Қажымұқан Мұңайтпасұлының туғанына – 155 жыл
ПАЛУАН БАБА РУХЫНА ТАҒЗЫМ
Биыл алып күш иесі, қазақ күресінің тарихында есімі алтын әріптермен жазылған тарихи тұлға Қажымұқан Мұңайтпасұлының туғанына 155 жыл толып отыр. Ол әлемдік деңгейде қазақ халқының намысын қолдан бермей, күрес өнерін жан-жақты дамытқан. Газетіміздің бүгінгі санында даңқты палуанның өмір жолына тоқтала келіп, ауданымыздағы осы спорт саласында биіктен көрініп жүрген Қажымұқанның ізбасарлары туралы оқырман назарына ұсынбақпыз.
Қажымұқанның балалық шағы қиындықпен өткен. Ол бала кезінен байға жалданып қара жұмыс жасап, отбасына көмек көрсеткен. Сол кездерден бастап оның бойындағы ерекше қасиет біліне бастаған. Ешқандай жұмысты талғамай, ауыр-ауыр жүктерді өзі-ақ арқасына қиналмастан салып алатын болған. Бұла күші бойына сыймаған бала палуан айналасын таң қалдырып жүрген. Арбаны да өзі сүйреп, ауыр қаптарды юұйым көрмей ұршықша иіріп әкететін болыпты. Бес адамның жұмысын өзі жалғыз атқара беретін. Осы кезден бастап Мұқан туралы аңыз ауыл арасын кезіп кетеді. Балалар оның күшінен ығып, үлкендер оның күшін пайдаланып қызықтай бастайды. Барлық сол кездегі той-думан, жиын Қажымұқансыз өтпеген. Оны баламен де, үлкенмен де белдестіріп ауылдастары қызық көре бастайды. Сөйтіп, ел оны «Бала палуан» деп еркелете бастайды. Алып күштің иесі бала кезінен-ақ бөлектеніп тұрды. Жауырыны қақпақтай, қолы күректей, еңгезердей ержігіт болып жетіле берді. Сөйтіп ешбір қазақтың табаны тимеген әлемнің 28 елін аралап, өнер көрсетіп, әлемді өзіне қаратты. Ешбір қазақ тақпаған 56 алтын мен күміс медальді кеудесіне тақты. Әлемнің ең мықты палуандарымен белдесіп, жерге жықты. Жауырыны жерге тимеген палуан қазақ халқын мойындатты.
Қажымұқанның арғы аталары да қарулы, айбатты батырлар болған. Қажымұқан Қобыланды батырдың 11-ұрпағы деген де деректер бар. «Алып анадан туады» демекші, палуанның анасы да, әжесі де осал болмаған. Тарихи деректерге сүйенсек, Ернақ (кейбір кітаптарда Ержан деп береді) батырдан туған Мұңайтпастың ұлы Қажымұқан болып келеді. Ернақ батырдың өзі жауға қарсы шапқан, қасқырдың жүрегін жұтқан атақты батыр болған. Ол жастық шағында серілік құрып, Қараөткел жеріне барады. Сол жерде Қажымұқанның әжесі Айсарыға ғашық болып, отбасын құрады. Айсары әжесі бойшаң, денесі ірі, күреске бейім болған. Әкесі Мұңайтпас та өте ірі, алып кісі болған деседі. Үлкен той-жиындарда, жәрмеңкелерде күрестерге қатысып, жеңіп тастайтын болған. Ел арасында Мұңайтпасты «Жуан аяқ» деп атайтын, себебі оның аяғы өте жуан болған. Тіпті аяғына ачқ киім шақ келмей, тіпті қыстың күндері өзіне арнайы киізден аяқ киім тіктірген екен. Қажымұқанның әкесі мұңайтпастың таңдаған жары Қабира еді. Қабираның әкесі зәулім ағашты түбірімен жұлып алатын палуан болған. Қажымұқанның анасы Қабира оған дейін өмірге Асан мен Үсен егіз ұлдарды әкелген. Дегенмен, егіздердің көрер жарығы аз болып, белгісіз аурудан екеуі бірдей шетінеп кеткен. Бұл ауыр жағдай Қабираға ауыр тиіп, біраз жыл бойы құрсақ көтермей жүрген. Қажымұқанның әжесі Айсары баласы Мұңайтпас ұрпақсыз қалып кете ме деген оймен келінін әулие-әмбиелерге апарып түнеткен. Көп уақыт өтпей-ақ, көптің тілегі қабыл болып, дүниеге Мұқан келген. Қажымұқанның өмірге келген күні туралы түрлі деректер бар. Бір деректе батыр 1871 жылы 7 сәуірде дүниеге келді деп көрсетілсе, кей деректерде 1886 жыл деп көрсетеді. Оның өмірге келген туған жеріне де дау көп. Оңтүстік халқы палуанды Отырар аумағында өмірге келді деп меншіктесе, енді бір топ зерттеушілер Ақмола уезі, Қараөткел ауылында дүниеге келді дейді.
Тіпті, оның дүниеге келген шағында салмағының көп болуының салдарынан анасы Қабира бірнеше күн бойы толғатып, босану үстінде көз жұмады. Дүние есігін аша бере, Қажымұқан ана сүтінің дәмін де татпай аяулы анасынан айырылады. Сөйтіп, сәби шағынан бастап болашақ палуанды әкесі мен әжесі бағып-қағып өсіреді. Ол жоғарыда айтып кеткеніміздей, балалық шағынан бастап кедейлік, жоқшылықты көп көріп өседі. Соған қарамастан ол ешқашан жалшылық жұмыстан арланбаған. Адал еңбекпен нан тапқанды үлкен дәреже санаған. Небәрі 12 жасында орыстың 6 мұжықтарымен вагон сүйреуден жарысқан деседі. Ол кездерде күш жетіспейді, техника жетіспейді. Қызылжарда жұмыс істеп жүрген кезінде бір вагонда жалғыз өзі сүйреп жаңағы 6 орыстан озып кеткен деген де дерек бар.
Жалшылық өмірден жалығып кеткен ол үлкен өмірді көргісі келеді. Цирк деген сиқыр әлемі туралы естіп, көргенше асығады. Бұл өнер палуанның өмірін түбегейлі өзгертеді. Басында ол өнер шаңырағының ат қорасында жұмысшы болып еңбек етіп бастап, сонда жүріп француз күресінің қыр-сырын меңгере бастайды. Аренада орыстың ең мықты, атақты палуаны Андрей Злобинмен кездеседі. Екеуі ұзақ айқасады. Атақты Злобин Қажымұқанның талантын мойындап, өзі француз күресін әрі қарай кәсіби түрде жалғастырып, әлемдік деңгейдегі спортқа шығуына көмектеседі. Палуанның әлемдік деңгейге дейін көтерілуіне Санкт-Петербург қаласындағы Иван Лебедевтің күрес мектебі септігін тигізеді.
Қажымұқан Мұңайтпасұлы ашаршылықтан, соғыстардан өтіп, солақай саясаттың құрбаны да атанады. Өмірде ол артына дүние жинамаған, бір үзім нанды да артық жемей, халқымен бөлісіп отырған қайырымды жан болған. Жасы келгенде кәсіби спортты тастап, кейіннен ел арасында жүріп палуандық өнерін паш еткен.
Ол өмірден озардан бір жыл бұрын, яғни 76 жасында соңғы рет күрескен екен. Бабы келіскен палуан, күрескенде де, өнер көрсеткенде де ерекше жасарып кететін болған. Қажымұқан алып денесіне қарамастан жаны нәзік болған. Өнерге жақын, қарапайым жан болып, әнші Майраның әсем әндерін сүйіп тыңдаған. Оның бойында домбыра шертіп, арасында ән айтатын да, ақындық өнері де болған дейді.
Әлемнің төрт бұрышын араладым,
Палуанның неше түрін жараладым.
Жүрегімді жылытқан қызуы мол,
Туған жердей жерді таба алмадым – деген Қажымұқанның өлең жолдарынан-ақ, оның туған жерге, елге деген ыстық ықыласын байқауға болады. Ол көзі тірісінде қажы атанып, мұсылмандық парызын өтеп, ел арасында науқас жандарды түкіріп емдеп алатын әулиелік қасиеті бар-тын. Тіпті, өзінің өмірден озатынын 9 күн бұрын білген деген дерек бар. Өзінің туыстарын, халқын жинап алдын-ала айтып, қоштасқан. Халық жадында Қажымұқан Мұңайтпасұлы өмірдегі күресте де, өнердегі күресте де адалдықтан аттамаған азамат ретінде қалған.
Ұлы палуанның ізімен
Әлемді мойындатқан алып күш иесінің жолын қуып, бүгінде спорт саласында көптеген жетістіктерге жетіп келе жатқан талантты спортшыларымыз да аз емес. Солардың бірі — өңіріміздің, ауданымыздың абыройын асқақтатып жүрген дзюдодан талай шәкірт дайындап жүрген бапкер Рамиль Абдрахманов пен оның шәкірті Санжар Жұмағазин.
Рамиль Абдрахманов — Алға ауданы, Маржанбұлақ ауылдық округі, Қарағандысай ауылының тумасы. Ол Семей қаласындағы Әлихан бөкейхан атындағы университетте «Дене шынықтыру және спорт» мамандығы бойынша жоғары білім алған. Ол – Қазақ күресінен ҚР спорт шеберіне үміткер, дзюдо, самбо және қазақ күресінен Ақтөбе облысының, республикалық турнирлердің жеңімпазы. Бүгінгі таңда Алға балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің дзюдо күресінен жаттықтырушы және Маржанбұлақ аула клубында қазақ күресінен қосымша білім беру педагогы болып жұмыс жасап, шәкірттерін спортқа баулуда. Шәкірттерінің көпшілігі республикалық, облыстық, клубаралық турнирлердің жеңімпаздары мен жүлдегерлері. Қазіргі кезде Рамиль Абдрахмановтың дайындаған 5 шәкірті ҚР спорт шеберіне үміткер атанды. Тынымсыз еңбек пен табандылық жаттықтырушыға аса бір үлкен күш пен сенім береді. Себебі, спортта ең бірінші керегі – тәртіп пен шыдамдылық. Ол екеуі болса, көптеген жеңістер сенің қолыңда дей бер. Жаттықтырушының айтуы бойынша, шәкірттерінің барлығы дерлік қазақ күресі мен дзюдо десе ішкен асын жерге қоятын, ерекше ықылас танытатын, көкірегі ояу жас жеткіншектер. Олардан үлкен үміт күтіп отырғанын да жасырмады. Сол шәкірттерінің ішінен оза шапқаны – Санжар Жұмағазин. Санжар – Қазақ күресінен ҚР чемпионатының күміс жүлдегері, дзюдо және қазақ күресінен Ақтөбе облысының жеңімпазы, самбо күресінен Ақтөбе облысының қола жүлдегері. Ол 2012 жылы 12 қаңтарда дүниеге келген. Маржанбұлақ ауылының тұрғыны.
Рамиль Абдрахманов, жаттықтырушы: « — Санжардың бойында нағыз спортшының бойында болу керек қасиеттердің барлығы бар десем қателеспеймін. Себебі, әрбір жеткен жетістігі оның бойынан табылған қасиеттерге тікелей байланысты. Ол жауапкершілігі жоғары, салқынқанды, шыдамды, сабырлы, алдына қойған мақсатына қалай да жететін жігіт. Санжар шәкіртімнің келешегінен зор үміт күтемін. Алар асулары көп болсын демекпін» — деді.
Алып күш иесінің жолын жалғастырушы спортшыларымыз әлі талай додаларда топ жарып, ауданымыздың, туған еліміздің атын шығарады деген сенімдеміз. Оларға жеңіске жету жолында сәттілік пен төзімділік тілейміз.
Қажымұқан Мұңайтпасұлының антропометриялық өлшемдері:
Бойы – 195 см
Салмағы – 139 кг
Мойны – 56 см
Бицепстері – 47 см
Кеудесі – 146 см
Аяқ киім өлшемі — 54
Марал ЖАЛҒАСҚЫЗЫ