Асыл қазынаның ардагері – Роза Байманқызы

 Ауданымыздың мәдениет саласының, соның ішінде кітапхана саласының дамуына зор үлес қосқан құрметті ардагеріміз Утешева Роза Байманқызының есімі Алға жұртшылығына таныс. Ұлтжанды, қайсар мінезді, білімді, өз ісінің нағыз маманы, кітапхана ісінің майталманының өмір жолы туралы көпшілік оқырман назарына ұсынбақпыз.

Утешева Роза Байманқызы 1941 жылы 1 қаңтарда (бұрынғы Ключевой) қазіргі Алға ауданы, Тас карьер деген жерде дүниеге есігін ашқан. Ал, кейіпкеріміздің өскен жері осы Алға ауданының Жарықкүн деген колхозы болатын. Роза апайдың айтуы бойынша өзінің ата-анасы Алғадағы химзауыты салынып басталғаннан сол жерде аянбай еңбек еткен жандар болған. Балалық шағы Елек өзенінің бойында еш алаңсыз, шат-шадыман күйде өтеді. Олар өскен Елек өзенінің арнасы кең, суы мөлдір, таза болатын. 1952 жылы 5 колхозды біріктіріп, Тамдыға қосқан. Сол бес колхоздың біреуінде, яғни Новоукраинкада тұрған. Роза Байманқызы бастауыш класты Жарықкүн ауылында аяқтап, 5,6,7 класты Алға қаласына келіп оқып жалғастырады. Ауылдан келген жас жеткіншек қыз орыс тілін білмей, біраз қиналады. Тіпті 7 класты аяқтаған соң, орыс тілін білмегендіктен қайтадан екінші жылға қалып қояды. 7 класты өз Тамды ауылында қайта оқып, 8 класты Алғадан бітіріп шығады. 1957 жылы арман қуып Ақтөбе қаласына келіп, Ақтөбе мәдениет-ағарту училищесіне «Кітапханашы» мамандығына оқуға түсіп, 1960 жылы тәмамдайды. Оқуды аяқтап өз ауылына барып, кітапханашы болып жұмысқа орналасады. Бірақ, белгілі бір себептерге байланысты ол жерде ұзақ тұрақтамайды. Біраз уақыт жұмыссыз отырып қалады. Бір күні Роза апайға нағашысы хабарласып, жұмысқа шақырады. Ал, нағашысы алғадағы әскери бөлімде қызмет ететін. Әскери бөлімдегі кітапханаға орналастырады. Көп ұзамай нағашысы Қарағандыға жоғары оқу орнына оқуға кетіп қалған соң, Роза апай да ол жерден кетіп қалады. Сол кездегі мәдениет бөлімінің, аудан басшыларына барып жас маман жұмыс сұрайды. Сөйтіп, автоклубқа жұмысқа тұрады. Ол кездегі автоклуб дегеніміз, елдімекендерді аралап, концерт қойып, кино көрсетіп, түрлі мәдение іс-шаралар ұйымдастырады.

Алға қаласындағы орталық кітапханадан сол уақыттарда МБА (Между библиотечный абонемент) деп аталатын бөлім ашылып, кітапханаға жұмысқа ауысады. Бұл бөлімнің жұмысы басқа елдердің және басқа облыстың кітапханаларымен тығыз байланысты болатын. Роза Байманқызы келген оқырманының сұраған кітабы болмаған жағдайда Мәскеуге, Ленинградқа, Ақтөбеге, Алматыға сұраныс жіберіп, тауып беріп отырған. Сонымен қатар сол замандарда кітапханада Бірыңғай қор (Единый фонд)  деген бөлім ашылып, сол бөлімде де жұмыс жасайды.  Яғни, кітапханаға 1 экземпляр ғана құнды кітап келіп түседі. Бағасымен де, ішіндегі мазмұнымен де құнды кітаптарды сары майдай сақтап, оқырмандарға ұсынатын болған.

1988 жылдан бастап Роза  Байманқызын сол кездегі саяси жағдайларға байланысты жасырын дауыспен Алға аудандық орталық кітапханасына директор етіп сайлайды. Содан 1996 жылға дейін аталмыш кітапханаға абыроймен басшылық етіп, зейнетке шығады. Кітапхана қызметінен бөлек Роза апай мәдениет бөліміндегі кәсіподақ төрайымы, депутат, тәлімгер-тәрбиеші сияқты жауапты қызметтерді мүдірмей атқарған жауапкершілігі жоғары, ұйымдастырушылық қабілеті зор маман иесі болған. Кейіпкеріміз өз естеліктерінде өзімен қатар еңбек еткен нағыз өз ісінің мамандары, білікті, жұмыстарына берілген кітапханашылардың бар екендігін айтқан болатын. Олар – Мәрия Жұмағазина, Қатира Тасқынбаева, Жамаш Әділшынова, Гүлсім Аманқұлқызы,  Гүлпатша Әбдіхалыққызы, Ақшолпан Әбдіхалыққызы, Майра Оңашева т.б.

Бар өмірін кітапхана саласына арнаған ардагер кітапханашы мамандығы туралы былай дейді:

« — Кітапханашы – бұл ұлы мамандық. Ең таза, қасиетті, жоғалмайтын мамандық дер едім. Себебі, кітапханашы болу кез келген адамның қолынан келе бермейді. Қазіргі кітапхана мен бұрынғы кітапхананы салыстыруға келмейді. Бұрын біздің кезіміздегі кітапханаларда оқырмандар кітапқа өте құштар еді, тіпті кезек қойып оқитын. Ал, қазір шындығын айту керек, кітап оқитындардың қатары өте сирек. Балалар да кітап оқымайды. Мысалы, орыс, қазақ классиктерінің аты-жөнін айтып бастасаң, кейбірі тіпті танымай, білмей жатады. Бұл дұрыс нәрсе емес. «Кітап-білім бұлағы» деп бекер айтпаған. Сондықтан, әрбір жанды кітап оқуға шақырамын, себебі артық білім кітапта екенін ешқашан естен шығармаған жөн. Бұрындары кітапханаға, кітапханашыларға көңіл бөлінбейтін. Жалақымыз да аз болды. Бірақ, соған қарамастан біздер әріптестерімізбен жанымызды салып еңбек ететінбіз. Кітапханашылардың көзге көрінбейтін жұмысы бағаланып, соңғы уақыттарда елімізде арнайы кәсіби мереке аталып өтілетіндігі, жалақыларының өсуі жүрекке қуаныш ұялатады. Барша әріптестерімді, ізбасарларымды кәсіби мерекелерімен шын жүректен құттықтаймын! Еңбектеріңізге жеміс, отбасыларыңызға амандық, дендеріңізге саулық, шығармашылық табыстар тілеймін!».

Роза Байманқызы ұлты десе жанын беретін жан. Оны өзінің айтқан естеліктерінен байқадық. Сонау 80 жылдары болған саяси жағдайлар кезінде әрқашан өз ұлтының нағыз жанашыры ретінде кейінге шегінбеген, сөз таластырудан қашпаған, қазақ халқының намысы үшін күресуге дайын болған.

Ол 1966 жылы отбасын құрып, жолдасы екеуі екі ұл тәрбиелеп, өсірген. Бүгінде сол балаларынан үш немере, үш шөбере сүйіп отырған аяулы ана, көрегенді ене, сүйікті әже, бір сөзбен айтқанда әулеттің сәні, ұйытқысы. Балаларының барлығы білім алып, еңбек етіп, кәсіптерін дөңгелетуде. Биыл Роза апайдың кіші немересі қасиетті Мекке қаласына әжесін апарып, қажылық сапарын жасауға толық жағдай жасаған.

Өмірлік жары Серғазиев Мамай Нәбешұлы 1990 жылы дүние салған. Кейіпкеріміздің айтуы бойынша өте білімді, жақсы, қайырымды кісі болған. Алға химзауытында бас инженер болып қызмет еткен. Бүгінде өнегелі отбасынан тараған ұрпақ қоғамға пайдаларын тигізіп, адал қызмет ету үстінде. Ерекше құрметке ие, беделді жан Роза Байманқызының өмір жолы көпшілікке үлгі болары анық.

Гүлпатша Әбдіхалыққызы, әріптесі, шәкірті:

« — Роза Байманқызымен мен Алға қаласындағы аудандық орталық кітапханасында біраз жыл бірге жұмыс жасадым. Ол кісі біздің басшымыз, әрі ұстазымыз, ақылшымыз болды. Кітапханада қызмет етіп жүрген жылдары Роза апайдың ізденімпаздығына таң қалатынбыз. Ол замандарда кейбір кітаптарды табу қиынға соғатын, ал ол кісі оқырманның тілегін орындауға әрдайым асық болып, іздеген кітаптарын сонау Мәскеу, Ленинградтағы атақты кітапханалардан сұраныс арқылы алдыртатын еді.  Роза Байманқызы ешқашан өзін мен басшымын деп жоғары санаған жоқ, әрдайым қарапайым жан болып қалды. Сенбіліктерге шыққанымызда бізбен бірге білек сыбана кірісіп кететін. Кітапхананың ішіндегі, сыртындағы кез келген жұмысқа араласып жүрді. Адамгершілік қасиеті өте жоғары адам. Роза Баймановна бізге тек жұмыста ғана бағыт-бағдар көрсеткен жоқ, сонымен бірге өмірде де жақсы сырлас, дос бола білді. Мен тіпті, әлі есімде Роза апай зейнетке шығарда кітапханада мен де жұмыс жасай алмаймын деп жұмыстан шығып кеткен болатынмын. Бұл әрекетім әрі ұстаз, әрі жақын әріптес бола білген жанға деген ерекше ықыласым деп білемін. Роза Байманқызына зор денсаулық, отбасына амандық, ұзақ ғұмыр тілеймін!»

  Ақшолпан Әбдіхалыққызы, әріптесі, шәкірті:

« — Роза Байманқызы туралы көп нәрсе айтуға болады. Ол кісі ұлтжанды, өз туған елін, жерін шын сүйе білетін, абзал ана. Біздер сол кісінің шәкірті болғанымызды мақтан етеміз. Роза апай — шыншыл, әрбір нәрсеге байыппен қарайтын қамқор жан. Ол өзі Алға қаласындағы аудандық орталық кітапханаға оқуды жаңа аяқтап келген жас мамандарға қолдау білдіріп, көтермелеп отырды. Оларға көмек көрсетуден жалықпайтын. Өмірге деген көзқарастарының дұрыс қалыптасуына, жұмысқа деген ынта-жігерін арттыруға көп еңбек сіңірді. Кітапханадағы іс-шаралардың қазақ тілінде өтуін қатаң қадағалап, бізден талап етті. Қазақ тілінің мәртебесінің асқақ болуына көп үлес қосты, өз халқын қорғай білді. Бұндай әрекет көп адамның қолынан келе бермейді. Роза апай біз үшін қашан да биік тұлға болып қалары сөзсіз. Сол кісінің салған сара жолымен бүгінде кітапхана саласында абыроймен еңбек етіп, халықтың алғысына бөленіп жүрміз. Одан артық бізге ештеңенің керегі де жоқ. Кітапхана саласының нағыз майталманы, ұстазымыз Роза Байманқызына шын жүректен алғысымды білдіре отырып, деніне саулық, отбасына құт-береке, әдемі қарттық шақ тілеймін!»

Марал ЖАЛҒАСҚЫЗЫ