«Музей түні – 2026»: Ақтөбеде тарих, өнер және технология тоғысқан ерекше мәдени кеш өтеді
18 мамыр – Халықаралық музейлер күніне орай Ақтөбе музейлері тұрғындар мен қала қонақтарына арналған ауқымды «Музей түні – 2026» акциясын өткізеді. Бұл мәдени кеш тарихи таным, ұлттық өнер, заманауи технология және шығармашылықты тоғыстырған ерекше форматымен ерекшеленбек.
«Музей түні» – әлемнің көптеген елдерінде дәстүрге айналған мәдени акция. Оның негізгі мақсаты – музейлердің қоғам өміріндегі маңызын арттыру, тарихи-мәдени мұраны кеңінен насихаттау және келушілерге музей кеңістігін жаңа қырынан таныту. Биылғы бағдарлама да мазмұнға бай әрі көпшілікке арналған интерактивті жобалармен толыққан.
Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейінде өтетін шара ұлттық дәстүр мен танымдық ойындарға негізделген. Қонақтарға қыш құмыра жасау, этноәшекей бұйымдарын әзірлеу, ат ерттеу және сурет салу бойынша шеберлік сағаттары ұсынылады. Сонымен қатар қазақ жеріндегі жәрмеңке көріністері, балаларға арналған театрландырылған қойылымдар, шырақ жарығындағы экскурсиялар, «Ғарышқа саяхат» және «Жас археолог» ойындары ұйымдастырылады. Кеш барысында спорттық бағдарламалар да назардан тыс қалмайды. Келушілер каратэ-додан әлем чемпионы Әшім Қалидың шеберлік тәсілдерімен танысып, «Алтын жебе» садақ ату ойынына қатысып, бағалы сыйлықтар ұтып алу мүмкіндігіне ие болады.
Ал Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың облыстық мемориалды музейіндегі «Музей түні» патриоттық рух пен тарихи жадыны жаңғыртуға бағытталған. Музей аумағында «Жауынгерлік бауырластық» қоғамдық қорының арнайы инсталляциясы қойылып, іздестіру жұмыстары мен далалық жабдықтардың ерекшеліктері таныстырылады. Сондай-ақ келушілерге әскери шатыр атмосферасы ұсынылып, онда ретро телефондар көрмесі мен фотозона ұйымдастырылады. Патриоттық әндер караоке форматында орындалып, баян сүйемелдеуімен кештің рухани мазмұны тереңдей түседі. Музей ішінде робототехника көрмесі де ашылып, тарихи кеңістік пен заманауи технология үндестігі көрініс табады. Арнайы бөлімдерде Әлия Молдағұлованың өмірі мен ерлігі насихатталып, деректі және көркем фильмдер көрсетіледі.
Ақтөбе облыстық өнер музейі келушілерді ерекше визуалды әрі интерактивті өнер әлеміне жетелейді. Музейдің кіреберісі ұлттық нақыштағы «Өнерге апарар жол» дәлізімен безендіріліп, қолөнер шеберлерінің тікелей жұмыс процесі көрсетіледі. Бағдарлама аясында кәсіби суретшілердің live art форматындағы жұмыстары, қолөнер сабақтары, жас дизайнер Айдана Жылқаманованың алғашқы дербес көрмесі мен ұлттық стильдегі костюмдер көрсетілімі өтеді.
Кештің ең қызықты бөліктерінің бірі – жасанды интеллект пен проекциялық технологиялар арқылы жүзеге асатын «Жанданған картиналар» интерактивті кеңістігі. Мұнда картиналар қозғалысқа еніп, келушілерге өзін өнер туындысының ішінде жүргендей сезінуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар «Қозғалыстағы өнер» мультимедиялық инсталляциясы, сюрреализм бағытындағы көрмелер, қорқыныштар әлеміне арналған ерекше макеттер және «Өнерді тап!» музейлік квест ойыны ұйымдастырылады.
Биылғы «Музей түні» акциясының ерекшелігі – дәстүрлі музей экспозициялары мен жаңа технологиялардың үйлесім табуы. Ұлттық мәдениет, тарихи сана, патриоттық тәрбие және заманауи өнер бір кеңістікте тоғысып, келушілерге ерекше әсер сыйламақ.
18 мамыр күні кешкі сағат 19:00-ден түнгі 00:00-ге дейін өтетін бұл мәдени шаралар Ақтөбе тұрғындары мен қонақтарына тарихпен жүздесіп, өнермен үндесіп, мазмұнды демалыс өткізуге мүмкіндік береді.