Шәкіртін шыңға жетелеген шебер ұстаз

   Әрбір елдің рухани қазынасын қалыптастыратын, жас ұрпақтың бойына ұлттық болмысты сіңіретін ұстаздар қауымының орны қашан да бөлек. Әсіресе, сөз құдіретін терең түсініп, тілдің мәйегін, әдебиеттің нәрін шәкіртке дарытатын қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдері – ұлттың ұстыны іспетті. Осы тұста ұстаздар күні мерекесі қарсаңында газет бетінде ауданымыздағы елге сыйлы мұғалімдерді жұртшылыққа таныстыруды дәстүрге айналдырып келеміз. Бүгінгі кейіпкеріміз ұрпаққа берген тәлім-тәрбиесімен, әріптестер арасындағы сыйластығымен, салт-дәстүр мен ұлттық құндылықтарға деген құрмет сезімімен көпке үлгі болған ұлағатты ұстаз Сұлушаш Қыдырбайқызы Шудабаева.

Сұлушаш апайдың туған жері Байғанин ауданының топырағы. Мектепті бітірген соң Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетінде 1993-1997 жылдары білім алады. Арманын арқалап шыққан жас маман 1997 жылдан бастап №3 Алға қазақ орта мектебінде шәкірт тәрбиелеу ісіне кірісіп, жиырма жылдан астам уақытын осы қара шаңыраққа арнайды. Кейін, 2018 жылдан бастап бүгінге дейін Алға мектеп-гимназиясында ұстаздық қызметін жалғастырып келеді.

Ұстаздың қажырлы еңбегі елеусіз қалған жоқ. Ол – облыстық кәсіподақ ұйымының «Өз ісінің шебері» марапатының иегері, Ақтөбе облысының білім басқармасының «Құрмет грамотасымен» марапатталған тәжірибелі педагог. Сондай-ақ, Білім және ғылым министрлігінің «Құрмет грамотасы» да Сұлушаш Қыдырбайқызының білім саласына қосқан үлесінің нақты айғағы. Сонымен қатар облыстық «Үздік қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі» атағымен қоса оған берілген 100 мың теңгелік сыйақы да ұстаздың биік кәсіби деңгейін айқындайды.

Әрбір ұстаздың ең үлкен жетістігі — шәкіртінің биіктен көрінуі. Осы тұста Сұлушаш Қыдырбайқызы шәкірттерін үнемі жетістікке жетелеп келеді. Бүгінде ұстазының тәлім-тәрбиесін алған жас өрендердің қанаты қатайып, түрлі деңгейдегі байқауларда топ жарып жүргені оның қажырлы еңбегінің айқын дәлелі.

Соның ішінде шәкірті Сарбасова Аида талай сайыстарда дараланып үлгерді. Ол облыстық «Мұхтардың өзі де үлгі, өмірі де» эссе байқауында «Бас жүлдені» жеңіп алды. Тағы бір мәрте облыстық «Ақберен» байқауында III дәрежелі дипломға ие болды. Шәкірттің шыңдалған қадамы республикалық деңгейде де көрінді. Аида «Шығармашылық әлемі» фестиваль-байқауында I дәрежелі диплом иегері атанып, ұстазының үмітін ақтады.

Ал ізденімпаз шәкірт Силиханова Алия ғылыми бағытта өз қабілетін танытып, облыстық ғылыми жоба байқауында «Р.Сыздықова мұрасының маңыздылығы» тақырыбымен III дәрежелі дипломды жеңіп алды.

Ұстазының үмітін ақтаған Абдукаримов Абдусамат қазақ поэзиясына ерекше ынта танытып, ұлы ақынның мерейтойына арналған «Абай өлеңдері» жыр-байқауында I дәрежелі дипломға ие болды.

Жас дарын Сағадатова Айым да бірнеше мәрте үздік атанды. Ол облыстық «Ақберен» байқауында II дәрежелі дипломмен марапатталды. Сонымен қатар, «Ділмар» шешендік байқауында I орын, «Жұбановтар әлемі» шығармашылық байқауында I орын, республикалық «Асыл қазына» байқауында тағы да I орын иеленіп, ұстаз еңбегінің жемісін көрсете білді.

Ал Келіс Аяжан тіл бәсекесінде топ жарып, «Жарқын болашақ» облыстық қазақ тілі олимпиадасында II орын иегері атанды.

Бұл жетістіктердің әрқайсысы – ұстаздың төккен маңдай терінің, шәкірт жүрегіне сіңірген сенім мен білімнің жемісі. Әрбір марапат — Сұлушаш Қыдырбайқызының еңбегіне қойылған лайықты баға деп білеміз. Бұл сайыстарда жүлдегер атанған шәкірттердің әрбір жетістігінің артында Сұлушаш апайдың ізденісі мен бағыт-бағдары жатыр.

Қазақтың ұлы ойшылы Абай: «Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» деген. Сұлушаш Қыдырбайқызы дәл осы қағиданы өмірлік ұстаным етіп, бар күш-жігерін жас ұрпақтың таным көкжиегін кеңейтуге жұмсап келеді. Бүгінде ол қазақ тілі мен әдебиеті бірлестігінің, «Таным» драма үйірмесінің жетекшісі ретінде жасөспірімдердің бойына өнер мен өрелі ойды сіңіруде.

Сұлушаш апайдың шәкірттері бүгінде әртүрлі салада еңбек етіп жүр. Десекте ұстазының жолын қуып, тіл маманы атанғандар да аз емес. Олардың арасында ауданымызда еңбек етіп жүрген мұғалімдер де бар. Абдухамитов Шыңғыс, Советов Ерлан, Силиханова Алия, Амангелді Ақарыс, Жетесова Дариға — қазақ тілі пәні мұғалімдері, Жаңабаева Ақбота — журналист. Бұл – ұстаздың өлшеусіз еңбегінің, шәкірт жүрегінде қалдырған ізі мен тағылымының көрінісі.

Отбасында да Сұлушаш апай – ардақты ана, асыл жар. Жолдасы Русланбек – еңбекқор жан, шаңырақтың тірегі. Үш баласының әрқайсысы ата-ана тәрбиесінің жемісін көрсетіп жүр: Ақтілек – Ақтөбе медицина академиясында резидентура студенті, Дана – Италиядағы «Tor Vergata» мемлекеттік университетінде магистратурада оқиды, ал ұлы Алихан – Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінде энергетика мамандығы бойынша білім алып жатыр.

28 жылда ұстаз әр күнін зая кетірмей, әр сәтін елдің болашағын тәрбиелеуге арнады. Ол үшін уақыт – тек өлшеулі мерзім емес, жас ұрпақтың жүрегінде із қалдырудың аманаты.

  Шәкірт тәрбиелеу жолына бар өмірін арнаған Сұлушаш Қыдырбайқызындай ардақты ұстазға тек ризашылық пен құрмет қана лайық. Бүгінгі шәкіртінің табысы – ертеңгі елдің бақыты екенін жүрегімен сезініп, әр күнін ізгілікке, әр сәтін білім мен тәрбиенің шамшырағын жағуға арнаған абзал жанға мың алғыс.

Ұстаздар мерекесі қарсаңында Сұлушаш апайға зор денсаулық, отбасына амандық, еңбегіне береке тілейміз. Шәкірттеріңіз еңбегіңіздің мәңгілік жалғасы болып, әрдайым биіктерден көріне берсін!

 Мадина ТАЖИБЕКОВА