31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін және аштық құрбандарын еске алу күні. Бұл дата 1997 жылы Қазақстан президентінің жарлығымен бекітілді. Репрессия жылдары Қазақстанда 103 мың адам қуғын-сүргінге ұшырап, 25 мың адам ату жазасына кесілді. Ғылым, мәдениет және саясаттағы Алаштың бетке ұстар нар тұлғалы азаматтары, зиялы қауым өкілдері жазықсыздан жазықсыз атылды. Қаншама халық өз туып-өскен мекендерін тастап, жер аударды. Тамырлары үзілгенше аштықтың ащы дәмін сезді. Бейкүнә сәбилер аштықтан қырылды. Қайран халқымыздың басынан не өтпеді десеңізші?!
Бүгінгі күннің ұрпақтары – бақытты ұрпақ. Өйткені, олардың тағдырына бұндай қиындықты көру жазылмаған. Ата-бабаларымыз бізге еш алаңсыз ғұмыр кешу бақытын сыйлады. Соны мәңгі жадымызда сақтап, өткенді еске алып, бағалау міндетіміз.
30-50 жылдары Ақтөбе облысы бойынша 7000-ға тарта адам қуғын-сүргінге ұшыраған. 1789 адамды ең жоғарғы үкім ату жазасына кескен. 10 жылға дейінгі мерзіммен бас бостандығынан айырып еңбекпен түзету лагерлеріне 3070 адамды, 122 адамды 25 жылға дейінгі мерзіммен концлагерлерге, 43 адамды жер аудару жазаларына кескен. Алға ауданының да зұлмат жылдардың құрбаны болған бірқатар азаматтары бар.
Солардың бірі – сол қасіретті жылдары жазықсыз жаланың, жаппай қуғын-сүргіннің құрбаны болған Көбжан Бержанов. Ол 1900 жылы туған жері Батыс Қазақс
тан облысы, Бөрлі ауданы, Жәнібек ауылында дүниеге келген. Туған жері Орал облысы болғанымен, өсіп-өнген жері – Ақтөбе өңірі. 1921 жылы Бөрлі болысының іс қағаз жүргізушісі болып қызмет еткен. Ол 1931-1935 жылдары Ақтөбе облысы, Қобда ауданы атқару комитетінің төрағасы, 1935-1937 жылдары Алға ауданы (бұрынғы Ключевой) атқару комитетінің төрағасы болды. Осы қызметте жүргенде 1937 жылы 29 қазанда «Халық жауы» атанып, тұтқындалады. Қысқа мерзімді тергеуден кейін Ақтөбе қаласындағы №5 түрмеге қамалады. 1938 жылдың 15 ақпан күні КСРО Жоғарғы соты Әскери алқасының шешімімен 58 баптың 7,8,11 тармақтары бойынша ату жазасы Бастапқы үкімін түзету еңбек лагерлерінде 15 жыл бас бостандығынан айыру жазасына ауыстырады. Қатал тағдырға тап болып, зайыбы және екі баласы қалған отбасына, туған Отанына ол қайтып оралмайды. Магадандағы «Севвостлаг»-те 1943 жылы 2 желтоқсанда өмірден озады. Оны жалпы зиратта жерлейді. 1964 жылы 12 наурызда сол КСРО Жоғарғы Соты Әскери алқасының қаулысымен ол қайтыс болғаннан кейін ақталды.
Талай боздақ секілді Бержанов туралы да нақты дерек аз. Көбжанның немересі Баян Рысқалиқызы 90-жылдары КСРО Ішкі Істер Министрлігіне, бас прокуратураға, ұлттық қауіпсіздік комитетіне сұрау салып, ондағы атасының жеке ісімен танысып, өлер алдында түскен жалғыз суретін алыпты. Кейін тағы бір немересі Лия Бержанова мен оның жолдасы Асқар Шериязданов осы істі қайта көтеріп, Орал НКВД-сының берген анықтамасынан қосымша тарихи мағлұматтар алған. Ең құнды естелік – Көбжанның баласы Рысқали Бержановтың жазған дүниелері.
Көбжан Бержановтың артында екі баласы ұлы Рысқали, қызы Сағира қалады. Бүгінгі ұрпақ үшін сол кездегі балалардың әкелерінің тұтқындалуын көруі, қалай зардап шеккенін, олардың қандай сезімде болғанын елестету қиын. Әкелері Көбжан репрессияға ұшыраған кезде олардың жасы 13 және 15 жаста болатын. Ұлы Рысқали бұл сәттерді мәңгі есінде сақтап өскен. Кейін өзінің балалары болған кезде бұл ауыр жағдайларды бірде-бір рет болса да айтпаған. Өйткені, сол кезде қорланған, әділетсіз сотталған және өлім жазасына кесілген жандар олардың ұрпақтарының тағдырына қара көлеңке түсіреміз деп қорқатын болған.
Рысқали Бержанов өмірінің соңғы шақтары таяған кезде жылдар бойы олардың атасы туралы айтпаған құпияны қағаз бетіне түсіріп, артында қалған балалары білсін деген мақсатпен естеліктер қалдырады. Рысқали атаның балалары берген бір естелігіне назар салайық. Оқып отырып жүрек елжіремей, сыздамай тұрмайды:
- 1937 жыл. Әкем әдеттегідей газет оқып отыр. Сол кезде ол маған газет оқып отырып: «Тухачевскийді, Блюхерді, Егоровты тұтқындапты». Олар «Халық жауы» екен ғой. Қазақстанда да анықтауды бастап жатыр екен, осы адамдарға не жетпейді?!», — деген сөзі әлі есімде. Дәл осы күні мен күн ұзағына досым Бисенғали Төлепбергеновтың қасында болдым. Тіпті түскі асқа да келмедім. Үйге кешке қарай келсем, үнемі ашық тұратын есігіміз жабық екен. Есікті түртемін, ешкім ашпайды. Терезе сыртынан қарасам, үйде әжем мен қарындасым жылап отыр. Бір кезде есік ашылды. Үйдің іші астан-кестен. Екі қазақ милиционер үйдің ішін тінтуде. Менің үстім мұздап, бір орында тұрып қалдым. Мен тіпті әкемді тұтқындап әкетеді деп ойламадым. Өйткені әкем партияға, мемлекетке адал қызмет етіп жүрген азамат еді. НКВД-тар Ленин, Маркс, Энгельс томдықтарының әрбір бетін ашып қарап, тіпті жарда ілулі тұрған суреттердің жақтауларына шейін алып тастады. Әкемді жарға тіреп, қалталарын қарап тексерді. Содан әкеміз әжемді, анамды және бізді сүйіп құшақтап, қоштасты. Кетерінде «Мен ораламын!» деді. Біздер соңында жылап қала бердік. Сол күннен кейін біз әкемізді ешқашан көрмедік…,- деп ұлы Рысқали Бержанов қойын дәптеріне қалдырған.
Дәптердегі сыр…
«…Басында ол қалалық милициядағы түрмеде отырды. 1938 жылдың наурыз айында мен әкеме қажетті заттар апарғанымда, бұндай адам жоқ деген болатын. Мен бұл сөзді естіп қатты қорқып кеттім. Бірден атып тастаған шығар деп ойладым. Қолымдағы азық-түлік салынған сөмкемді құшақтап ұзақ жылап тұрдым. Содан соң вокзалға жақын маңда тұратын ағамның үйіне бардым. Ол кезде ағам «Стальной путь» газетінде қызмет ететін еді. Жылап тұрып, түрмеде әкемнің жоқ екендігін айттым. Ол заманда «Халық жауы» атанған адамдардың отбасы мүшелерімен араласуға болмайтын. Мен ағамның бойындағы алаңдаушылықты бірден байқадым. Мен олардың өз отбасылары үшін қорқатынын түсінетін едім. Сөйтіп тұрғанда, ағам әкемнің тергеу ісі аяқталып, сотқа дейін №5 түрмеге ауысуы мүмкін екендігін айтты. Түрменің жанында халық өте көп болатын. Барлығы жанталасып рұқсат қағазын алуға кезекке тұратын. Мен де арасына кіріп кетіп едім, «Қайда бара жатсың? Біз осы рұқсатты алу үшін бір апта бойы жүрміз» деп итеріп жіберді бір әйел адам. Бір кезде әйтеуір түрме қақпалары ашылып, ішінен қызметкерлері шығып ол күні еш нәрсе қабылданбайтындығын айтты. Мен қайда қонатынымды білмей, бір апамен оның таныстарының үйіне қонуға еріп бардым. Таңертең ерте тұрып әкеме сөмкемді жеткізіп, кейін қарай бос қапты алдым. Ішінен әкем жазған хат-хабарды қуана іздедім. Сөмкенің түбіне әкемнің өз қолымен жазылған жазбаны алып оқыдым. Онда әкем қандай баппен сотталғандығы және жақында оны алып кететіндігі туралы жазады. Және де киімдер әкеліп беруімізді сұрайды.
1939 жылы Алға қаласында 7 класты аяқтадым. Әкемді тұтқындағаннан кейін бізді аудандық атқару комитеті төрағасына тиесілі үйден қуып шықты. Содан біз Алғадағы Лиман шағын ауданындағы Қазақ көшесінде орналасқан жер үйдің (землянка) бір бұрышын жалдап тұрдық. Сөйтіп уақыт өте келе мен зауыт училищесіне оқуға түстім. Оқуға түсерде өзім туралы мәлімет толтырған кезде ата-ана деген жеріне әкем мен анам ашаршылық кезінде көз жұмған деп көрсеткенім әлі есімде. Осылай айтуға мәжбүр болдым. Себебі оқуда 30 рубль стипендия төлейтін еді. Ал, ол қаражат бізге өте қажет болатын. Ол кезде үйде ешкім жұмыс жасамайтын».
Естелікті оқып отырып, барлық болған картина көз алдыңа анық елестейді. Бойды қорқыныш сезімі билейді. Қандай ауыр тағдыр! Бақытты алаңсыз балалық шақтың болмауы, азапты күндер, әкеге деген мәңгілік сағынышты көреміз, сеземіз. Бұл солақай саясаттың кесірінен қаншама отбасы ойрандалып, әкелерінен айырылып, аштықтан қырылып, жер аударды.
Қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні қарсаңында біз Рысқали Бержановтың ұлы Серік Бержановпен тілдескен едік. Ол әкесі туралы естелігімен бөлісті:
— Біздің әкеміз Рысқали Бержанов жастайынан еңбекқор адам болды. Оренбург теміржол станциясының басшысы, кейінгі жылдары Алға қаласындағы химзауытында бірнеше жыл еңбек етті. Анамыз Жұбан екеуі бәрімізге тәрбие беріп, оқытып жеткізген болатын. Біз әрқашан асыл ата-анамызды мақтан етеміз. Отбасымызда 10 баламыз. Бүгінде соның 8-нің көзі тірі, жан-жақта өмірден өз орындарын тауып ғұмыр кешуде. Алға ауданы, Тоқмансай ауылында қазіргі кезде қара шаңырақтың иесі, інім Серғали Бержанов отбасымен тұрады. Әкеге деген махаббаттың қандай болатынын біз әкемізге қарап, көріп өстік. Көбжан атамыз туралы әкеміз жазған естеліктерден оқып білдік. Ол кісінің басынан өткен ауыр тағдыры ешбір адамды ойландырмай қоймайды. Әкеміз атамызды көп еске алатын. Бірақ бізге сонау зұлмат жылдардың қасіреті туралы ешқашан айтпайтын. Бүгінгі таңда біз атамыз, әкеміз туралы естеліктерді сақтап, кейінгі ұрпағымызға айтып үлгі етіп жүрміз. Жас ұрпақтың болашағы жарқын, замандары тыныш, уайымдары жоқ болсын деп тілеймін, — деді.
P.S. Бұл тек бір ғана отбасының ауыр тағдыры туралы. Аталмыш тағдырдай елімізде қаншама отбасы бар. Еліміз үшін тер төгіп, ғылым мен білімнің дамуына өлшеусіз үлес қосқан қазақ зиялыларының жүріп өткен жолдары, еңбегі ешқашан ұмытылмақ емес. Тек 31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін және аштық құрбандарын еске алу күнінде емес, күн сайын еске алып, ұлықтап жүргеніміз абзал. Ашық аспан, бейбіт заманымызды бағалай білейік!
Марал Жалғасқызы