Ауылдың үні – елдің үміті: екі көрме, бір мақсат

 Жергілікті кәсіпкерлер – өңір экономикасының тірегі, ел дамуының қозғаушы күші. Ақтөбе өңірінде шілде айының алғашқы күндері ауыл кәсіпкерлері үшін нағыз мерекеге айналды. Бір күнде өткен екі ірі көрме-байқау – «Бір ауыл – бір өнім» және «Қазақстанның үздік тауары» шаралары ауылдан шыққан өнімнің де, оны өндіруші еңбек адамдарының да лайықты бағаланатынын тағы бір мәрте дәлелдеді.

 Ақтөбеде өткен облыстық екі бірдей өңірлік көрмеде ауыл кәсіпкерлерінің өнімдері ел назарына ұсынылып, көпшіліктің жоғары бағасына ие болды. Қарапайым ғана ауыл тұрғындарының еңбегінен туған табиғи сүт өнімдері, қолөнер бұйымдары, экологиялық таза тағамдар мен ұлттық дүниелер – бәрі де бүгінгі ауылдың жаңарған бейнесін, жаңашыл ойдың өрісін айғақтайды.

Алға ауданының кәсіпкерлері қос көрмеде де белсенділік танытып, ауылдың әлеуетін аймақ деңгейінде паш етті. Бұл – жай жетістік емес, тұтас ауданның беделін өсірген нәтижелі еңбек.

11 шілде күні Ақтөбе қаласында өткен «Бір ауыл – бір өнім» атты үшінші өңірлік көрме – байқау осындай еңбектің, ізденістің, табандылықтың мерекесіне айналды. Бұл жолы да Алға аудандық «Жұлдыз-Звезда» газеті жергілікті кәсіпкерлермен бірге көрмеге қатысып, ауылдың тынысын, кәсіптің тамырын, өнімнің бағасын көзбен көріп, көңілмен түйіп қайтты. Ел ішіндегі еңбекқор жандардың жетістігі – тілші қаламына, оқырман назарына әбден лайық.

Көрменің ашылу салтанатында Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров, «Атамекен» Кәсіпкерлер палатасының директоры Дидар Боранқұлов, мемлекеттік органдар мен бизнес қауымдастық өкілдері сөз сөйлеп, отандық өнім мен ауыл кәсіпкерлігін дамыту жайлы нақты деректер мен жоспарларды жария етті.

  • — «Мемлекет басшысы отандық өндіріске қолдау білдіріп, қазақстандық тауар өндірушілерге жағдай жасауды үнемі алға тартады. Биылғы 5 айда облыстың өнеркәсіп өнім көлемі 1 155,3 млрд теңгені құрады, бұл 102,6% өсім. Соңғы үш жылда өңдеу секторы 34%-дан 41%-ға өсті. Бұл – өңірдің шикізатқа тәуелділіктен арылу жолындағы сенімді қадамы. Кәсіпкерлікке жол ашық, біз әрдайым қолдауға дайынбыз,» – деді облыс әкімі Асхат Шахаров өз сөзінде.

Көрме барысында жаңа серіктестік байланыстар орнап, кәсіпкерлер арасында тәжірибе алмасу, өнімді нарыққа шығару жолдары кеңінен талқыланды.

Құлпынаймен көрік берген – Болгарка!

Көрмеге Ақтөбе облысының аудандарынан 50-ден астам кәсіпкер жиналды. Олардың қатарында Болгарка ауылынан келген Мырзағұл Жасмир Ондасынұлы ерекше көзге түсті. Жасмирдің жергілікті топырақ пен климатқа бейімделген құлпынай өнімі, бұдан бөлек кәсіпкердің жемістерді сублимациялау әдісі көрме төрінен орын алып, үздік ондыққа енді. Бұл – тек Жасмирдің емес, тұтас Алға ауданының абыройы. Өйткені ауыл кәсіпкері аудан атын облыс деңгейінде таныта білді.

Бүгінгі ауыл кәсіпкерлері тек өнім өндірумен шектелмейді. Олар — ізденеді, оқиды, жаңашылдыққа ұмтылады. Жасмир де жақында өткен өңірлік көрме-байқауда өз өнімін ұсынып қана қоймай, болашақ жоспары жайында да шынайы ойымен бөлісті.

Кәсіпкер көрменің әділқазы алқасына бүгінде құлпынайды сублимациялау әдісін үйреніп жүргенін ашық айтты. Бұл — ауылдағы қарапайым кәсіптің ғылыммен үндескен жаңа сатысы. Жасмирдің сөзі – құр арман емес, нақты жоспар, көздеген межеге жасалған саналы қадам.

– Егер грантты жеңіп алсам, алдымен осы сублимациялық кептіргіш құрылғыны сатып алмақпын. Өйткені бұл – өнімді ұзақ сақтаудың, сапасын жоғалтпай нарыққа шығарудың тиімді жолы, – деді ол.

Сублимация – бұл өнімді төмен температурада кептіріп, ішіндегі ылғалды жою арқылы оның дәмі мен дәруменін сақтап қалатын заманауи технология. Мұндай әдіспен өңделген құлпынай мен өзге де жемістер экологиялық тазалығы, ұзақ сақталуы және қоректік құндылығының жоғалмауы жағынан жоғары бағаланады.

Көрмеде ұсынылған құлпынай – бүгінгі табыс, ал сублимация – ертеңгі жетістікке бастар жол. Бұл — ауыл кәсіпкерінің тек жермен емес, біліммен де жұмыс істеп жүргенінің айқын көрінісі. Жасмирдің жолы — өзгелерге үлгі, болашаққа үміт!

Ауыл – бренд жасаудың қайнар көзі

Ауыл тіршілігі – табиғатпен біте қайнасқан, тарихпен тамырлас тіршілік. Бұл көрмеде осы дәстүр мен жаңашылдықтың тамаша үндестігі байқалды. Атап айтқанда, Ақай ауылынан Сарбаева Гүлжазира Орынғалиқызы ұлттық сүт өнімдерін ұсынып, тұтынушылардың ыстық ықыласына бөленді. Оның қымыз, шұбат, сүзбе, құрт секілді табиғи өнімдері – ауылдағы аналардың қолынан шыққан, сапасы тілмен емес, дәммен сөйлейтін азықтар.

Сарықобда ауылынан Сұлтанов Нұрум Амангелдиевич әкелген ат әбзелдері мен қамшылары көрменің сәніне айналды. Қазақтың болмысын сақтап, ұлттық өнерді кәсіпке айналдыра білген шебердің жұмысы – бүгінгі ұрпаққа өнеге.

Ал Қарабұлақ ауылынан Көбегенова Айман Бауыржанқызы жасаған табиғи сабындар мен гипстен құйылған бұйымдар экологиялық тазалығы және эстетикалық көркемдігімен жұрт назарын аудартты. Айманның өнімдері тек ауыл емес, қала нарығында да сұранысқа ие бола алатын сапада екенін көрме тағы бір дәлелдеді. Кәсіпкер, бүгінде мұндай тауардың сұранысқа ие екенін айта келе, тойбастарға тапсырыс қабылдайтынын айтты.

Көрме соңында қатысушыларға «Атамекен» Кәсіпкерлер палатасы атынан «Алғыс хаттар» мен естелік сыйлықтар табысталды. Бұл – жай ғана марапат емес, ауыл кәсіпкерлерінің еңбегіне берілген баға.

Сапа мен серпінділік сынға түскен сәт

 Дәл осы күні өткен тағы бір маңызды шара – «Қазақстанның үздік тауары» байқау-көрмесі де алғалық кәсіпкерлер үшін үлкен мүмкіндікке айналды. Он жылдан бері өткізіліп келе жатқан бұл байқауда биыл 30-дан астам кәсіпкер бақ сынады. Солардың қатарында Алға ауданының кәсіпкерлері де болды.

  • Арайлым Жайлаубаева – шағын цехта қаптама плитка шығарып, өндірісті кеңейтуге кірісті. Жаңа жұмыс орындарын ашып, өндіріс көлемін төрт есеге дейін арттыруды жоспарлап отыр.
  • Жасұлан Бекіш – «АқтөбеВерм» кооперативі арқылы биогумус пен экологиялық таза тыңайтқыштар өндіреді. Көп ұзамай «Ақтөбе Органик» жобасын іске қоспақ.
  • Амирхан Избасканов – Алға қаласындағы төрт цехта гипс, бетон және термопанельдер шығарады. Ол қазіргі өндірісті ірі ауқымға шығару үшін 10 млн теңге инвестиция тартуға ниетті.

Кәсіпкерлерге Атамекен палатасы атынан «Алғыс хаттар» мен теледидарлар табысталды. Бұл – еңбектің ескерілгенінің, кәсіптің ел алдындағы маңыздылығының белгісі.

Бүгінгі таңда өңірде кәсіпкерлікке, ауыл шаруашылығына, шағын және орта бизнесті дамытуға бағытталған жүйелі жұмыс жүріп жатыр. Инфрақұрылым жаңарып, инвестициялық ахуал жақсарып келеді  «Бір ауыл – бір өнім», «Қазақстанның үздік тауары» сынды жобалар ауыл брендіне жол ашып, ауылдағы ағайынға жаңа мүмкіндік сыйлап отыр.

P.S.: Алғалық кәсіпкерлердің Ақтөбедегі көрмеде көрсеткен белсенділігі мен бірегей өнімдері – өңірдің экономикалық қуатының, ауыл тұрғындарының еңбекқорлығының көрінісі.

Бүгін – көрме. Ертең – тұрақты нарық. Бүгін – өнім. Ертең – бренд. Осы бағыттағы қадамдар нық болса, ауыл келешегі жарқын болмақ!

 

 Мадина ТАЖИБЕКОВА