Жобалар жемісін беріп келеді
Түлектерге алған мамандығы бойынша алғашқы жұмыс тәжірибесін жинауға көмектесу үшін мансап орталығы жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шарасын – 12 айға дейінгі мерзімге жастар практикасын ұйымдастырады. Жұмыс таба алмай қиналған жастар үшін бұл таптырмас мүмкіндік. Мысалы, аталмыш бағдарлама бойынша қызметке орналасқан Гулнур Жаксыбаева біраз тәжірибе жинағанын айтады.
- «Жастар практикасы» бағдарламасы бойынша «Алға ауданы әкімінің аппараты» ММ-не жұмысқа орналастым. Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан Аграрлық-Техникалық университетін «Электрмен жабдықтау» мамандығы бойынша тәмамдап, диплом алдым. Өз бетімше жұмыс табу қиындық тудырды. Сол себепті мансап орталығына жүгініп, бірнеше күннің ішінде-ақ жақсы жұмысқа орналастым. Мен үшін бұл жқсы мүмкіндік болды. Алғашқы тәжірибемді жинап, бүгінде тұрақты жұмысқа орналастым, – дейді ол.
Жастардың еңбек нарығында бәсекеге қабілеттілігін арттырумен қатар, бірінші жұмыс орнында бейімдеуді қамтамасыз ету мақсатында мансап орталығы жұмыссыз жастарды алғашқы жұмыс орнына жұмысқа орналастыруды ұйымдастырады.
- 2023 жылы оқуды бітіргеннен кейін бірден жұмысқа орналасып кету мүмкін болмады. Сол себепті берілген мүмкіндіктен айырылмау үшін осы жоба аясында қызметке тұруға тырысып көрдім. Жобаның бір артықшылығы – ешқандай қиындығы жоқ, қағазбастылыққа салынбай, тек санаулы құжат арқылы өтінім беруге болады. Кейін жұмыс табылып жатса, мансап орталығы бірден хабарласып шақырады. Міне, мен де осылайша «Алға ауданы әкімінің аппараты» ММ-не хатшы болып жұмысқа тұрдым. Таңдаған мамандығым да, қызметім де өзіме қатты ұнайды. Сондықтан алғашқы тәжірибемді мемлекеттің қолдауымен алып жатқаныма қуаныштымын, – дейді Гүлнур Жаксыбаева.
Еңбек еткісі келген адамға мансап орталығы бірнеше жобаны ұсынып отыр. Қолдау бар. Ендігі жерде жұмыссыз тұрғындардың жігері болса жеткілікті. Яғни, мансап орталығы тарапынан қолдау тауып отырған жобаларға қатысу үшін жұмыссыз тұрғындар қаламыздағы «Әкімдік азаматтар үшін» ғимаратында орналасқан мансап орталығына жүгінсе жетіп жатыр.
Мәншүк ӨМІРХАНҚЫЗЫ