бағдарламасы бойынша жұмысқа орналастыру. Жұмыстың бұл түрі түрлі салаларда – қоғамдық ұйымдарда  мемлекеттік мекемелерде ұйымдастырылады. Оған тұрғылықты мекен-жайы бойынша тіркеуде бар жұмыссыз азаматтар қатыса алады.

  • Қоғамдық жұмыста істейтіндер мемлекет есебінен қаржыландырылады. Ай сайынғы жалақысы кемінде 20 АЕК (73 840 теңге, бірақ салықтарды алып тастағанда, қолға тиетін ақша одан аз болып шығады).

Қоғамдық жұмысқа орналасқан тұрғындар көптеп кездеседі. Бүгінде жұмысқа қабілеттілігі бейім жандар өз сала мамандарының қатарынан қалыс емес. Солардың бірі Белсенді өмір сүру орталығына қоғамдық ақылы жұмысқа орналасқан алғалық Жадыра Мурзина. Аталған мекемеде жақсы қырынан танылған Жадыра апайымыз бұл ортаға бірден кірісіп кеткенін, қолөнер кабинетінде еңбек етіп көп тәжірибе жинағанын сөзге тиек етті.

  • Белсенді өмір орталығына жұмысқа орналасқаныма қуаныштымын. Бұндағы жұмыс өзіме ұнайды. Биыл орналастым. Мансап орталығына жұмыс сұрап барғанымда бірден осы жерді ұсынды. Қалада серуендеп жүргенде осы мекемедегі аға-апайларымызды көретінмін. Осы жерде жұмыс жасау мен үшін арман болған десем қате емес, — деді Жадыра апайымыз.

Қоғамдық жұмыстар бағдарламасы  – тек жас мамандар үшін ғана емес, әр жастағы жұмыссыз азаматтар үшін зор мүмкіндік. Осы аталған бағдарлама бойынша көмекші, мекемедегі ішкі жұмыстар, тазалықшы секілді жұмысшылардан басқа түрлі маман иелеріне арналады.

  • Жалпы, қолөнер кез келген қазақ қызының екінші кәсібі болуы керек. Ине-жіп ұстамайтын қыз-келіншек болмайды. Оның үстіне бүгінде қолөнермен айналысамын деген жанға түрлі әшекей мен көздің жауын алатын қосымша аксессуарларды қалаған дүкеннен табуға болады. Бұл жерде әртүрлі бұйымдар жасалынады. Бізді қолдап отыратын мекеме басшысы Бақыт Қарағұлқызына алғысым шексіз, — деп жылы қайырды апайымыз.

P.S: Иә, өнердің қай түрі болмасын ептілік пен шыдамдылықты талап етеді. Жадыра Мурзина анасынан жалғасып келе жатқан өнерді бүгінде келініне үйретуде. Демек ұлттық өнер ұмытылмайды, ұлықталады, ұрпақтар сабақтастығымен жалғасады.

 

Гүлім КЕНЕШОВА